18 қазан 2021 14:41

Ғалым Қазақстанда ғылыми зерттеушілер тап болатын мәселелерді атады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Назарбаев Университеті химия кафедрасының профессоры Тимур Атабаев "Білімді ұрпақ" жобасы аясында Қазақстанда жас ғалымдардың қандай болашағы барын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Назарбаев Университеті химия кафедрасының профессоры Тимур Атабаев "Білімді ұрпақ" жобасы аясында Қазақстанда жас ғалымдардың қандай болашағы барын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Тимур Атабаев 2012 жылы 28 жасында Пусан ұлттық университетінің Наноғылым және нанотехнология колледжінде философия докторы дәрежесін алған. 2012 жылдан 2017 жылға дейін Пусан және Сеул ұлттық университеттерінде профессор-зерттеуші болып жұмыс істеді. 2017 жылдан бастап Назарбаев Университетінде жұмыс істеп, нанотехнологиялар саласындағы зерттеулерін жалғастырып жатыр. Scopus ақпараттық-талдау жүйесінің нұсқасы бойынша "Жылдың жас ғалымы" (2018) және Web of Science ақпараттық-талдау жүйесінің нұсқасы бойынша "Ғылым көшбасшысы" (2020) халықаралық наградаларын алған. 2020 жылы Micro & Nano Letters (Ұлыбритания) халықаралық журналының қауымдастырылған редакторы болып тағайындалды. Америкалық химия қауымдастығының (ACS), Корольдік химия қауымдастығының (RSC) және Материалдарды зерттеу қоғамының (MRS) белсенді мүшесі.

"Біз өте кішкентай, адам шашының диаметрінен он мыңдаған есе аз құрылымдардың оптикалық, магниттік және электрон қасиеттерін зерттейміз. Мұндай құрылымдарды көзбен көру мүмкін емес. Ол үшін біз өте қуатты электрон микроскоптарды қолданамыз. Бір қызығы, наноматериалдардың белгілі бір қасиеттері макромир объектілерінен қатты ерекшеленеді. Біз бұл білімді каталитикалық қасиеттері бар материалдар алу үшін, күн энергиясын тиімді жинау және конверсиялау үшін қолданамыз. Оны микроэлектроникада, биомедициналық мақсаттарда, наносенсорлар, жабындар және т.б. жасау үшін қолданамыз. Жалпы, наноқұрылымдарды қолдану аясының шегі жоқ", - деді Атабаев.

Оның айтуынша, ол мектептің тоғызыншы сыныбында ғылыммен айналыса бастаған. Оған қатты дене физикасы саласында ғалым болып жұмыс істейтін әкесі үлгі болыпты. "Бала кезімнен жан-жағымда көптеген аспап болды, оның кейбірін біз осы күнге дейін қолданамыз, алайда олар дәлірек және жақсырақ бола түсті", - деп атап өтті ғалым.

Назарбаев Университетінің профессоры жас ғалымдар жұмыста қандай қиындықтарға тап болатынын айтты.

"Жалпы, қиындық көп деп айтпаймын, бірақ бастапқыда, ғылыми қызметіңізді жаңа бастаған кезде, әріптестеріңіз күмәнмен қарайды: топты бастап жүре аласыз ба, Қазақстанда зерттеулеріңізді жалғастыра аласыз ба? Бұл жағдайда сіз кәсіби маман екеніңізді көрсетуіңіз керек. Қазақстанда бірегей зерттеулер жүргізіліп жатыр, бірақ бірқатар қиындық та бар. Қарапайым мысал - реагенттер мен материалдарды жеткізу. Олар бізге тез дегенде бірнеше айдан кейін келеді. Бұл біздің ғылыми қызметімізге айтарлықтай кедергі келтіреді, өйткені бірнеше айдан кейін сіз басқа істермен айналысуыңыз керек: дәрістер, есептер және т.б. Одан бөлек, біз белгілі бір тыйымдарға (улар, прекурсорлар) байланысты кейбір реактивке тапсырыс бере алмаймыз. Бұл реактивтер өте қауіпті екенін түсінеміз, бірақ кейбір зерттеу олсыз болмайды. Ғалымдар алға жылжуы тиіс, ал реактивтер мен жабдықтар болмаса, олар ғылыми зерттеулерден тыс қалуы мүмкін", - деді Атабаев.

"Салдарынан, егер сіз зерттеуді кешіктірсеңіз, онда көп жағдайда жұмыстың жаңалығы жоғалады, өйткені әлемде кем дегенде бірнеше зертхана соған ұқсас зерттеумен айналысады және олардың нәтижесі сіздікінен бұрын жариялануы немесе авторлық құқықпен қорғалуы мүмкін. Әрине, зерттеулеріңізді аздап өзгертуге, жақсартуға болады, бірақ өз нәтижеңізді беделді журналдарда жариялау мүмкіндігіңіз азаяды, сондықтан аса танымал емес журналдарға жүгінуіңізге тура келеді", - деді химик.

Ол шетелде білім алу туралы пікірін бөлісті.

"Шындығында, білім беру сапасы бүкіл әлемде ақсап тұр, бұл Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ көптеген дамыған елдің, соның ішінде АҚШ-тың да проблемасы. Білім беруде мынадай заңдылық бар: егер адамға қандай да бір сала қызық болса, ол кәсіби маман ретінде даму үшін бәрін істейді. Сондықтан кейде рейтингі төмен жоғары оқу орындарының түлектері өте беделді университеттердің түлектерінен жақсы болуы мүмкін. Қазақстанда халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын жақсы мектептер мен зерттеу топтары бар. Сондықтан біз жақсы үміткерлерді іздестіру бойынша белсенді жұмыс жүргіземіз", - деді Назарбаев Университетінің профессоры.

Ғылыми қызметке қатысты ол ғалымдардың жұмысын бағалаудың негізгі критерийі жоқ екенін атап өтті, бірақ екі маңызды тұсын айтуға болады. Бұл ғалымдардың зерттеу кезіндегі ынтасы - рейтингі жоғары халықаралық журналдарда белсенді жариялау. Екінші маңызды тұсы - дәйексөз саны. "Егер жұмыс дәйексөз ретінде келтірілсе, онда ол халықаралық деңгейде маңызды және олар кейінгі ашылулар кезінде пайдаланылады. Менің зерттеу саламда теоретиктер де, практиктер де өте маңызды, бірі қызық қасиеттері бар материалды теориялық тұрғыдан болжаса, ал екіншісі материалды синтездеп, тәжірибе жүзінде тексере алады. Атап айтқанда, мен - практикпін және уақытымның 60 пайыздан астамын қызметкерлермен бірге зертханада өткіземін", - деді Атабаев.

Ол қазақстандық жас ғалымдарды қандай болашақ күтіп тұр деген сұраққа жауап берді.

"Жалпы, Қазақстан мен Орта Азия елдерінің өсу әлеуеті зор. Мұнда өсуге көптеген мүмкіндік пен жақсартуға болатын көптеген зат бар. Бірақ қаржыландыру жетіспеушілігінен немесе университеттер мен өндіріс арасындағы байланыс нашар болуынан талантты жастың басым бөлігі басқа салаларға ауысады немесе шетелге кетуге тырысады. Егер сіз өршіл әрі білікті қызметкер болсаңыз, әрқашан және барлық жерде сұраныс болады", - деді ғалым.

Назарбаев Университетінің профессоры Қазақстанда ғылыми карьерасын енді ғана бастаған жас ғалымдарға бірнеше кеңес берді.

"Бірінші және ең маңызды кеңес - немен айналысқыңыз келетінін анықтау. Соны анықтасаңыз, сол мамандық бойынша жоғары оқу орнын іздеуге кірісе беруге болады. Егер одан әрі оқу және магистратура немесе докторантура дәрежесін алу туралы ойласаңыз, онда жақсы ғылыми жетекшіні таңдауыңыз керек. Жоғары оқу орны туралы шешім шығарғаннан кейін ғылыми жетекшілердің портфолиосын қараңыз - жұмыстары тұрақты негізде жариялана ма, оның сапасы, зерттеу тақырыбы, дәйексөз саны. Егер сізге бәрі ұнаса, ол адаммен байланысып, өз кандидатураңызды ұсынасыз. Таңдаған жетекшіңіз қазір қандай жобалармен айналысып жатқанын және болашақта сізбен бірге қандай жобаларды дамытуға болатынын, жобаны сәтті жүзеге асыру үшін жабдықтар немесе жағдайлар бар-жоғын бірден талқылаған дұрыс", - деп кеңес берді ғалым. Ол профессорлармен жұмыс істеуге тілек білдірушілер көп болатынын, олар болашағы бар кандидаттарды таңдайтынын айтты.

Ғалымдар жұмысын жеңілдету үшін білім беру жүйесінде нені өзгерткіңіз келеді деген сұраққа ол бірнеше факторды атады.

  • Қазақстанда мемлекеттік гранттарға өтінім беру қиын, себебі грант өтінімін бірнеше тілге аудару қажет. Оның пікірінше, құжаттарды бір тілде, мысалы, ағылшын тілінде беру жеткілікті болар еді, өйткені бұл көптеген елде жиі кездеседі. Бұл өтінімді дайындауды едәуір жеңілдетеді және ғалымдардың зерттеуге қосымша уақыты табылады. Оның орнына ғалымдар қабылдамай қалуы да мүмкін болса да, грант өтінімін аударуға көп уақыт жұмсайды.
  • Тағы бір күрделі процедураға мемлекеттік гранттардан реагенттер сатып алуды жатқызуға болады, біріншіден, қаражат көбіне кеш бөлінеді, екіншіден, мақұлданған реагенттер келген кезде келесі есепті кезең басталады. Есеп беру процедурасы тиімсіз, мемлекеттік грант алған ғалымдар жылына бірнеше рет есеп беруі керек, мысалы, шетелде барлық ғылыми есеп әдетте жыл аяғында бір рет жазылады.

Ғалымның пікірінше, Білім және ғылым министрлігі Қазақстанның жоғары оқу орындарын техникалық жабдықтауға қаражат бөлу мәселесін де қарастыруы тиіс. "Бізге басқа университеттерден зертханада ешқашан жұмыс істеп көрмеген адамдар келеді, салдарынан біз алдымен оларға негіздерін үйретуіміз керек, содан кейін ғана оларға эксперимент жасауға мүмкіндік береміз. Сондай-ақ, жастарды ғылымға белсенді түрде тарту керек деп санаймын, бұл ең алдымен елдің дамуы үшін қажет. Атап айтқанда, жастар клубтарын құру және Қазақстан ғалымдары мектептерде дәріс өткізуі қажет", - деп түйіндеді жас ғалым.

Tengrinews.kz "Білімді ұрпақ" жобасын "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтымен бірге жүзеге асырып жатыр. "Білімді ұрпақ" жобасының мақсаты - Қазақстандағы адами капитал байлығын көрсету және белгілі бір деңгейде күш-жігер салынып, мақсатқа ұмтылса, әркім де бағындыра алатын мүмкіндіктерді көрсету. Оның аясында жас ғалымдар, әлемнің жетекші университеттерінің студенттері, инноваторлар, инновациялық стартаптарды жасаған жас кәсіпкерлер және т.б. туралы материалдар жарияланады. 

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.26   490.7   4.83 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети