09 желтоқсан 2016 21:37

Қыдырәлі Болманов "тоқал алу" туралы қауесет жайлы: Бізді неге жоқ нәрсе қызықтырады?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қыдырәлі Болманов © Xmusic.kz Қыдырәлі Болманов © Xmusic.kz

Танымал әнші, тележүргізуші әрі продюсер Қыдырәлі Болманов "тоқал алу" туралы қауесеттің қайдан шыққанын айтып берді және әлеуметтік желілерде айтылып жатқан сындарға қатысты пікірін білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Танымал әнші, тележүргізуші әрі продюсер Қыдырәлі Болманов "тоқал алу" туралы қауесеттің қайдан шыққанын айтып берді және әлеуметтік желілерде айтылып жатқан сындарға қатысты пікірін білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Еске салайық, осыған дейін Болмановтың сұхбаты шығып, сол сұхбатында ол "амалсыздан тоқал туралы қауесет ойлап тапқанын" мәлімдеген болатын. Бұдан кейін әлеуметтік желіде кейбір қолданушылар оған сын айта бастаған еді.

Әншінің айтуынша, шын мәнінде тоқал жоқ, бұл тек қауесет қана. "Ал көпшілікті жоқ дүние қызықтырады. Мемлекет үшін қандай маңызды іс жасап жатсаң да, бұған назар аудармайды. Бәріне тоқал туралы аңыз қызық. Аңыз адамдарға ойда жоқта негативін шығаруға қиял береді. Жоқ дүние бала тәрбиелеп отырған, барлығы білетін адамға күйе жағуға мүмкіндік береді. Бірақ сол күйе жағып, жаман сөздер жазатын адамдардың негативі қалып қоймайды, өзімен бірге кетеді. Сөзбен байланысы бар мамандықта жүрген бауырларым мен қарындастарыма өте сақ болуын сұраймын. Мен үшін емес, мен әу бастан таза адаммын. Ашынам жоқ, екінші, үшінші әйелім жоқ. Жалғыз әйелім Қарақатым бар. Ешкім ортамызға ешқашан түспеген. Мұндай мәселе ешқашан көтерілмеген. Менікі дұрыс болды ма, бұрыс болды ма, бірақ мен бірдеңе істегім келді. Дұрыс-бұрысын бір Алла біледі. Мен барымды бәйгеге тігіп, әйтеуір бір іс жасадым. Қайталап айтамын, кім қалай күй жаққысы келсе де, Қарақат екеуміздің ортамызға ешкім түспеген, біз біргеміз", - деді ол.

"Журналистердің осындай дүниелерге қызығатын тобы қайдан шықты екен? Жан жоқ, журналистік сараптама жоқ, салғастыру жоқ. Тек атыңа кір келтіру бар. Біреулер енді тоқал туралы аңызды Отанымның егемендігімен немесе жеріммен байланыстырғысы келеді. Осыдан соншалықты шатпақ дүние жасап, оны тағы біреу іліп алып, рахаттана жариялап, күйе жағады. Тіпті кейбіреулер менің жеке шаруама араласып, менен мін тапқысы келеді. Бірақ менен мін іздесе, ол менің өзіме жақсы. Себебі бұдан ары көрсететін, айтып беретін дүнием көп. Мұнда мәселе мынада. Сол уақыттағы жағдайды түсіндіріп көрейін. 17 мамырда толқулар болды. Instagram желісін ашып, өз көздеріңізбен көре аласыздар. Әлеуметтік желінің қалай толқып тұрғанын байқайсыздар. "Жерді алып жатыр", "Жерді жалға беріп жатыр" немесе "Бермей жатыр" деп көп айтылды. Біз де осы күні қатты уайымдадық, бірақ біз үнімізді шығара алмадық. Себебі бізден талап күшті еді. Нар тәуекелге бару керек десе, басымды берер едім. Бірақ мұнда біз алаңға шығармауды ойлануымыз керек болды. Себебі сол уақыттарда түрлі суреттер мен видеолар шыға бастады. Сол видеолдарда құтыларға керосин құйылғаны және сол сияқты тағы басқа әрекеттер болды. Бұл бір ауызбен ғана айтып отырған сөзім, ал негізінде өте қауіпті болды. Бұл қауіпті біз де сезіп отырдық. Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін адамбыз, біз жанымызбен халықпен біргеміз. Әйтпесе біз халық үшін ән айта алмас едік те, халық бізді тыңдай алмайтын да еді. Сондықтан біз қаттырақ уайымдап, күштірек сезіндік. Жеке өз басым осылай сезіндім. Осы мақсатта 16 мамырда Алматыға ұшып келдім. Арнайы келдім. Барлығымен әңгімелестім. Жауабын таппаған екі сұрағымыз болды - "Адамдарға не айтамыз?". "Шығыңдар" деп, адамдарды да, өзімізді де қауіпке байлай алмаймыз. Бұдан еш жақсылық таппаймыз. Бізге соғыстың еш керегі жоқ. Бастысы қауіпсіздік. Себебі мұнда үшінші күштер араласып кетіп, керосин лақтыра салуы мүмкін еді. Болды. Қауіпті сезіп отырсыз ба? Кішігірім қате әрекет еттің бе, бітті. Сосын оның алдын қалай аламыз? Айтыңызшы. Бірақ бір жағынан "үндемедің" деп сөгетіндердің сөзі психологиялық тұрғыдан қатты қысым болды. Мен өмірімде алғаш рет не "иә" не "жоқ" деп айта алмадым. Барлық әріптесім солай қиналды. Себебі халық "неге тығылып жатсың?", "сенің айтатын жөнің бар ғой" дейді. Біз құдды бір елші сияқтымыз. Шынында сондай шығармыз. (...) Мен осы күйден тәуліктеп шыға алмай жүрдім. Барлығымен кеңестім, бірақ ешкім де "айтайық" не "айтпайық" дей алмады. Білмейміз. Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей қалай қарекет қылсақ деп ойландық. Өте күрделі мәселе. Ал енді өзінің жылыжайында отырып алып, ештеңенің байыбына бармай, маған кір келтіргісі келетіндер осы мәселенің шешімін айтып көрсінші. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында сол үшін қолынан келгенін жасап, жан-тәнімен соған берілген адамға күйе жағу... Күйе жағып, сол ісін белсенді жүргізіп отырғандардың әрекетіне себеп іздеймін. Не үшін? Заты жоқ аңыз үшін бе?", - дейді Болманов. 

Осыдан кейін продюсер "тоқал алу" туралы аңыздың қалай шыққанын түсіндірді.

"Мен ағаларыммен хабарластым. Тәулік бойы осымен айналыстым. Сосын таңғы 5.00-де келіп, кәсіпқой маркетологпен ақылдастым. Халықтың назарын қалайша басқаға аударуға болады деп сұрадым. Мен тұлға ретінде не істей аламын? Тығылып отыра алмаймын. Ертең "шығайық!" деп сөз сөйлесем, онда мен адамдардың басын қатерге тігер едім. Тығылып қалсам, мені ешкім де кешірмейді. Мен тығылатын адам емеспін. Мен тығылмай, өз ойымды батыл айту үшін жаралған адаммын. Қандай жағдай болса да. Халқыма қажет болды ма, мен "Ұлытау" тобын құрып, Америкаға ұшып барамын. Еліме не қажет болса, мен соны жасап шығарамын. Компания десе, оны ашамын, институт десе, оны да ашамын, диссертация қорға десе, оны да қорғап, халықаралық деңгейде қорғап шығамын. Мен бұл үшін қолымнан келгенін жасаймын. Барлық жобамда да осыны көрсетіп келемін. Бірақ сол уақыттары қатты уайымдап, елдің назарын қалай аударсам екен деп жол іздедім. PR-қадамдар бар ғой. Біреу бірдеңе сату үшін PR-технологияны қолданады. Соны талқылай бастайды. Тіпті қарапайым балмұздақ өндірушілердің өзі осы жайлы ойланып, қара PR-дың саудаға пайдасы бар екені анықталады. Мен бұл жерде осы маркетингтегі қулықтармен салыстырып отырғаным жоқ, бірақ PR деген түсінік бар. Сен осы қадам арқылы назарды басқа жаққа аударасың. Мұндай технология бүкіл әлемде бар. Қажетті кезінде елдің назарын аудару ғана. Сонда немен назар аударсақ екен деп ойлана бастадық. Сол кезде шығып алып, "Шықпай-ақ қойыңдар, оны заңмен шешеміз" десем ешкім де түсінбес еді. Енді не істеу керек? Менің орныма өзіңізді қойып көріңізші. Мен мұндай қадамдарды жасап көрмегенмін, бұл шешімді мен кеңесу арқылы жасадым. Мен жалпы топтың атын шығару керек болғанда да, басқа істерде де мұндай қадамға барған емеспін. Әрдайым сауаты ашық, көзі қарақты жұрт үшін лайықты жұмыс істедім. Менің бір ұққаным, "тоқал" туралы PR-ға дейін ең үлгілісі біз болдық. Төлеген мен Жібектей болдық, махаббатқа өзіміз қол жеткізіп, бір болған едік. Жаратқанға осы сыйы үшін мың алғыс. Отбасын құрдық. Халықтың өзі бізді үлгілі отбасы деп ат беріп, әрдайым тұсау кестіріп, тойларға шақырады. Осыдан халықтың сенімі, құрметі білінеді. Instagram желісінде де, ерінбей оқып көрсеңіз, сондай тілек-ниеттер жазып жатады. Бұл, әрине, жаныңа жылу сыйлайды. Әрдайым солай болды. Бірақ маған кеңесшілер осы тоқал алу туралы PR-қадам жайлы айтты. Біздің ең қымбат байлығымыз осы еді. Осы байлығымызды тәуекелге тігу керек деп кеңес берілді. Маркетологтар "Үлгілі отбасында өмірі болмайтын бір сөз айту керек, елді елең еткізу керек" деп кеңес берді. Сонда ғана осы тоқал туралы қауесет шықты. Бұл әңгімені кім, қалай ойлап тапқанын мен айта алмаймын. Себебі біз сол уақытта мүлдем басқа дүниемен бас қатырдық. Мен бұл қадамымыздан не шығатынын да түсінбедім. Бір түсінгенім, бұл қауесеттің көптің назарын басқаға аударатыны еді. 18-і күні кешкі уақытта және 19-ы күні таңғы уақытта осы әңгіме осылай шыққан еді", - деп баяндады Қыдырәлі Болманов. 

"Қайталап айтамын, мен митингтен құтқардым деп айтудан аулақпын немесе адамдардың тағы сол сияқты шулатып жүргеніндей айтатын ақымақ адам емеспін. Мен не істеп жатқанымды білемін. Бір құдай көріп тұр, бұл ниетіңе байланысты, немен болса да назарды басқаға аудару керек болды. Ең қымбат байлығымды қатерге тіксем де, абыройымның халқымнан, жерімнен, жастарымнан қымбат емес екенін мен білемін. Егер сол жастар шықса, қауіп сонда болар еді", - дейді Болманов.

Оның айтуынша, жер дауы мәселесі көтерілгенде әйтеуір бір елең еткізерлік қауесет шығару керек болған. "Ел-жұрттың бәрі жер мәселесіне бей-жай қалмады. Барлығы да осыны уайымдады. Бұл өте қауіпті еді. Жеріңнен айырылып қалатын сияқты жағдайда болудың қандай екенін айтып түсіндіру мүмкін емес. Тура солай уайымдағандардың бірі мен едім. Осыдан ешкімнің көңіліне тимейтін, ешкімнің наразылығын оятпайтын және ешкімге бұйрық бермейтін бір әңгіме тарату керек болды. Ең болмағанда бірдеңе істеу керек болды. "Шығыңдар" я "шықпаңдар" деп айта алмаған соң, әйтеуір бір сөз айтуым керек болды. Себебі жаратқанның алдында арым таза болсыншы дедім. Мен ешкімге ештеңе қарыздар емеспін. Сондықтан осы жауапкершілікті алуыма тура келді. Бірақ осының барлығы менің ойымда еді, бұл пікірімді ешкімге айғайлап айтып жатпадым. Айтпаймын да. Мен қолымнан келгенін жасадым. Ал бұл ісім шеруге қалай әсер еткенін, пайдалы болды ма, жоқ па - мен білмеймін. Бұған зерттеу жүргізген мамандар жауап бере алады. Мен бұл ісіммен шеруді қолдаған да жоқпын, даттаған да жоқпын. Мен оны ұйымдастырған жоқпын. Бірақ егер қажет болса, танктің алдына жатуға да дайынмын. Мұны бар жауапкершілігіммен айта аламын", - дейді Болманов.

"Менің жүрегім дамыл таба алмады. Не айтамын? Табиғатым сондай адаммын. Мен ешқашан тығылмаймын. Адымдарым анық, түсінікті және көрініп тұр. Енді мен сол кездегі қиналысымды, жүрегімді қазір мені жапа-тармағай жамандап жатқан қазақтың ұл-қыздарына, өзімнің бауыр-қарындастарыма дәл қазір оны түсіндіру қиын да шығар. Ал ол кезде мен оны түсіндіретін уақытым да, ойым да болған жоқ. Мен әйтеуір бірдеңе істегім келді. Әйтеуір үндемей қалмауды ойладым. Сосын осындай шешімге келдік. Енді қарап отырсақ, әлеуметтік желінің қалай жұмыс істейтінін, тоқал деген сөздің қалайша әсер ететінін, оның тіпті бомба болғанын мойындаймыз ғой. Оның бомбалығы кішкентай ғана әңгіменің адамды таңырқатып қоймай, жанды жеріне тиетінінде. Міне, осы бомба деп аталады. Ал бірақ шын мәнінде мұндай аңыз жоқ қой. Мұның барлығы әлеуметтік желілердің, журналистеріміздің қызығушылығын, оқырмандардың да қызығушылығын көрсетіп отыр. Қазір бәріне де "тоқал" деген сөзі бар әңгімелер ұнайды, рейтинг соған құрылып отыр", - деп қорытындылады Қыдырәлі Болманов өз сөзін.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 449.57   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети