Қызылорда тұрғыны көлігін сатып алушымен ауызша келісіп, бөліп төлеуге сатқан. Соңғысы төлем міндеттемелерін орындамаған соң, сатушы көлікті қайтаруды талап етті. Дау сотқа дейін жетті, алайда тараптар өзара келісімге келді, деп хабарлайды Tengri Auto Қызылорда қалалық сотына сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың шілдесінде автокөлік иесі көлікті басқа адамға берген. Сатып алушы көлік құнын ай сайынғы төлемдермен бөліп есеп айырысуы тиіс болған.
Тараптар жазбаша келісімшарт жасамаған: мәміле шарттары ауызша келісілген. Алайда сатып алушы өз міндеттемелерін орындамаған, кейін автокөліктің бұрынғы иесі сотқа жүгініп, көлікті қайтаруды талап еткен.
Істі қарау барысында тараптар дауды жалғастырмауға шешім қабылдап, медиативтік келісім жасады.
Келісім шарттары бойынша, сатып алушы жинақталған берешекті және автокөліктің қалған құнын ай сайын өтеуге міндеттелді. Ал сатушы қарыз толық төленгеннен кейін көлікті оның атына рәсімдеп беруі тиіс.
Сот медиативтік келісімді бекітіп, іс бойынша өндірісті тоқтатты. Осылайша, жазбаша келісімшарттың болмағанына қарамастан, тараптар сот арқылы есеп айырысу тәртібін және автокөлікті кейін қайта тіркеу мәселесін бекітіп алды.
Бұған дейін Астанада ұқсас оқиға сатушы үшін әлдеқайда жағымсыз аяқталған еді. Ер адам автокөлікті бөліп төлеу шартымен сатып алушыға берген, бірақ ол байланысқа шығуды тоқтатып, көлікпен бірге ізін суытқан. Иесі көліктен де, ақшадан да айырылып, шығын көлемі шамамен 7 миллион теңге болды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.