Ниязбек Байбеков родился в 1902 (1903) году в Сарысуском районе Жамбылской области. Выл призван в армию в июле 1942 года. Служил в 438-м отдельном линейном батальоне связи Белорусского фронта. Из документа к награде медалью "За боевые заслуги":
"Выполняя работу линейного надсмотрщика телеграфно-строительной роты, он показал себя умелым и мужественным связистом. Выполняя боевые задания, он неоднократно, рискуя жизнью, под артиллерийским огнем противника строил линии и был примером для остальных бойцов. 20 августа 1944 года в районе города Червень исключительно под обстрелом противника продолжал идти вперед...и несмотря на разрывы снарядов вокруг него закончил свою задачу в срок".
Далее приводится рассказ сына ветерана Сейткасыма Байбекова, профессора и доктора технических наук:
"Әкем менің майданге
Әкем - Байбеков Ниязбекке және оның тағдыры белгісіз майдангер інісі әрі серігі Төлепов Абзалбекке арналады
1970 жыл. 9 мамыр. Ауыл ортасындағы үлкен алаңға үлкенді-кішілі, аттылы-жаяулы ауыл тұрғындары түгел жиналған. Жеңістің дүркіреген 25 жылдық тойы өтіп жатыр. Ойын-сауық, әзіл, қуаныш, ән-күй бірінен соң бірі ағылып, түрлі жарыстар өткізіліп жатыр. Кезек ұлттық ойын - теңге алуға да жетті. Көрермендер мен төрешілердің арасына бір сызықтың бойына 5 түйіншекке оралған теңгелер қойылған. Аралары 5 метрден. Ойын мақсаты – атпен тоқтамай шауып келіп осы теңгелерді іліп кету. Шамаң келсе бәрін ал. Бұл - басты ереже. Ереже бұзылса, нәтиже саналмайды. Жастары 20 мен 30-дың арасында атқа мінген оншақты жігіт оқшау шығып кезегімен шауып әлек болуда. Бірақ нәтиже жоқ. Теңгелер орнында. Бір кезде асау қара қасқа айғырға мінген бойы екі метрдей бір ақсақал шыға келді. Иықтары қақпақтай, денесі сымдай тартылған, сақалына ақ кірген. Кеудесі тола жарқыраған соғыс және еңбек ордендері мен медалдары. Үстінде ақ көйлек, қара костюм, басында қара шляпа. Атпен екеуі жарасып ақ тұр. Бірақ қара қасқа асау, бой берер емес. Халық шу ете қалды. Жастар жағы "мына шалға не жоқ, жастармен жағаласып, кәзір құлайды, мерт болады" деп гуілдесіп жатыр.... Ол болса асау атты қамшылай секірте шаба, ары-бері кеуделетіп, жалт-жұлт бұрып, өз ырқына көндіріп лайықтауда... Мен болсам ақасақалға ұмтылудамын, айтпағым "жарысқа қатыспа, ат – асау, құлап қаласың...". Бірақ ел арасынан шыға алар емеспін... Сол сәтте оның да кезегі келіп шаба жөнелді. Межеге жақындай бере лып етіп қара қасқаның оң жақ бауырына салбырай түсіп, ат жалындағы сол қолы оң жақ тізгінді тарта ұстап, қамшының сабыман аттың тұмсығын қақпайлай керекті бағытқа бұрмалайды. Қара қасқа да оны түсінгендей. Қимылдары өте шапшаң. Лезде түйіншектердің бесеуін де бірінен соң бірін түгелдей іліп алып, аттың үстіне қайта сап ете қалды да, қара қасқаны одан сайын гуілдетіп 100-150 метрдей жерге шауып барып, ойқастата қайыра бұра, бар екпінмен қайтара шауып, төрешілер мен көрермендер арасына жете бере, тізгінді қосқолдай тартқанда жануар артқы екі аяғына шаншыла аспанға секіре кілт тоқтады. Сол сәтте ол шляпасын басынан жұла көтере елге бұлғай ишарат етті. Мені қуаныш билеп кетті. Мен бақыттымын! Ел риза, у-шу гуілдеп жатыр. Ол ақсақал - менің әкем БАЙБЕКОВ НИЯЗБЕК еді. МАЙДАНГЕР. АРДАГЕР. Осы қайталанбас сәт, керемет көрініс әлі жадымда. Бұл жеңістің 25 жылдығы болатын. Ал кәзір жеңістің 70 жылдығы. Ол кісі бұл дүниеден өткен. Сондықтан сол кісінің қатардағы жауынгер ретінде басынан өткен кейбір көріністерді оқырмандарға ұсынуды парыз санадым. Иншалла, бұндай эпизодтар жеткілікті
***
Менің әкем 1902 жылы дүниеге келген. Оның өзімен түйдей құрдас, бірге өскен ажыраспас Өмірзақ деген досы болған. Енді осы кісі туралы бір-екі ауыз айтпасам әкем жалғызсырап қала ма деймін... Жарықтық, мақтаншақтау, нағыз әпенде, бірақ айтқанынан қайтпайтын бірбет қайсар және өжет еді. Кішкене бойлы жіңішке ақ сары кісі болатын. Көкем екеуі бірге жүргенде кіндігінен келеді, дегенмен де екеуі бірін-бірі қатты ардақтап сыйлайды екен. Колхоздастыру кезі. Бүкіл ауыл үлкенді-кішілі, бала-шағаға дейін қызылша басында. Қайнаған еңбек. Түс кезінде бәрі отыра қалып бір қазаннан тамақ ішеді. Қайбір тамақ дейсің атала-көже тәріздес, суы мол, нәрі аз әйтеуір жүрек жалғаудың ебі. Бірақ Өмірзақ көкеміз тамақ ішпейді, ол қызылшамен арпалысады. Себебі бір жеңгесі: "Біздің Өмекеңнің қарны ашпайды, ол түскі тамақсыз-ақ жұмысты тоқтатпай істей береді" деп мақтап қойса, қалған жұрт та оны қоштай жөнелген. Өмекең болса осыны шын көріп, таза сенеді. Екінші күні де тура осылай. Тіпті күн бата ел қайтатын кезде сол қу жеңгесі тағы да: "Біздің Өмекең үйге қайтпай-ақ жұмысты айдың жарығымен істей береді" десе, қалғандары оны әдеттегідей қоштай жөнеледі. Шаршаған елге, әрине, ермек керек, күлкі керек. Ал біздің Өмеке оны шын көреді. Әйтпесе әпенде бола ма? Сонымен, не керек, "біраз уақыттан кейін үйіне қайтып кетер" деген оймен ел қайтады, ал Өмекең жұмыс басында қызылшамен арпалысып жатады... Таңертең ел жұмыс басына келсе Өмекең талай жерді қопарып тастаған, жалғыз өзі қара терге түсіп тоқтаусыз кетпен сермеуде. "Демал" десе тоқтар түрі жоқ, қарным ашқан жоқ, ұйқым келмейді дейді. Түс кезінде ол кісі тағы да жұмыс басында... "Демал, тамақ іш" десе де, тоқтамайды. Енді оны тоқтату мүмкін емес... Сол кезде менің әкем мына мақтаншақ әпенде өліп қалар деп, тостағанға құйған тамағын апарып берсе де ішпейді екен. Сонда әкем бір шүйкім болған досын екі тізесінің арасына қысып алып, әрең дегенде ішкізеді екен. Ел оны көріп қыран топан күлкінің астына қалады, ал көкем жарықтық досын тамақтандырумен әлек, ал әпенде досының есіл-дерті - жұмыс... Кешке қарай ел үйге қайтарда Өмекең тағы да қызылшада қаламын деп әлек салады, ел тағыда күлкіге батады... Ал нардай болған көкем амал жоқ біржапырақ досын бір қолымен қолтығына көтеріп үйге алып қайтады. Әйтпесе қашып кетеді... Күнде осы тірлік қайталанады да тұрады. Қиыншылық заманда бұл да елге көңіл көтеру, демеу әрі ермек, екі достың осы тірлігі белден белге асып, елден елге тарап аңыз болып кетеді. Осыдан көп кешікпей Сталиннің ұйғаруымен одақтағы еңбек озаттарына "Ударник социалистического труда - Социалистік еңбек екпіндісі" атағы берілетін болды. Бұл кеңес одағы бойынша алғашқы еңбекке арналған дәрежесі зор атақтардың бірі болатын. Осы атақты бүкіл республика бойынша алғашқылардың бірі болып, әрине, аты аңызға айналған Өмекең алады. Осыдан бастап ол кісінің аты "Ударник" болып кетіпті. Ударник көкемнің Жолдан деген менен 15 жас үлкен баласы бар. Қазір үлкен ақсақал болды. Елде тұрады. Ол әкесіне қарағанда, қайдан екені белгісіз (әрине нағашыдан), өте әзілқой, қалжыңбас әрі пысық жігіт болып өседі. Жігіт кезінде менің талай қанымды қайнатып, зығырданымды ойнатып, қитығыма тиген. Сонда менің жасым 4-5, ал оның жасы 20-лар шамасында. Мәселе мынада. Сол Жолдан біздің үйге келсе болды менің әкеме "Көке, жүр кеттік үйге. Сен менің әкемсің, мына сары баланың әкесі сен емес. Оның әкесі - біздің үйдегі кішкентай сары шал" дейді. Сонда мен "Бұл - менің әкем, тиіспе, кет үйіңе" деп шырылдаймын. "Ия кетейін, бірақ әкемді ала кетемін. Сен өз әкеңді алып кет" дейді де әкемнің қолынан сүйрей бастайды. Сонда әкем: "Жарайды, баламның үйіне барсам барайын" деп орнынан тұрғансып мәселені одан әрі қоздырып қояды. Мен болсам әкемнің тусыртынан мойнына құшақтай жабысып "жібермеймін де жібермеймін" деп шырылдаймын. Жолдан ары тартады, мен бері тартамын. Әкем болса қылқынып жатқаны. Жолдан небір боқтау сөздердің астына қалады. Елге қызық, бәрі күліп жатады. Ал мен болсам бәрін шын көремін. Жолдан болса бұны одан әрі ушықтырады... "Жолдан келе жатыр" десе бітті есікті тарс жауып ілгекке ілемін. Кіргізбеймін. Оған көнетін Жолдан ба, терезені қағып тұрғаны, айтатына баяғы "Көке, кеттік үйге".
Кейде Жолдан келе жатса оған үйдегі қабаған итті босатып айтақтаймын, бірақ көрінгенді қабатын иті құрығыр оған жоламайды. Жолдан әбден үйретіп тастаған. Сол кезде ит байғұсты тепкілеймін де сабалаймын... Бірде әдеттегідей әке мойнын құшақтай қысып жібермей тұрғанда Жолдан: "Осы жолы міндетті түрде алып кетемін" деп менің екі қолымды ажырата кейін тартқаны сол екен сарт етіп әкем құлағына тіспен жабысып қалдым. Жұлып тастайтын түрім бар. Жібермеудің амалы ғой. Ел қыран-топан күлкіде. Жолдан болса: "Әкел пышақты. Көке құлақты кесіп осы балаға тастап кетейік. Сіз маған құлақсыз да әке боласыз. Кеттік үйге" дейді ғой, баяғы... Сол Жолдан талай қитығыма тиіп, зығырданды қайнатты ғой... Сонымен осы Жолдан үлкен азамат болады. Үлкен машина айдайды. Ударник көкеміз сексенге келеді. Бірде осы машинамен әкесі мен баласы көрші ауылға сапар шегеді. Ауылдан біраз ұзап шыққыннан кейін машина жайлап тоқтайды. Сонда Ударник көкеміз "не болып қалды?" деп сұраса, қалжыңбас баласы: "Көке, салмағыңыз ауыр екен, машина тарта алмай келе жатыр" дейді ғой, баяғыша. "Салмағыңызды салмай отырыңыз" десе, Ударник көкеміз кабинадағы білтемірге тартылып, бөксесін орындықтан көтере бергенде машина жайлап жүріп кетеді. Сонда шал: "Бәсе, сүйегім ауыр еді" дейтін көрінеді... Жасы келген кісі қашанға шыдасын, біраз жүргеннен кейін жәйлап отыра бергенде, Жолдан тағы да машинаны тоқтатып қояды. Шал тағы көтеріледі, машина жүріп кетеді. Сонымен не керек Жолдан ағамыз әкесін көрші ауылға жеткенше тұрғызып апарады. Жарықтықтың әпенделігі шал болса да қалмап еді... Бірде Ударник көкем маған: "Ел мені мақтаншақ дейді. Білесің бе, нағыз мақтаншақ - сенің әкең" дегені. Таңқалдым. "Сен таңқалма. Бірде сенің әкең қасқыр ұстап алып, оны ауылға тірідей алып келген. Әрине, мақтану үшін. Мақтанбаса неге өлтіріп алып келмейді. Өзің ойланшы" дегені. Мен бұл әңгімені естімеппін. Үйге келіп сұрасам, әкем "Е-е, ұмытпаған екен. Кек сақтап қалған ғой. Өзіне де сол керек" деп әңгімесін бастап кетті. Бұл соғыстың қарсаңында болған оқиға екен.
Менің әкемді бала кезінде жылан шағып, әрең дегенде тірі қалса керек. Содан жылан көрсе болды мейлі тірі болсын, мейлі өлі болсын зәресі қалмай қатты қорқатын. Соны білетін Өмекең оны жыланмен қорқытып, көке-жәке деп жалынса да қоймайды екен. Қалтасына уы жоқ сужылан салып жүреді де тиісті жерде сәтті қолданады екен. Елге не керек, күлкі, ермек, қызық керек. Ал әкеме тыныштық керек. Сонымен бір күндері далада келе жатқан әкеме қасқыр кездесе қалады. Астындағы аты жарамды. Қуа кетеді. Бірақ қолда қамшыдан басқа ештеме жоқ. Тіпті таяқ болса екен. Мойын қарыстыру әдісіне салады. Бұл әдіс әркімнің қолынан келе бермейтін өте қауіпті тәсіл. Әкем қасқырды оң жағынан асықпай ұзағынан қуады. Қасқырдың екі көзі қуғыншыда. Кең дала жазық жер. Жүйрік ат жіберсін бе, асықпай молынан қуады. Бір шама уақыттан кейін болды-ау дегенде лып етіп қасқырдың сол жағына шыға келеді де, үдете қуып, тықсыра келгенде мойыны қарысқан қасқыр бір орында 2-3 рет шыр айналады. Сол сәтте шабандоз көкем қасқырды желкесінен жұла тартып бірден тақымға басады. Бітті шаруа. Тақымға түскен қасқырдың енді босануы мүмкін емес, қылқына бастайды, әлсірейді. Енді оны шылбырмен буындырып өлтіруге де болады. Бірақ сол кезде көкем жарықтықтың ойына баяғы Өмекеңнің жыланы түсіп кетпей ме... Сонымен, не керек, көкем қасқырды ауылға тірідей алып келіп, Өмекеңді қорқытпақ түгілі зар илетеді. Жылынмен қорқыту бір бөлек те, тірі қасқырмен қорқыту бір бөлек. Жанын бір шүберекке түйдіртеді. Осыдан кейін екеуі бір-бірімен өрескел әрі дөрекі әзілдеспеуге уәделеседі...
***
Халық өмірі осылай өтіп жатқанда көп ұзамай соғыс та басталып кетеді. 1942 жылы мамыр айында 40 жастағы әкем әскер қатарына шақырылады. Елде әйелі және екі жас бүлдіршін қызы қалады. Бар болғаны бір жарым ай әскери дайындықтан өтеді. Бар үйреткендері "направо, налево, ложись, вперед, ура" және винтовка мен автоматтан оқ ату т.с.с майда шүйде... Осы дайындықтан кейін жаңадан құрылған В.И.Чуйковтың 62-армиясына жауынгер болып, бірден Сталингарад шайқасына кіріп кетеді. "Бірден екі нәрсені байқадым,- дейтін әкем. - Біріншісі - жауынгерлердің бәрі 16-18 арасындағы жас балалар. Кейде 20-дағылары да кездесіп қалады. Командирдің өзі де жап-жас, небәрі 22-лер шамасында. Ең қартаңы мен. Майданда үлкендерің көбісі қырылған. Енді әскер қатарына кәмілетке толмаған да жас балаларды алып жатыр... Қорқыныш билейді. Қасымда бір-ақ қазақ бар. Оның жасы енді 17-ге толмақ, кішкентай арық қара бала, Қарқаралыдан, аты Абзалбек Төлепов. Одан басқа не қырғыз, не өзбек әйтеуір сөйлесе алатын адам жоқ.. Бәрі жасы үлкен деп сыйлайтын сияқты. Бір ауыз орысша білмеймін. Бірдеме айтайын десем мені ешкім түсінбейді. Менің де оларды түсініп жатқаным шамалы. Баламдай болған Абзалжан пысықтау екен, менен гөрі аз-маз елдермен тіл табысып шүйіркелеседі. Дегенмен де оңдырып жатқаны шамалы. Жастың аты жас емес пе, кейде жастар өз ара шекісіп қалады. Абзалға ешкім тиіспейді. Себебі қасында түйедей болып, қорғанышы тәріздес мен жүрмін... "Аға-аға» деп қасымнан шықпайды. Екінші байқағаным - Мескеуде "жауды жеңдік" деп жар салып, енді немісті қалпақпақпен ұрып алатындай едік, бірақ фашистің қалпы жаман. Бой беретін емес. Қалаға кірді. Бұл 1942 жыл қырқүйек айының соңы болатын. Жанталас майдан. Қала ішінде бізді үйреткендей окоп, траншея қазу деген болмайды екен. Олар дала соғысында болады екен. Қала қираған. Құлаған, үңірейіп өртеніп жатқан үйлер. Қираған техника мен үйлердің қоқыстары мен үйінділері көшелерді жауып тастаған. Әрбір үй үшін жанталас. Кей кезде бір үйден екінші үйге аяғы жерге тимей зу-зу еткен жауынгерлер, ішінде біздіке де бар, жаудікі де кездеседі. Кинодағадай бетпе бет соғыс деген атымен жоқ. Сәл кідірсең оққа ұшасың. Оқ борап тұр. Немістердің екпіні күшті. Әдістері - қоршап алып жойып жіберу. Ал біздіке шегіністен кейін шегініс. Бір үйді тастаймыз да, екінші үйге ауысамыз. Әскери дайындық кезінде бізді қала соғысының біреуіне де үйретпеген екен. Бірден майданға тастады емес пе. Кейде командирдің өзі не істерін білмей сасқалақтайды...
Жанталаспен біраз күндер өтті. Бір кезде байқаймыз – немістердің беті қайтқан, біз күшейіп барамыз. Орасан зор көмек келген сияқты. Самолеттер де, танктер де, солдаттар да көбейіп кетті. Көмектің қайдан келіп жатқанын біз қайдан білейік. Оны бізге кім айтады. Сонымен жау қаланы тастап, далаға кетті шегініп. Жеңді деген осы емес пе, артынан қалыспай біз келеміз... Соғыс қарқыны бәсеңсіді. Окоп-траншея қазып жатырмыз. Абзал арқылы білгенім, жаудың үлкен әскерін қоршап жатқан сияқтымыз. Кейін білдік қой Паулюстың армиясын қоршап жатыр екенбіз. Біраз тынышталып қалдық. Командирлер күнде келіп бәрімізді жинап алып, сөз сөйлеп рухымызды көтереді. Оны маған айтып беретін - Абзал. Отан, Сталин, Кеңес одағы халықтарының мызғымас достығы тәріздес сезімдер миымызға әбден құйылып тасталған. Бірде Абзал маған "Мәскеу шайқасында қазақтар көп болыпты. Панфиловшылар ерлігін көрсетіпті. Неге мұнда қазақтар жоқ. Ешкіммен де шешіле сөйлесе алмаймыз" дегені. Сонда оны жұбату үшін "Саптың басында мен тұрамын, ал ең соңында сен тұрасың. Демек басынан аяғына дейін қазақ емес пе" дегенім. Осы сөзді Абзал жауынгерлерге таратып жіберіпті. Бұл сөз командирдің құлағына майдай жағып, бізді өзіне жақын тарта бастады.
Енді позициялық соғыс басталды. Соғысқа денеміз үйреніп қалды. Бұрынғыдай емес, қорқыныш болса да, сасқалақтау жоқ, дағдыланып қалдық. Бірде азғана тыныштық орнап, шепте жатқанымызда Абзал екуіміз тасалау жерге орналасқан жылжымалы асхананың қасына кездейсоқ келіп қалдық. Жанталаса мөңіреген сиыр дауысы естіледі. Қарасақ бес-алты жас жауынгер-аспаздар бір сиырды соймақ түгілі бауыздай алмай әлек болып жатыр. Командир қасында. Ол да бірдеме айтып, нұсқау берген болады. Ешқайысы ірі қара түгілі тауық та сойып көрмеген тәрізді. Бәрі жап-жас, қаланың балалары сияқты. Қиналған жануарды аяп кеттім. Командирден рұқсат сұрадым да, соғым сойып машайық болған жанбыз-ғой, әп-сәтте омыртқа-омыртқасымен, сүйек-сүйегімен, жілік жілігімен жайғап тастадым. Абзал тұр қасымда көмегін беріп, біресе аяғын ұстасады, біресе терісін сыпырысады. Бір жеріне де балта шапқан жоқпыз. Бұндайды бірінші рет көріп олар да командир де аң-таң. Осыдан кейін асханаға мал келсе болды бізді шақырады. Біз бар өнерімізді саламыз. Тамашалап көпшілік жиналады. Біз әбден машықтанып алдық, ебін тауып, көзді алабере сан еттен жұқалай ұзынша кесіп, қонышқа тығып жібереміз, Абзалға екеуін, маған екеуін. Кешке қарай ел от жағып жылынып жатқанда, Абзал екуіміз оқшау отыра қалып, қоныштағы етті шоқ пен күлге тығып жібереміз де, пісті-ау дегенде қара қошқыл күйе-күйе күйінде жеп аламыз. Елге тиер күндік үлес-норма бір кесім ғана ет. Ал біз болсақ жағдай жақсы, қарын тоқ.
Бір күні тағы шақырды. Пышағымызды жалаңдатып жетіп келсек, әкелгені - шошқа екен. Бұны білмейміз деп әрең құтылдық. Осыдан кейін асханаға шошқа келсе шақырмайтын болды. Басқа мал келе қалса, хасаптық өнер көрсетеміз, қарнымыз да тояды... Дегенмен де Абзал екеуміз жақсы жауынгер болдық. Тәртіп бұзбаймыз. Командир бұйрығын мүлтіксіз орындаймыз. Шабуылға шыққанда жасқанбаймыз. Сонымен 1942 жылдың қараша айының соңына таман қарбалыс әрі шұғыл тірліктер көбейіп кетті. Сұрапыл майдан болатынын сездік. Жан-жақты дайындық. Бір шептен екінші шепке ауысамыз. Окоп-траншея қазамыз. Тағы да басқа жерге ауысамыз. Тағы да окоп-траншея. Кейін білдік бұндайды позициялық маневр дейді екен. Барлау деген көбейіп кетті. Оның екі түрі болады екен. Біріншісі – сырттай бақылап, жау қалай орналасты, қорғаныс шебі қандай, қанша техникасы бар және т.с.с. білу. Мені оған қоспайды, себебі орысша білмеген соң қайран жоқ. Көрсем де білсем де айта алмаймын. Екіншісі – барлаушылардың алдына бір-ақ тапсырма қойылады, ол – жаудан тірі адам әкелу, әскерде оны "тіл (язык)" әкелу дейді. Бұл өте қауыпты тапсырма. Барлаудың бірінші түрі жиі жиі болып тұрады. Ал екінші түрі көбнесе үлкен шабуылдың алдында бүкіл майдан бойынша жаппай жасалады екен. Әрбір батальон, рота т.с.с. өз алдына тіл алып келу керек. Ал орталық штаб олардан алған ақпаратты жинақтап, сараптайды да жау туралы белгілі бір сипаттама тұжырым жасайды екен.
Бір жолы бәрімізді сапқа тұрғызып, барлауға бару керек, "тіл" әкелу керек екенін айтты да, саптан 5 жауынгерді шығарды. Ішінде мен де бармын. Бар орысшам жеткенше Төлепов Абзалды алу керек дедім. Себебі мен онсыз ешкімді түсінбеймін. Командирлер саптың ең соңында тұрған Абзалды көргенде күліп жіберді. Түсіне кеттік, "тіл" әкелуге мығым да мықты жігіттер керек екен. Саптан шығарған төрт жігіттің де апайтөс болып тұрғаны шамалы. Бәрі жап жас, сарыауыз балапан сияқты. Ал Абзал болса бір тұтам ғана. Дегенмен командирлер менің не үшін Абзалды шақырғанымды түсінді де, барлаушылар тобына қосты. Ішімізден бір сержантты командир сайлады да, біз тұңғыш барлауға шығатын болдық. Талай аң ауладық қой. Ал мынаның мақсаты - адам аулау, айланы асырып адамды жаралы болса да тірідей әкелу. Тәуекел деп күн батарда аттандық. Немістер шебі бізден 2 шақырымдай жерде окоп-траншеяларда орналасқан. Оны білеміз. Бұл жерден "тіл" алу мүмкін емес. Ал одан ары бір шақырым жерде хутор бар. Бар болғаны бес-алты үй, соның шеткісінде штаб орналасқан тәрізді. Оны жақсылап байқадық та, осы үйді аңдуға бел будық. Қараңғы түсе немістер шебін айналып өтіп, тасада тығылып жатырмыз. Мұндайда уақыт өтпейді екен. Тәсіліміз - түнде біреу-міреу дәретке шыға қалса, ебін тауып айдап келу.
Түнгі сағат 3-тен аса тасалап жүріп көздеген үйге жақындадық. Командир және екі жауынгер сол жерде қалып, бізді алға жібермек. Мен "Абзал сол жерде қалсын" деп тұрып алдым. Ойым – ең болмаса біреуіміз аман қалайық дегенім. Не керек, Абзал сонда қалып, қалған үшеуіміз үйге жақындай түстік. Байқаймын жастың аты жас қой, қасымдағы екі серігім қалшылдап қорқып келеді. Үрейлері ұшып кеткен. Осылардан пайда шамалы болар деп көздеген үйге 100 метрдей қалғанда ол екеуін қалдырып, тәуекелге басып, "үлкен пышақ ұялғанынан өтеді" демекші, үй алдынан 20 метрдей жердегі бір топ бұтаға бұқпантайлай жетіп жата қалдым. Бір солдат үйді айналып күзетіп жүр. Ай жарық. Бәрі анық көрініп тұр Жылы киінген, қолында автомат. Күн суық, қалшылдап тоңа бастадым. Осы солдатты-ақ қағып кетейін десем, жүрек дауламайды. Ол қарулы, қорқасың, жан керек.. Бір кезде қайдан келгені белгісіз бір бұралқы ит ырылдап жетіп келгені. Күзетші сезіп қоя ма деп жан қалмады. Өлді деген осы сияқты. Ойға қоныштағы ет түсе кеткені. Жалма жан жартысын итке тастап едім, ол басыла қалды. Етпен әлек. Күзет аңғарар емес. Тынышталды ма десем, исін сезді ме, тағы да екі-үш иттің келе қалғаны. Үнсіз жер жастанған күйі амал жоқ қалған етті майдалап кесіп тастап жатырмын. Сол кезде үйден жартылай жалаңаш біреу шықты да күзетшімен бір екі ауыз сөйлесті. Күзетші ары кетті. Ол иттерді байқап қалды да маған қарай жүре бастады. Қорқыныштан жүрегім аузыма тығылады. Байқасам қаруы жоқ, дәретке шыққан. Қасымда айналшақтап жүрген иттерге "бұларға не болды" дегендей үңіле қарайды. Секем алса да, күдікті ештеме сезілмеген соң иттерді қумақ болып, тура мен жатқан бұтаға бет алды. Бүкіл денем қара терге батты. Тұра қашқым келді. Бірақ кеш. Не болса да істің ақырын күту керек. Мынау болса қаперінде ештеме жоқ, жақындап қалды. Бұндайды бірінші рет көруім болар, зәрем ұшып, жүрегім тарсылдап, демалуға да шама келер емес.
Мен жатқан бұтаға тақап енді кіші дәретке кірісе бергенде қалай автоматымды кезеніп атып тұрғанымды өзім де білмей қалдым. Ай жап-жарық. Қалшылдап мен тұрмын. Ол байқұс қорыққанынан мелшиді де қалды. Қимылдар емес, тіпті бұтына жіберіп қойды. Үрейдің күштілігі сонша мен де үнсізбін, ол да үнсіз. Шамамен 4-5 секундтай қалшидық та қалдық. Егер дыбыс шығарып немесе сәл оқыс қимыл жасаса атып жіберетінімді сезіп тұр. Тіпті болмаса қорықыныштан сасқалақтай атып жіберуім мүмкін екенін де байқап тұр. Жан сақтау оңай ма, жан шіркін тәтті ғой, автоматпен алға түс деп ымдап едім, алға қарай томпаңдап жүре берді. Үйдің қапталын айнала бергенде тасада қалған екі жауынгер жетіп келді. Айдың жарығымен бәрін көрген екен. Артынша Абзалға да жеттік те, келген ізімізбен орағыта, бұқпантайлап қолға түскен байқұсты дедектетіп, не керек таң ата әйтеуір өзіміздің шепке келдік. Командирдің қуанышында шек жоқ. Бұл оның әскер жолындаға тұңғыш "тілі" екен. Тұтқын байқұсты құрметті қонағындай күтіп, спиртін, ыстық шәйін беріп, үстіне жылы шинель жауып әлек болуда. Тұтқынды көрмекке біраз адам жиналып та қалды. Командир оған ешкімді жақындатар емес, ұрып тастай ма деп қорғаштайды, есіл дерті - жоғарғы штабқа аман есен жеткізу. Бәрі "қалай ұстадыңдар?" деп сұрайды. Абзал арқылы шама келгенше бірдеме түсіндірмек боламыз. Бұл тірі немісті бірінші рет бетпе-бет көруім...
Сәті түскен оқиға болар, қонышқа тыққан еттің пайдасы осы болды, егер ол болмағанда бұл дүниемен қоштасып кетер ме едім, кім біледі... Сонымен, не керек, маңдай алды жауынгер болып шыға келдім де, маған ефрейтор атағы берілді. Осыдан кейін "тіл" әкелу барлауы менсіз өтпейтін болды. Көбінесе сәті түспейді, бос қайтамыз. Командирден таяқ жейміз. Бір жолы табан астында күтпеген жерден олжалы болдым. Жау шебінен шеткері қашықта орман шетіне орналасқан болатынбыз. Бізде аздаған біршама тыныштық. Алдыңғы шепте ұрыс жүріп жатыр. Дыбысынан білеміз. Бірде елді, ағайын-жұртты сағынып шетке шығып кетіппін де, ормандағы бір алаңқайға келіп, омыраудан келетін қалың шөп ішіне қар болса да жата кетсем, шаршағандық қой көз ілініп кетіпті. Күтпеген сыбдырлаған дыбыстан оянып кеттіп, аңғарып қарасам бес-алты неміс барлаушылары бірінің артынан бірі тізіліп келіп қалыпты. Жалма жан автоматымды ыңғайыма алдым да, одан әрі бұға түстім. Олар мені сезер емес. Дәл қасымнан 4-5 метрдей жерден өте бергенде оқты оңды солды жаудырғанда барлыға баудай түсті. Қарасам төртеуі бірден мерт кеткен. Біреуі жаралы, екіншісі шала жансар тірі. Оқтың дауысын естіген күзетші-жауынгерлер жетіп келіп, тұтқындарды командирге алып бардық. Тағы да жараларын таңып, шанамен үлкен штабқа алып кетті. Көп ұзамай біз де майданға кірдік. Сұрапыл майдан Паулюс армиясын тұтқынға алумен аяқталды. Осы шайқас кезінде жаралы болдым. Оқ сол қолыма тиген. Сүйек аман. Жарақат жеңіл деп госпитальға жібермеді.
Абзалжан күнде жараны жуып қайта таңады. Көп ұзамай жарақат қара қошқылданып жазыла бастады. Бәріміз жеңімпаз болып қанаттанып қалдық. Екі рет жеңіс дәмін таттық. Бірі Сталинград қорғауда. Немістердің қашқанын көрдік. Екіншісі Паулюсты жеңгенде. Немістерді бүкіл армиясымен тұтқынға алуға болатынын көрдік. Бірақ "жыланды үш кессең де кесірткедей әлі бар" дегендей жау әлі де қуатты. Кей кездері бізді де тықсыртып қуып тастайды. Дегенменде жалпы бағыт батыста, жау шегіністе, ал біз олардан өкшелеп қалыспаймыз. Елдің айтуына қарағанда, Курскі жаққа келе жатқан сияқтымыз. Бір жолы тағы бір сәтті тірлік жасадық. Рота командиріне мініске ат беріпті. Бірақ ол жаяу жүреді. Байқасақ ат асау екен, мінуге қорқады. Абзал екеуіміз взвод командиріне бас білдірейік деп өтініш жасадық. Ол үлкен командирге айтады. Ешкім сенбейді. Күдіктене қарайды. Не керек рұқсатын берді. Командирлер түгел жиналған. Сын сағаты келді. Ес білгелі ат жалында өсіп, көкпар тартып, талай асау атты бас білдіргеніміз бар емес пе, елеріп біз тұрмыз, елеңдеп ат тұр. Не болар екен деп қызық көрмекке біраз адам топталып қалған.
Сонымен, не керек, бастадық өнерді. Ерін мықтап, тартпасын тартып, ауыздығын кернеп, қарғып мінгенім сол екен ат кетті тулап. Ондайдың талай сорақысы бастан өтті емес пе, тақымды қыса, сымнан жасалған қамшыны аяусыз баса, ат арқасына жабысып қалғам. Абзал тұр айқайлап дем беріп. Біраз ала өкпе болды-ау деймін тулағаны басылып, жайланғанда аттың басын жібердім. Ат кетті құйындатып. Екпіні күшті, жүйрік екен. Ары шауып, бері шауып, айнала шауып, шаршады-ау дегенде Абзалға бердім. Ол одан бетер қан сорпасын шығарды. Сонымен екі шабандоз жанын қойсын ба, кезектесіп асау атты бір күннің ішінде жібектей етіп бердік. Тіпті тосын нәрсе болсын, кенеттен атылған мылтық дауысы болсын, ор демей, қия демей ештемеден сескеніп үрікпейтіндей еттік. Өзіміз атқа мінгенді сағынып қалыппыз. Айызымыз молынан қанды. Біз тұрмыз мәз болып, көрермендер аң-таң. Әсіресе взвод командирінің қуанышында шек жоқ. Дегенменде біз соның қол астындамыз ғой. Жаудыртып алғысын айтып жатыр. Кешке тыққан спиртін бөлісіп іштік.
Сонымен 1943 жылдың шілде айының басында Курскіге де жеттік. Күнде үгіт-агитация жүреді. Айтатындары – немістер Мәскеу мен Сталинград түбіндегі жеңілісінің және Паулюс армиясының тұтқында қалу өшін - осы Курскіден алмақ. Ол үшін олар осы жерде жиналған Кеңес армиясын қоршауға алып, жойып жібермек. "Егер осы жерде біз немістерді жеңсек, онда бүкіл соғысты жеңеміз" дейді үгітшілер. Алдымен немістер 3 апта бойы үздіксіз шабуылға шықты. Күнде майдан. Шыдадық. Тойтарыс берілді. Жаудың беті қайтқан сияқты. Кезек енді бізге келіп, шілденің соңы мен тамыз айының басында жаппай шабуылға шықтық. Қаптаған танкілер, гүрсілдеген зеңбіректер, атылған оқтар. Немістер де қалысар емес. Гүрсілден ештеме естілмейді, Айнала көк түтін, есікпен төрдей жер көрінбейді. Қанша адам жаралы болып, қаншасы оққа ұшуда – есеп жоқ. Бұндай шайқасты бұған дейін де бұдан кейін де көрген емеспін. Бұл жолы ерекше тактика қолданылды. Қатар қатарымызбен бір-екі километрге созылған шеппен біріміздің соңынан біріміз тізбектеліп майданға кіреміз. Ал атысып болғандар біздің ортамызбен олар да қатар-қатарымен тізбектеліп майданнан шығады. Біз барамыз да дайын шепке бекініп жарты сағаттай, зор болса бір сағаттай соғыс саламыз да, майданнан қайта қатарымызбен тізбектеліп шығамыз. Ал басқалары майданға кіріп жатады. Одан кейін бізді басқа жерге соғысқа салады.
Осылай үш күн өтті. Төртінші күні ұрысқа кіріп бара жатқанда менің дәл қасыма зеңбірек снаряды жарылды. Жарылыстың күштілігі сонша қопарылған топырақ мені түгелдей көміп тастады. Осының алдында жаңбыр жауған еді, лайланған топырақ зілдей болады екен, қозғала алмаймын, тіпті саусағамды да қимылдата алмаймын. Ауа жетпей тынысым тарылып өліп бара жатырмын. Бірақ көретін жарық бар екен, Абзалжан мені іздемей ме... Өзі иншалла аман. Ары қарайды, бері қарайды, мен зым-зия жоқпын. Сөйтсе жыртылған гимнастерка етегінің бір шеті үйілген топырақтан қылтиып шығып жатыр екен. Кім болса да құтқарайын деп жалма жан қолма-қол қазып шығарса мен екенмін. Ес түсімнен айырылып қалыппын. Әйтеуір бір кезде жан кіреді ғой. Жаралымын. Зеңбірек оғының жарықшығы сан етімнің жартысын жұлып әкеткен. Қол қарына, бұғанаға, балтырыма және басқа жерлеріме майда болса да снаряд жарықшақтары тиген. Аллаға шүкір, снаряд дәл қасыма жарылса да тірімін, сүйектерім мен ішкі ағзам аман. Судай аққан қан тоқтар емес. Әбден қансырап қалғанмын. Абзалжан әйтеуір бірдемені таңып байлап жатыр. Есім бір кіреді, бір шығады. Сонымен Абзал және тағы бір жауынгер екеуі жаралыларды тасып жүрген арбаға апарып салғанда астымда қалған бір байғұс жарадар ыңқ ете қалды. Байқаймын - жан тапсырып кетті-ау деймін. Қимылдауға дәрмен жоқ. Тағы да есімнен айырылып қалдым.
Сонымен үш ай госпитальда емделіп, аман-есен жазылып, әскер қатарына қайта қосылдым. Бірақ басқа әскери бөлімге жіберді. Абзалдан айырылып қалдым. Қанша іздесем де таппадым. Әйтеуір аман болса деп тілеймін. Мен барған жерде тағы да бірде-бір қазақ болмады. Тіпті тілдесе алатын қырғыз, өзбек, татар немесе бірді-бір қандас та жоқ. Мен ешкімді түсінбеймін. Мені ешкім түсінбейді. Взвод командирі де жап-жас жігіт екен. Маған сыйластықпен қарайды. Менің құжаттарымдағы әскери жорық жолдарым, екі рет жаралы болғаным мен барлауға қатысқандарым туралы ақпаратты оқыса керек. Екінші жағынан жасымды сыйлайтын сияқты. Ендігі ойым осы командирдің қасынан қалмау. Соның маңында жүремін..Әсіресе шайқас кездерінде. Себебі кейбір командаларды түсінбей қаламын. Ол жатса жатамын. Ол алға жүгірсе мен де алға жүгіремін. Байқаймын солдаттар мені командирдің оққағары немесе көлеңкесі деп мысқалдайтын тәрізді. Менің онымен ісім жоқ. Бірде шайқас кезінде осы командир уралап алға ұмтылды, мен де тұра жүгірдім. Сол кезде оқ борап кетті. Мен қызып кетіппін де жүгіре беріппін. Кенеттен артымнан біреу мені шалып құлатты. Қарасам - командир. Оның "ложись!" деген командасын түсінбей қалыппын. Бәрі жатып қалған. Басын шайқап, етегімді көрсетеді. Қарасам шинелімнің етегі қырық-шұрық тесік. Жүрегім зу ете қалды. Құдай сақтады.
Анда-санда болатын тыныштық кезінде жылжымалы асхана жақты аңдимын. Ондағы ойым баяғы мал сою. Бірде оның да сәті түсіп, бізге келген сиырды соя алмай әлек болып жатқан жерге дәл келе қалғаным. Жалма-жан білекті сыбана кірісіп кеттім де, бар өнерімді көрсетіп, табан астында парша-паршасын шығардым. Ебін тауып алақандай екі тілім етті қонышқа тығып жібердім. Қазақшалап айтқанда қол үзік қой. Осыдан кейін қайтадан "штатный" хасап болып шыға келдім. Кешке қарай оқшаулай барып, қоныштағы етті отқа көміп, пісті-ау дегенде командирді шақырып, оттағы етті бөлісіп жеп алдық. Ол байғұс та қайбір тойып жүр дейсің. Алғашқыда еттің қайдан пайда болғанын түсінбей аң-таң болды. Бұдан кейін дәнігіп алды да, мал сойылған күндері мені аңдитын болды. Сөйтіп екеуіміз бір-бірімізді түсінбесек те жақсы дос болып алдық. Қу тамақ не істетпейді... Анда санда Абзалды ойлап қоямын, амандығын тілеймін. Ендігі бағыт - Днепр. Анда-санда шайқасқа шығамыз. Немістер әлі де күшті. Кейде бізді қуғыштап тастайды. Бірақ көбіне біз үстембіз. Жаппай алға батысқа жылжып келеміз. "Тіл" әкелуге міндетті түрде тәжірибесі бар деп мені қосады. Сәті түспей бос қайтып жүрдік. Бірде командиріміз нәтиже болмаған соң жоғарыдан таяқ жеді-ау деймін, "тіл" әкелуге өзі де шығатын болды. Бесеуміз. Жау шебін айналып өтіп, тыл жағын аңдудамыз. Орман-орманды аралап, бұта-бұтаны бұқпалап келе жатсақ, екі неміс кішкентай бір саяз өзенге шомылып жатыр. Өздері тыр жалаңаш. Киімдері мен қарулары жағада. Өздері ештемеден қапері жоқ, бейқам. Құдай берді. Сәті түсті деген осы. Дыбыс шығармастан бұқпантайлай келіп, үш жауынгеріміз жағада тұра қалды да, командир екеуіміз жардан суға бірдей секіріп, автомат кезеніп тұра қалдық. Анау екеуі тажал көргендей, есінен танып қала жаздады. Жалма-жан киім-қаруларын ала сала, екеуін жалаңаш дедектетіп, жақын орманға кіріп кеттік те, бір қалыңға тығылып, күн батып, түн қараюын күттік. Түн ортасында өзімізге оралдық.
Сонымен мен алып келген "тіл" бесеу болды. Бас аяғы соғыс біткенше он бір "тіл" алып келуге қатыстым. Қайсы бірін айта берейін. Іштерінде оңай да кездейсоқ болғандары бар. Мысалы, бір жолы самолеті құлаған жаралы ұшқышты әкелсек, тағы бір жолы шегінген немістер өлді деп тастап кеткен шала жансар жау солдатын да алып келдік. Сонымен Днепрге де жеттік. Бұнда өте аласапыран шайқастар болып жатты. Бірақ біздер оған қатыспадық. Резервте болдық та, майдан шебінен қашықтау орналасып, жатқан жеріміз тыныш болды. Бірақ сұрапыл шайқас болып жатқанын сезіп жатамыз. Самолеттер де, зеңбіректер де, танктер де, солдаттар да қаптап кеткен. Атыс, жарылыс, зеңбірек дүмпулері ұдайы естіліп тұрады. Днепрден өткен соң, жауды жеңетінімізге кәміл сендік. Бәріміздің рухымыз көтеріліп кеткен. Көңіл-күйіміз көтеріңкі. Тасымыз өрге өрмелеуде. Жауды үздіксіз тықсырып келеміз. Айтқандайын, Днепрді көргенде Еділ өзені есіме түсті. Мұндай ірі өзенді бірінші көруім. Зор әсер қалдырды. (Бұл немістерді Сталинградтан қуған кезде болған еді.) Мұз әлі қатпаған. Қатты дауыл соғып тұр. Толағай-толағай толқындары ақ көбіктеніп жұлқына аққан су. Ештемеге дес берер емес, нағыз дүлейдің дәл өзі. Бір жағадан екінші жағаға көз жетпейді. Ұшы қиыры жоқ. (Біз көріп жүрген өзендер бұған қарағанда арық тәріздес.) Бұндай да ғаламат болады екен-ау, аң-таң болғаным соншалықты "Абзал-ау, мына долдана аққан дария қайда барады, бір жерді топан су басып жатқан шығар" деп сұраймын. Не деп жауап берсін, ол да аң-таң. Сөйтіп қатыгез соғыс жалғасын тауып жатты. Бір жолы сәті түсіп, тағы да көзге түстім. Орман жиегіне таман шепте жатырмыз. Әдеттегідей қарбалыс та құбылмалы тірлік. Үш күн бойы тамақ келмей, міне төртінші күн болды ашпыз. Барлық қорымыз таусылды. "Сухой паек" та бітті. Командир қиналып, солдаттар қобалжи бастады.
Кешке қарай аш қалатын түріміз бар. Бір кезде орман ішінен бір үйір жылқы шыға келгені. Шамамның келгенінше командирге мыналардың біреуін сойып жейік десем, көнер емес, ол да, қалғандары да арам дейді. Сол кезге жасымның үлкендігін пайдаланып ешкімге көнбестен, жаңағы үйір жылқыны асхана жаққа айдап келіп, ең семізін атып алдым да, табан астында сойып тастап, бір аяғын түгелдей үлкен кастрюлге салып жібердім. Әні міні дегенше былқылдап етте пісті. Исі бұрқырап тұр. Бірінші болып өзім жедім, керемет дәмді болып пісіпті. Аштық жанды қойсын ба, қалғандары да кірісіп кетті, әп-сәтте таусылды да қалды. Тіпті жетпей қалды. Жылқы етін жеп көрмегендер қайдан білсін оның қандай дәмді болатынын. Бәрі жалаңдап тұр. Не керек, сол күні бір жылқы етін түгел тауыстық. Бәрі маған риза, арқамнан қағып қояды. Ертеңіне тамақ және келмеді. Бірақ біз аш емеспіз. Сол бір үйір жылқыны қайырып жүріп біраз көрек еттік. Тіпті ішіндегі мықты-ау деген біреуін командирге бас білдіріп (үйретіп) бердім. Көп ұзамай оны үлкен командирлердің біреуі алып қойған екен, тағы да біреуін үйретіп бердім. Осылай командирмен достығымыз одан сайын арта түсті. Сонымен біздің 8-гвардиялық армия (бұрынғы 62-армия) Днепрден кейін Украинаны, Белоруссияны, Польшаны азат ету және сол сияқты бірнеше ірі майдандарға ерлікпен қатысып, 1945 жылы Берлин операциясына толығымен кірісті. Енді осы туралы айтайын.
21 сәуір күні Берлин шетіне жетіп, 25 сәуір күні басқа армиялармен қосыла Германия астанасын түгелдей қоршадық. Енді оны алу керек. Байқағаным неміс әскерлерінің басым көпшілігі 17 жасқа дейінгі жас балалардан құралған. Олардың да үлкендері майданда қырылған. Бірақ дайындықтары өте күшті, тайсалмай өжет соғысады. Дегенменде оларға қарағанда біздің әскер орасан зор қуатты. Бізде әскери рух деген керемет, жеңіске деген талпыныс, жеңімпаздық дух ешқандай жауды шыдатар емес. Кез келген шайқасқа сақадай саймыз. Енді бір секірсек жеңіс қолда болатынын көріп тұрмыз. Сонымен Берлинді алу шайқасы түнде басталды. Сағат тұп-тура түнгі төртте бір сәтте Берлинді айнала прожекторлар жағылып, танктер мен зеңбіректер гүрсілдете дамылсыз оқ атып, әрбір солдат қолына тұтқасын айналдырсаң жау жүйкесіне тиетіндей ышқына ащы шырылдаған дауыс беретін құрал (жужала) берген, онымыз шарылдап, аспан самолеттерге толып кеткен, олар бомбаларын жарып, табан астында жау емес жын да, шайтан да безіп кететіндей астаң-кестең болды. Айқай шу, атылған автомат - пулемет оқтары, бомбалар мен снарядтар жарылысы, техника гүрілі, айнала уралаған