Неге ұшақ борты үнемі салқын болып тұрады? Бортсеріктер салондағы температура әдеттегі "бөлме" температурасынан неге төмен болатынын айтты, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі DailyMail басылымына сілтеме жасап.
Халықаралық рейстердің аға бортсерігі Джей Роберттің айтуынша, ұшақта салқын болуы кездейсоқ емес, бұл – күрделі инженерлік шешім.
"Ұшақ әуежайда тұрғанда, оны сыртқы салқындату жүйесімен салқындатады. Бірақ әуеге көтерілген соң бәрі қозғалтқыштан қуат алатын ішкі жүйеге байланысты", – деп түсіндірді Роберт.
Температураны басқару – бір адамның қолындағы іс емес. Негізгі бақылау – ұшқыштардың құзырында, дегенмен бортсеріктер арнайы панель арқылы салон ішіндегі температураны сәл өзгерте алады. Бірақ айтарлықтай өзгерістер енгізу үшін олар ұшқыштар кабинасымен байланысуы керек.
Ассоциация өкілі Тейлор Гарлендтің айтуынша, ұшақ салоны бірнеше температуралық аймаққа бөлінеді. Бұл әртүрлі бөліктердегі жолаушылардың қалауына ішінара бейімделуге мүмкіндік береді.
Тәжірибелі бортсерік Джей Роберттің айтуынша, салондағы салқындықтың кем дегенде үш орынды себебі бар.
Біріншіден – бұл қауіпсіздік мәселесі. Роберт 600-ден астам жолаушысы бар рейстердің бірінде салон температурасының 23 °C-тан аспауын бақылағанын айтты.
"Егер ұшақ ішінде температура 24 °C-тан жоғары көтерілсе, адамның есінен тану қаупі артады", – деді ол.
Екіншіден, салқын ауа биіктіктегі құрғақтық пен қысым ауытқуларымен күресуге көмектеседі. Бұл бас айналу ықтималдығын төмендетеді.
Үшіншіден, ең күтпеген, бірақ жиі ұшатын жолаушылар үшін түсінікті себеп – салқын салонда иіс аз болады. Роберттің айтуынша, жылу "иіс молекулаларын белсендіреді", ал температура неғұрлым жоғары болса, салонда "жағымсыз" иістің пайда болу қаупі де соғұрлым артады.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!