1. Басты
  2. Біл
  3. Экономика
  4. Қаржы-қаражат

200 теңгелік тиындар айналымға шықты

2020 жылғы үлгідегі номиналдық құны 200 (екі жүз) теңгелік монеталарды айналысқа шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ұлттық банк баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 2020 жылғы 28 қаңтарда 2020 жылғы үлгідегі номиналдық құны 200 (екі жүз) теңгелік биколорлы айналыстағы тиындарды айналысқа шығарады.

Монеталардың дизайны Қазақстан Президентінің 2018 жылғы 12 желтоқсандағы № 804 аралығында бекітілген Ұлттық валюта - Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес орындалды.

Биколорлы айналыстағы монеталар дизайнының стилистикасында шығыс және батыс мәдениеттерінің көркемдік элементтерінің үйлесімі көрініс береді. Биколорлы айналыстағы монеталардың сипаты: монеталардың сыртқы сақинасы нейзильберден жасалған, ішкі дискі никельді жезден дайындалған. Қыры тегіс және бедерлі секторлармен кезектесіп отыратын 16 ойықпен бедерленген.

Монеталардың сырт жағында (реверсінде) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы, айналдыра эмитент елді білдіретін QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY деген жазба бейнеленген. Монетаның төменгі жағында соғылған жылын білдіретін 2020 деген жазу бар.

Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде номиналын білдіретін және номинал цифрының кескінін қайталайтын көлденең сызықтар бедері аясында орындалған "200" деген жазу бар. Монетаның жоғарғы және төменгі бөліктерінде - тік сызықтар түрінде орындалған ою-өрнек кескіндері. Монетаның төменгі бөлігінде - тарамдалған сызықтар аясында орындалған, ұлттық валютаның мәтіндік атауын білдіретін TEŃGE деген жазу. Монетаның сол жақ бөлігінде QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI эмитент банкті білдіретін QUB аббревиатурасы бар. Монетаның оң жақ бөлігінде - Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі (логотип).

Техникалық сипаттамалары:

Металл құрамы: нейзильбер/нибрасс
Массасы: 7,5 грамм
Диаметрі: сыртқы сақинасы - 26 миллиметр, ішкі дискі - 18,3 миллиметр
Қалыңдығы - 1,90 миллиметр
Қыры: 16 ойықтар.

Айта кетейік, номиналы 200 (екі жүз) теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болып қалады және айналыстан табиғи тозу шамасына қарай алынады.