Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевпен қарым-қатынасы туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Біз Қасым-Жомарт Кемелұлымен шынайы әрі достық қарым-қатынас орнаттық. Кездесулеріміз бен сұхбаттарымыз әрдайым бүкпесіз, нәтижелі өтеді. Біз екі елдің барлық саладағы өзара тиімді байланыстарын бекемдей түсуге мүдделіміз", - деп атап өтті Ресей президенті Астанаға сапары қарсаңында жарияланған мақаласында.
Сонымен қатар Владимир Путин Ресейде Қазақстанға зор құрметпен қарайтынын атап өтті.
Еске салайық, 27-29 мамыр күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен келеді.
Мемлекеттер басшылары келіссөздер барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қатынастардың қазіргі жай-күйін, сондай-ақ оны нығайту перспективасын талқылайды.
28 мамырда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен Еуразиялық экономикалық форум өтеді. 29 мамырда Жоғары Еуразиялық кеңестің отырысы ұйымдастырылады.