Шектеу және карантин: Эболаның өршуіне байланысты қай елдер шекарасын жапты?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Шектеу және карантин: Эболаның өршуіне байланысты қай елдер шекарасын жапты? Фото:depositphotos.com

Африкада Эбола безгегінің өршуіне байланысты туризм индустриясы қиындықтарға тап болды. Ондаған елдің билігі қатаң шектеу енгізіп жатыр: 30 күндік кіруге тыйым салудан бастап, барлық келушілер үшін үш апталық міндетті карантинге дейін. Tengri Travel қазір шектеу қойған мемлекеттер тізімін жасады.


Африкада Эбола безгегінің өршуіне байланысты туризм индустриясы қиындықтарға тап болды. Ондаған елдің билігі қатаң шектеу енгізіп жатыр: 30 күндік кіруге тыйым салудан бастап, барлық келушілер үшін үш апталық міндетті карантинге дейін. Tengri Travel қазір шектеу қойған мемлекеттер тізімін жасады.

Қай елдерге кіруге тыйым салынды?

АҚШ

Өткен аптада АҚШ-та кейінгі 21 күн ішінде Конго Демократиялық Республикасына, Угандаға немесе Оңтүстік Суданға барған барлық шетелдік азаматтың елге кіруіне тыйым салынды. Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) нақтылағандай бұл тыйым грин-карта иелеріне де қатысты.

Канада

Канада үкіметі мәлімдеме жариялады, онда КДР, Оңтүстік Судан және Уганда тұрғындары 27 мамырдан бастап 90 күн бойы Канадаға кіре алмайтыны айтылған. Осы аймақтардан оралатын Канада азаматтары мен тұрақты резиденттері үшін 30 мамырдан бастап 21 күндік міндетті карантин енгізіледі, ешқандай симптомы жоқ адамдар да оқшауланады.

Багам аралдары

БАҚ-тың хабарлауынша, Багам аралдарының үкіметі жақында Конго Демократиялық Республикасына, Угандаға және Оңтүстік Суданға барған саяхатшылар үшін елге кіруге уақытша тыйым салды. Шектеулер 30 күнге есептелген және қазір күшіне енді.

Иордания

Иордания ақпарат агенттігі хабарламасына сәйкес, 20 мамырда Иордания Конго ДР мен Угандадан келетін саяхатшылардың елге кіруін 30 күнге уақытша тоқтатты. Тек Отанына оралатын Иордания азаматтары үшін ерекше жағдай жасалған.

Бахрейн

Bahrain News-тің хабарлауынша, 19 мамырда Бахрейн де Оңтүстік Судан, Конго ДР және Угандадан келетін шетелдіктердің кіруіне 30 күнге шектеу қойды. Осы аймақтардан оралған ел азаматтары үшін бөлек санитарлық ережелер қолданылады.

Қай жерлерде қосымша бақылау енгізілді?

Үндістан

24 мамырда Үндістанның Денсаулық сақтау министрлігі ірі халықаралық әуежайларда тексерісті күшейтті және азаматтарға Конго Демократиялық Республикасына, Угандаға және Оңтүстік Суданға барудан бас тартуды ұсынды.

БАҚ-тың хабарлауынша, елде жоспарланған Үндістан - Африка саммиті кейінге қалдырылды, сондай-ақ Халықаралық ірі мысықтар альянсының кездесуі де (оған жолбарыстарды, арыстандарды, қабыландарды, ягуарлар мен пумаларды қорғайтын 95 ел кіреді) тоқтатылды.

Тайланд

CNA мәліметінше, 26 мамырда Тайланд Уганда мен Конго ДР-нан келетін немесе сол елдер арқылы транзитпен өтетін барлық саяхатшы үшін 21 күндік міндетті карантин енгізді. Осы елдерден келген барлық жолаушы, ауру белгілері болмаса да, үш аптаға оқшауланатыны айтылған.

Мексика

Mexico Business News-тің хабарлауынша, Мексика Орталық Африкадағы Эбола безгегінің өршуіне байланысты әуежайлардағы бақылауды күшейтті. Тексерулер 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты қарсаңында қатаңдатылды. Денсаулық сақтау министрі Давид Кершенобич Мексиканың өзінде жұқтыру жағдайлары жоқтығын және қауіп өте төмен екенін атап өтті. Соған қарамастан, ол азаматтарға Конго ДР, Уганда және Суданға маңызды емес сапарларды әзірге шегере тұруды ұсынды.

Бұл Қазақстанға қатысты ма?

Қазақстанның індет ошағымен тікелей әуе қатынасы жоқ, сондықтан сарапшылар сабырға шақырады: қазіргі уақытта елімізге тікелей қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен, әуе сапарлары танымалдылығына байланысты қауіпті толығымен жоққа шығаруға болмайды.

20 мамырда Денсаулық сақтау министрлігі демалыс маусымы алдында туристерге арналған ұсынымдар жариялады. Сапарға шығар алдында азаматтарға баратын елдегі эпидемиологиялық жағдаймен алдын ала танысуға кеңес беріледі:

  • мүмкіндігінше Bundibugyo штамды Эбола жағдайлары тіркелген елдерге барудан бас тарту;
  • қолды үнемі жуып, антисептик қолдану;
  • инфекция жұқтырғандар қанымен және басқа да биологиялық сұйықтықтармен жанасудан аулақ болу;
  • тек қауіпсіз ауыз суды пайдалану;
  • шикі немесе термиялық өңдеуден жеткіліксіз өткен етті жемеу.

Алғашқы белгілер байқалған жағдайда міндетті түрде дәрігерге көріну қажет.

"Жеке гигиенаны сақтап, сапар кезінде сақтық таныту ерекше маңызға ие. Оралғаннан кейін денсаулық жағдайын мұқият бақылау қажет. Қандай да бір белгілер пайда болған жағдайда дереу дәрігерге қаралып, сапар туралы хабарлау керек. Өз бетінше емделуге болмайды", - деп ескертті министрліктегілер.

Тағы оқыңыз: ДДСҰ Эболаға байланысты халықаралық дабыл жариялады: бұл Қазақстан үшін нені білдіреді?

TengriTravel
;