26 қараша 2021 12:51

"Үшке оқитындар саны 1,5 есе артты" - Алматыдағы РФММ директоры қашықтан оқытуды қорытындылады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің директоры Алмаз Күнғожин "Online мектеп" жобасы аясында Tengrinews.kz тілшісіне пандемия және қашықтан оқыту кезіндегі қиындықтар мен сынақтар туралы айтып берді.


Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің директоры Алмаз Күнғожин "Online мектеп" жобасы аясында Tengrinews.kz тілшісіне пандемия және қашықтан оқыту кезіндегі қиындықтар мен сынақтар туралы айтып берді.

"Онлайн оқыту барлық процеске айтарлықтай әсер етті, бұл кез келген мектепке оңай емес. Біз үшін де солай. Әрине, біз белгілі бір тұрғыда дайын болдық. Бізде әр оқушының корпоративтік электрон поштасы бар, бұлттық сақтау көлемі шексіз. Бірақ қашықтан оқуға көшу қиын болды. Көктемгі каникул кезінде бұл мәселе бойынша мектеп әкімшілігі белсенді жұмыс істеді. Жұмыс жақсы атқарылды. Біз бір мезгілде онлайн оқытуды жүзеге асырдық. Сабақтар Google Meet-те өтті", - деді РФММ директоры. Ол кейбір мұғалім онлайндағы аспаптарды әлі де пайдаланып, оларды күнделікті жұмысымен біріктіретінін айтады.


Суретті РФММ әкімшілігі ұсынды

"Біз синхронды сабақ өткіздік. Бұл жүйеде оқыту ең үлкен сынақ болды. Демалыс кезіндегі 10 күн бойы көп нәрсені талдадық: не істей аламыз, оны қалай істейміз? Аспаптарды таңдадық. Кейін мұғалімдерді, оқушыларды, ата-аналарды үйреттік, онлайн жиналыс өткіздік. Бұл процесті ұйымдастыру оңай болмады. Оның үстіне бұл бәріне алғаш рет болды", - деп қосты Алмаз Күнғожин.

Мектеп оқушыларының 30 пайызы - Қазақстанның әр өңірінен келген дарынды балалар. Олар РФММ жанындағы интернатта тұрады. Директордың айтуынша, бұл оқушыларға қашықтан оқу әлдеқайда қиын болды. "Кейбірі шалғай ауылда тұрады, оларда интернет, компьютер мәселесі қиынға соқты. Алып кете алатындарға мүмкіндігінше тараттық", - деді ол.

РФММ директорының айтуынша, онлайн оқыту басталған кезде кейбір мұғаліммен қоштасуға тура келген.

"Өкінішке қарай, бізде зейнет жасындағы жақсы мұғалімдер бар еді. Бірақ олардың көзі дұрыс көрмеуіне байланысты қашықтан оқыту қиынға соғып, зейнетке шығуды ұйғарды. Сөйткен бірнеше мұғалім болды. Әрине, мұғалімдер көзі дұрыс көрмей бастағанын айтып, шағымданады: көп уақытын компьютер алдында өткізді. Көпшілік онлайн оқыту мұғалімнің жұмысын жеңілдетеді деп ойлады. Бірақ жұмыс екі есе артты. Біріншіден, олар әр сабаққа бөлек презентация дайындады. Жұмысты тексеру де қиын, бұл мектеп дәптері емес", - деді Алмаз Күнғожин.

Оның айтуынша, қашықтан оқыту басталғанда оқушылардың ата-аналарынан гөрі мұғалімдерден көп шағым түскен.

Мектептегі сауалнамаға қатысқан мұғалімдердің көпшілігі, дәлірек айтқанда, 40 пайызы қашықтан білім беру аспаптарын меңгеруде қиындық көрмедім деп жауап берсе, 36 пайызы кей тұста қиындық болғанын айтқан, ал 20 пайызы белгілі бір қиындық болғанын, бірақ оны еңсергенін мәлімдеген.

Оқушылардың 27,6 пайызы қашықтан немесе офлайн режимінде оқудың үлкен айырмашылығы жоғын байқаған. Оқушылардың дәл сондай пайызы қашықтан оқу қиынырақ болғанын айтқан. Бұл ретте мұғалімдердің 44 пайызы онлайн білім берудің артықшылығынан гөрі кемшілігі көп деп жауап берген. РФММ мұғалімдерінің көпшілігі немесе 52 пайызы артықшылығы көп екенін айтқан.

Ата-аналардың шағымындағы негізгі мәселе оқу үлгерімінің төмендеуі болды.

"Ата-аналар баланың оқу үлгерімі төмендегенін айтады. Оқушы сабақты жеңілдеткісі келеді, үйде болған кезде "досының көмегін" пайдалануға тырысатыны түсінікті. Әрине, кім сабақ оқығысы келмеді, солардың көрсеткіштері нашарлады. Бірақ бұл қыркүйекте бірден белгілі болды. Кейбір баланың білімі нашарлағаны байқалды. Дегенмен, кейбір бала үшін бұл проблема болмай, жиналып, дұрыс оқыды", - деп толықтырды ол.

Оның айтуынша, барлық мектепте оқу үлгерімі төмендеген. Салдарынан биыл үшке оқитындар мен мектептен шығарылған оқушылар саны артқан.

"Иә, биыл мен алдыңғы жылдардағы бірінші тоқсанның нәтижелері бойынша үшке оқитындардың пайызын салыстырсақ солай болып тұр. (...) Амал не, бейіндік екі пәннен үшке шыққандарды мектептен шығарамыз. Белгілі бір өсім болды. Оқушыларды жыл сайын шығарамыз, биыл сәл көбірек шығардық. Егер әдетте 20 оқушы оқудан шығарылса, биыл - 30", - деді Алмас Күнғожин.

Алайда ол мектептен шығарылған оқушылар саны көп болуының басқа да себебі барын айтты: 2020 жылы мектепке қабылдау 220-дан 570 оқушыға дейін артқан. Былтыр жаңа оқу корпусы ашылған, осыған байланысты 350 грант қосылыпты.

"Сәйкесінше, жаңадан қабылданған оқушылардың орташа деңгейі әдеттегіден әлдеқайда төмен болды. Әдетте оқушылар оқудың бірінші жылынан кейін шығарылатындықтан, биыл олардың саны көп болады деп күтілген, бұған онлайн оқу себеп болмады. Керісінше, онлайн режимінде оқушылар "көмек сұрап", жақсы бағалар ала алды. Біз қазір офлайн оқытудың бірінші тоқсанының нәтижелері бойынша проблемаларды көріп отырмыз. Атап айтқанда, үшке оқитындардың салыстырмалы саны (үлесі) артты, екіге оқитындар да көбейді", - деп түсіндірді Күнғожин.

Суретті РФММ әкімшілігі ұсынды

Сондай-ақ, физмат директоры олимпиадаларға қатысу туралы айтып берді. Ол РФММ республикалық олимпиадада бірінші орын алғанын айтты. Халықаралық олимпиадаларға да қатысқан.

"Оның бәрі онлайн режимінде өтті. Әрине, бұл олимпиада рухын бермейді. Дегенмен, республикалық олимпиаданың нәтижелері бойынша біздің мектеп бірінші орын алды. Халықаралық олимпиадалар, әрине, онлайн-режимде өтті. Оған қатысқан оқушы аз болды, бірақ жүлделі орындар бар. Дегенмен қазылар алқасының көптеген мүшесі олимпиадаларда да білім деңгейі төмендегенін айтады", - деп түйіндеді ол.

Tengrinews.kz "Online мектеп" жобасын "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтымен бірге жүзеге асырып жатыр. Оның аясында сайтта білім беру мен психология саласындағы мамандармен онлайн оқыту ерекшеліктері тақырыбында материалдар жарияланады.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 447.35   490.7   4.75 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети