"Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі курорт аумағындағы қызметтер бағасына қатысты әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланған мәселеге пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Ұлттық парктің баспасөз қызметі мәліметінше, парк тек жеке кәсіпкерлердің қызметін жүргізуге аумақ ұсынады, ал олардың қызметтері үшін тарифтерді реттемейді.
"Курорттық аймақтағы қызметтер деңгейіне, оның ішінде қайық станциялары мен дәретханаларға қатысты бағалар бойынша қойылған сұраққа байланысты мынаны түсіндіре кеткіміз келеді: "Бурабай" МҰТП расында да ұлттық парк аумағында қайық станцияларын орналастыруға орын береді.
Алайда баға белгілеу мәселелерін реттейтін уәкілетті орган емеспіз. Бұл саладағы өкілеттіктерге басқа мемлекеттік органдар ие, мысалы, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі немесе Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті", – деп мәлімдеді "Бурабай" өкілдері.
Ұлттық парктің баспасөз қызметі желі қолданушыларының бірі дәретхана бағасы 1000 теңгеге дейін жетеді деген ақпаратқа да пікір білдірді.
"Дәретханалар бағасы 1000 теңге деген ақпаратқа қатысты нақтылау қажет. Біз білетін мәлімет бойынша, аудан көлемінде қоғамдық дәретханаларды пайдалану ақысы 50-150 теңге аралығында. Қай нысан туралы айтылып тұрғанын нақты айту қиын", – деп түсіндірді ұлттық парк өкілдері.
Сондай-ақ, МҰТП өз қызметінің негізгі бағыты табиғатты қорғау және тұрақты туризмді дамыту екенін атап өтті.
"Бурабай" табиғатты қорғау мен тұрақты туризм саласында жұмыс істейді. Біз жайлы әрі қолжетімді туристік ортаны дамытуға мүдделіміз және қоғаммен, бизнес өкілдерімен конструктивті диалогқа ашықпыз", – деді баспасөз қызметі.
Скриншот: Threads
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!