Кенебаев Темірбек Оңалбайүлы

  • Фото ветерана: Кенебаев Темірбек Оңалбайүлы
    Кенебаев Темірбек Оңалбайүлы

ЖАРАЛЫ ЖЫЛДАР ЖАЗБАСЫ

Кенебаев Темірбек Оңалбайүлы (1921-1996) 2 дүние жүзілік соғыс ардагері естелік – жазбасынан.

Мен 1940 жылы әскерге алындым. Әскери қызметімді Новосибирск қаласындағы округте атқарып жүрдім. Келесі жылы жазда соғыс басталды деген суық хабар естідік. Округ әскерлерін дереу соғысқа аттандырды. Смоленск қаласына қарай бағыт алдық. Сөйтсек қала жау қолында қалған екен. Жеткен жерімізге дейін барып бекініп алдық. Күндіз-түні тыныштық жоқ. Неміс ұшақтарымен ұшып келіп бомбылап, зеңбіректерімен атқылап, окоптан бас көтерткізбейді. Жарылған снаряд, ысқырған оқ. Өлгендер мен жаралылар көбейе бастады. Осылайша жау шабуылына үш ай шыдадық. Тамақ таусылуға айналған, байланыс үзілген.

Қазан айының соңында кейін шегінуге бұйрық берілді. Автокөліктер қираған, қару-жарақ шашылған. Жолға түсіп, жаяу-жалпы шұбырып келеміз. Әр түрлі бөлімшелерден қосылып, ағылғын солдаттар жолға сыймай кеткен. Өлгендер өліп, жараланғандар жолда қалып жатты. Әркім бас сауғалап кетті. Бір-біріне қарап жатқан адам жоқ. Өте қорқынышты әрі аянышты көрініс. Өзім шұбырған солдаттармен бірге әйтеуір Вязьма қаласынан өтіп, өлдік-талдық дегенде Мәскеу түбіне жеттік. Бізді бұл жерде қайтадан топтастырып, бөлек бөлімше құрастырып, Калинин облысына жіберді. Бір топ солдат маңызды бекет саналған көпірде қарауыл болып тұрдық.

1942 жылы қайтадан соғысқа кірдік. Сол жылдың күзінде Белоруссия жерінде күшті шайқас болды. Осы ұрыста мен қатты жараландым. Снарядтың жарықшағы сол аяғымның үш саусағын жұлып кетті. Қарнымнан оқ тиіп, омыртқамның жанынан тесіп шыққан. Одан желкемнен және сол қолымның астынан жарықшақ тиген. Есімнен танып, қансырап жатып қалыппын. Қанша уақыт өткені белгісіз, дабырлаған дауыстар естілді. Қозғалуға шамам жоқ, үсті-басымның бәрі қан. Сөйлеп жүргендер немістер екен. Нәсілкеге салып, мәшинеге тиеп жатқанын еміс-еміс сеземін. Мәшине ұзақ жүрген сияқты. Сөйтсек, жаралыларды тиеген көлік Варшава қаласына келіпті. Осында бәріміздің жарамызды таңып берді.

Одан кейін поезға тиеп, Котовице қаласына бес-алты шақырым жердегі көмір шахтасының емханасына жатқызды. Сол жерде емделіп көп жаттым. Бұл 1942-1943 жылдардың қысы болатын. Жараларым жазылып, тәуір бола бастаған мені мамыр айында басқа да бір топ жаралы адамдарға қосып, лагерьге жіберді. Онымыз концлагерь болып шықты. Тұтқында қалған адамдар көп екен. Мұндағы жағдайымыз өте нашар болды. Тамақ жетіспейді. Күніне бір мезгіл ғана тамақ береді. Бір нанды 16-18 адамға үлестіреді, әрі оның тұзы жоқ. Анда-санда картоп салған бір ожау сорпа ішеміз. Енді анық өлетін жағдайға келдік.

Сөйтіп жүргенде сол жылдың қараша айында бірнеше адамды іріктеп алды да бір жаққа әкетті. Ішінде мен де бармын. Бізді Дания мемлекетіне әкелген екен. Сол жерде адамдарды бөліп-бөліп әр түрлі жұмыстарға жіберді. Мен және тағы үш адамды бір байдың қорасындаға 16-18 атты бағуға бөлді. Екі адам аттардың жем-шөбін береді, ал мен қораның қарауылы болдым. Сол жылдың жазында немістер аттарды арбаға жегіп, жолға шықты. Бізді өздерімен бірге ала кетті.

Алдымен Белгияға келдік. Сол жерде олар бірнеше күн болды. Өздері аттарды арбаға жегіп бір жаққа кетеді де кешке қайтып оралады. Ал біз аттарды бағамыз. Не керек, сол жылы әр жерге ауысып, жылжыдық та отырдық. Қайда баратынын бізге айтпайды. Чехославакия жерін басып өтіп, Албанияға, одан Югославияға келдік. Карпат тауларын артта қалдырып, Италия шекарасына бардық. Бұл 1944 жылдың күз айы болатын. Осы жерде бізді тағы бөліп, сол маңдағы лагерьге апарды. Әр түрлі жұмысқа салды. Қысты осы лагерьде өткіздік. Қысы онша суық емес екен. Көктем де шықты. Бір күні лагерьді және оның маңын истребительдер ұшып келіп бомбылады. Бұл Американың ұшақтары екен. Лагерьдегілер қашып шығып, жан-жаққа тарап кеттік. Көп ұзамай американ солдаттары келіп, лагерьдегілерді бір жерге жинады. Бәрімізге киім беріп, қолымызға қару ұстатты. Арнайы батальон құрып, бұрынғы әскери қалпымызға келдік.

Соғыстың аяқталғаны туралы хабарды сол жерде естідік. Қуанышымызда шек жоқ. Аспанға мылтық атып, Жеңіс мерекесін тойладық. Көп ұзамай Жерорта теңізімен бірнеше күн жүзіп, Түркияның Стамбул қаласына келдік. Мұнда екі-үш күн тұрдық, кемеге жанармай құйылды. Енді теңізге қайта шығып, Қара теңіз арқылы Одесса қаласына жеттік. Кемемен келген жауынгерлерден қайтадан взвод, батальон жасақталып, Шығысқа қарай бет алдық. Бізді жапон соғысы күтіп тұрды. Жолда кетіп бара жатып, майдан шебіне жетпей, соғыстың біткені туралы естідік. Қуанышты хабар жер-көкті шарлап кетті. Оны енді сөзбен айтып жеткізу қиын еді...

Нравится