Қазақстан Премьер-министрі Абай ұрпағының баспана мәселесін шешіп беруді сұраған Алдан Смайылдың депутаттық сауалына жауап берді деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстан Премьер-министрі Абай ұрпағының баспана мәселесін шешіп беруді сұраған Алдан Смайылдың депутаттық сауалына жауап берді деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкімет басшысының жауабында қолданыстағы ҚР заңнамасына сәйкес, мемлекеттік тұрғын-үй қорындағы пәтерлер үй кезегінде тұрғандарға ғана беріледі делінген. Сондай-ақ Абай ұрпақтары боп табылатын Ақылбаевтар отбасының мүшелері қазір Алматыдағы үй кезегіне тіркелмегендігі, олар баспанаға зәрулер қатарында да жоқ екені баса айтылады. Алматы әкімдігі өкілдері Ақылбаевтар отбасымен кездесіп, осы жағдайды түсіндіргені де жеткізіліпті. "Пәтер мәселесі олар "Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасы бойынша құжат өткізгенде ғана қаралады" делінеді хатта.
Еске сала кетелік, осы жылдың қазан айында депутат Алдан Смайыл Үкімет басшысынан Абай Құнанбаевтың шөбересіне қолдау көрсетіп, баспана мәселесін шешіп беруді сұраған еді.
Өз кезегінде Алдан Смайыл Абай Құнанбаев қазақ тарихындағы атақты тұлға екенін, оның ерекше рөлін атап өткен. Ол Абайдың ұлы Ақылбайдың Қазақстан тарихы дамуында үлкен рөл атқарғанын еске салған.
"Қазір ұлы Абай ұрпақтарына кезінде ата-бабасына көрсетілген құрмет жасалмайды. Қалай дегенмен де олар ұлы адамның тұяғы ғой, сондықтан жан-жақты қолдап-қолпаштауға тұрарлық. Мен баспанаға зәру боп отырған, бірақ мемлекет тарапынан ешқандай қолдауға ие емес Абайдың шөбересі жайлы айтып отырмын. Абай Құнанбаев сияқты ұлы адамның ұрпағы осындай жағдайға тап келгенін көріп-білудің өзі өкінішті. Жас жігіт баспана мәселесін шеше алмай жүр" деді депутат Парламенттің төменгі палатасының отырысында.
Премьер-министрдің атына өтініш жасай отырып, депутат Кеңес одағы кезінде сый-құрметке ие болғанымен бүгінде ұмыт қалған адамдарға мемлекет тарапынан қолдау табылатынына үміт білдірді.