Қазақстанда медицинаны қаржыландыру жүйесінің ашықтығын арттыруға бағытталған "Qalqan" цифрлық платформасын енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде оған еліміздің барлық медициналық ұйымы, атап айтқанда 1700-ден астам емхана мен бес мыңға жуық қосалқы орындаушы қосылды, деп хабарлайды TengriHealth тілшісі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына сілтеме жасап.
Платформаның қазіргі жай-күйі
Платформа 2026 жылғы 16 наурызда пилоттық режимде іске қосылды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметіннше, қазір жұмыс цифрландыру сатысында тұр. Барлық клиника өз лицензиялары, инфрақұрылымы және басқа да ресурстары туралы тексерілген мәліметтерді жүйеге енгізіп жатыр, бұл еліміздегі медициналық қызмет берушілердің алғашқы бірыңғай базасын қалыптастырады.
Платформаның негізгі құралдарының бірі медициналық көмек көрсетілгенін QR-код арқылы растау болмақ.
"Тіркелмеген қызметтерді болдырмау үшін медициналық көмектің нақты көрсетілгенін QR-код арқылы растау тетігі енгізіліп жатыр. Бұл ретте eGov инфрақұрылымы мен екінші деңгейлі банктердің үйреншікті сервистері пайдаланылады, бұл құралдың қосымша жүктемесіз жаппай қолданылуын қамтамасыз етеді", - делінген хабарламада.
Платформа тікелей медициналық ақпараттық жүйелерге қосылады. Қазір тестілеу кезеңі аяқталып қалды, содан кейін Qalqan бастапқы деректерді тікелей алады.
Сонымен қатар медициналық ұйымдардың ішкі бухгалтерлік жүйелері қосылып жатыр.
"Осы деректер негізінде автоматтандырылған "тарифтік экономика" блогы әрбір медициналық қызметтің нақты өзіндік құнын есептейтін болады", - деп атап өтті баспасөз қызметі.
Қор өкілдері Qalqan платформасын енгізу медицинадағы қаржылық бақылауды барынша ашық ететінін атап өтті - мемлекет, клиникалар мен пациенттер денсаулық сақтау жүйесіндегі қаражаттың қалай жұмсалып жатқанын көре алады.
Мән-жайы
10 ақпанда өткен Үкімет отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесінде 30-дан астам ақпараттық жүйе жұмыс істейтінін, бірақ олар әлі де толық интеграцияланбағанын айтты. Президенттің сөзінше, бұл бюджет қаражатын теріс пайдаланудың бір себебіне айналды.
Бір айдан кейін, 19 наурызда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) басшысы Гүлмира Сәбденбек қолданыстағы медициналық сақтандыру жүйесіне жасалған талдау нәтижелерін жариялап, МӘМС 2.0 жаңа моделін таныстырды.
Маңызды жаңалықтардың бірі "қаржыландыру процестерін толық цифрландыруды және медициналық ақпараттық жүйелермен интеграцияны қамтамасыз етуі тиіс" Qalqan платформасы.
Тағы оқыңыз:
“Лафа бітті“. МӘМСҚ-ның жаңа басшысымен көлемді сұхбат
Қазақстанда емханаға тіркелу ережелері қалай өзгереді - толығырақ