Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қазақстандықтарға мүгедектік тағайындалатын медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесіндегі проблемалардың бар екенін растады, деп хабарлайды TengriHealth.
Не болды?
Үкіметтегі брифингте журналистердің сауалдарына жауап берген Ертаев жыл басынан бері министрлік 2-ші және 3-ші топтағы мүгедектікті тағайындау бойынша материалдарды тексеруді бастағанын және заң бұзушылық белгілері бар 129 жағдайды анықтағанын мәлімдеді.
"Растаймын. Біз 129 материалды анықтадық, онда дәрігерлердің қорытындылары бірдей болғаны көрініп тұр - оларда тек мүгедектігі бар адамдардың тегі ғана өзгертілген, ал талдаулар мен (сарапшылардың — редакция ескертпесі) тұжырымдары бірдей болған. Осы айда біз бұл материалдарды құқық қорғау органдарына бердік", - деді министр.
Оның айтуынша, қазір бұл жұмыс жалғасып жатыр. Дегенмен министрлік үнемі "шұғыл режимде" әрекет ету мүмкін емес деп санайды. Сондықтан ведомство Денсаулық сақтау министрлігімен ақпараттық жүйелерді интеграциялау туралы келісті.
Ертаевтың түсіндіруінше, бұл іске асырылғаннан кейін сарапшылар мүгедектік тобы тағайындалғанға дейін әр адам бойынша дәрігерлердің қорытындыларын, талдау нәтижелерін және медиктердің тұжырымдарын автоматты режимде көре алады. Бұл, оның айтуынша, мәліметтерді алдын ала қайта тексеруге және жалған шешімдер қабылдау қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Министр бұл интеграцияның аяқталуы жыл соңына дейін күтілетінін атап өтті.
Оның сөзінше, қазір депутаттық корпуспен бұдан да жүйелі өзгерістер талқыланған. Қарастырылып жатқан ұсыныстардың бірі медициналық-әлеуметтік сараптаманы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына беруге қатысты.
Ертаев бұл функцияларды ажырату және мүдделер қақтығысын болдырмау үшін қажет екенін түсіндірді, себебі қазіргі уақытта бір ведомство әлеуметтік қорғауға да, мониторингке де, мүгедектікті тағайындауға да бірдей жауап береді.
"Бұл мәселе қазір тек талқыланып жатыр. Ол жыл соңына қарай қандай да бір шешімін табуы мүмкін, бірақ біз осындай ұсыныстар бердік, соның сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз", - деп толықтырды ол.
Министрдің айтуынша, МӘС желісі бойынша материалдарды тексеру жыл соңына дейін жалғасады. Ол бұл бойынша үкімет басшылығының нақты тапсырмасы бар екенін баса айтты.