Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың 18 жастағы ұлы Адам Қадыров республика батыры атағын екінші рет иеленді. Бұл туралы Шешенстан үкіметінің төрағасы Магомед Даудов айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Даудов кіші Қадыровты құттықтау мәтінін өзінің Telegram-арнасында жариялады. Жарияланымға сүйенсек, Адам Қадыровқа бұл атақты әкесі "мемлекет алдындағы ерен еңбегі, халыққа жанқиярлықпен қызмет еткені, арнайы әскери операцияны жан-жақты қолдауға бағытталған белсенді әрі жемісті қызметі үшін және Ресей күніне байланысты" берген.
"Бұл марапат Адам Рамзанұлының отансүйгіштігінің, оның жауапкершілігі мен Отанына деген адалдығының лайықты деңгейде танылуы болып саналады. Адам өз еңбегімен күн сайын Отанға және халық мүддесіне қызмет етудің биік принциптеріне адалдығын дәлелдеп келеді. Ол Шешенстан Республикасының тұңғыш президенті, Ресей батыры Ахмат-Қажы Қадыров негізін қалаған команда құрамында тиімді жұмыс істеп, жасампаздық, бірлік пен Отанға берілгендіктің игі дәстүрлерін жалғастырып жатыр", - деп жазды республика премьері.
Еске сала кетейік, Адам Қадыров Шешенстан батырының алғашқы жұлдызын 2023 жылдың қазанында, 15 жасында алған болатын. Соның алдында ғана оның әкесі кіші Қадыровтың Грозныйдағы тергеу изоляторында Құранды өртегені үшін тұтқындалған Никита Журавельді ұрып-соғып жатқан видеосын жариялаған еді. Ол кезде Шешенстан басшысы ұлының бұл әрекетін мақтан тұтатынын ашық мәлімдеген.
Осыдан кейін жасөспірімге марапаттар жауынша жауды: оған Қарашай-Шеркес және Қабарды-Балқар республикалары алдындағы еңбегі үшін ордендері, Татарстанның маңыздылығы жағынан екінші марапаты саналатын "Дуслаг" ордені, "Шешенстан Республикасының қорғаушысы" медалі және басқа да марапаттар тапсырылды.
Қазіргі уақытта Адам Қадыров Шешенстан басшысының көмекшісі, республика Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, сондай-ақ Гудерместегі Ресей арнайы жасақ университетінің кураторы қызметтерін атқарады.
Сәуірде ол Ахмат Қадыров атындағы "Солтүстік" арнайы моторландырылған полкінің 20 жылдығына орай естелік медалімен марапатталды.