Жаңа оқу жылы басталғанға дейін Алматыда сегіз жаңа мектеп ашылып, қолданыстағы үш білім беру мекемесіне жапсарлас салынған құрылыс жұмыстары аяқталады. Қала әкімдігі жаңа білім беру нысандары қай аудандарда бой көтеретінін және олар қанша қосымша оқушы орнымен қамтамасыз ететінін хабарлады, деп хабарлайды Tengri Edu тілшісі.
Жаңа мектептер
Әкімдік мәліметінше, бүгінде мегаполис мектептерінде 29 735 оқушы орны тапшы. Әсіресе Әуезов, Алатау және Бостандық аудандарында орын жетіспеушілігі қатты сезіліп отыр.
Жүктеменің артуы мектеп жасындағы балалар санының өсуі және ішкі миграциямен байланысты. Өткен оқу жылының өзінде Алматы мектептеріне еліміздің өзге өңірлерінен 17 847 оқушы ауысып келген, олардың тең жартысына жуығы - Алматы облысынан.
Жаңа оқу жылының басына қарай Алматыда сегіз жаңа мектеп есігін айқара ашады: оның жетеуі "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында, ал біреуі жергілікті бюджет есебінен салынған.
Құрылыс басқармасы мәліметінше, бұл Алатау ауданының Зерделі шағынауданындағы № 178 мектеп. Оның құрылысына 3,4 миллиард теңге бөлінген. Мектеп 550 оқушыға арналған.
Алматыда жақын арада қандай мектептер ашылады: мекенжайлары
Толығырақ ақпарат алу үшін қалалық білім басқармасына жүгіндік.
Жаңа оқу жылының басына дейін Алматыда жалпы сыйымдылығы 11 050 оқушыға арналған сегіз мемлекеттік мектеп ашу жоспарланған.
"Жайлы мектеп" бағдарламасы бойынша келесі мектептер ашылады деп күтіледі:
- № 225 мектеп (Жетісу ауданы, Бурундайская көшесі, 91) – 1200 оқушы орны;
- № 226 мектеп (Түрксіб ауданы, Қайрат шағынауданы, Сарыарқа көшесі, 189 ("Парасат" ТК) – 600 орын;
- № 227 мектеп (Түрксіб ауданы, "Алтын Сити" ТК) – 1 500 орын;
- № 228 мектеп (Түрксіб ауданы, Қайрат шағынауданы, "Тайм Сити" ТК) – 2 000 орын;
- № 229 мектеп (Түрксіб ауданы, "Жеті Қазына" ТК) – 2 000 орын;
- № 230 мектеп (Алатау ауданы, Ақмаржан шағынауданы, 8) – 2 000 орын;
- № 231 мектеп (Алатау ауданы, Ғажайып шағынауданы, 35) – 1 200 орын.
Сонымен қатар, 1 қыркүйекке қарай № 112 (Жетісу ауданы), № 16 (Алмалы ауданы) және № 170 (Түрксіб ауданы) мектептеріне жапсарлас салынған нысандардың құрылысы аяқталады. Олардың әрқайсы 300 орынға есептелген.
Жалпы алғанда, сегіз жаңа мектеп пен үш қосымша нысанның пайдалануға берілуі 12 мыңға жуық жаңа оқушы орнын құруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ басқарма мектепке бірінші кезекте бекітілген аумақта тұратын балалар қабылданатынын нақтылады.
Өтініш беру үшін заңды өкілдің тұрғылықты жері бойынша уақытша немесе тұрақты тіркеуінің болуы жеткілікті. Бұл мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде тексеріледі, сондықтан баланы бөлек тіркеу талап етілмейді.
Балабақшалар
Бұдан бөлек, әкімдік мәліметінше, бүгінде Алматыда 1 098 балабақша жұмыс істеп тұр, онда 88 мыңнан аса бала тәрбиеленіп жатыр.
Құрылыс басқармасы дерегінше, жыл басынан бері қалада үш мыңға жуық орындық 33 жаңа мектепке дейінгі мекеме ашылды. 2026 жылдың аяғына дейін тағы 23 балабақша, оның ішінде бес мемлекеттік балабақша ашу жоспарланған:
- "№ 205 бөбекжай-бақша" МКҚК (Әуезов ауданы, 10-шағынаудан, 26-үй). Жобалық қуаттылығы – 160 орын (8 топ). Балабақша қазірдің өзінде ашылды.
- "№ 206 бөбекжай-бақша" МКҚК (Әуезов ауданы, Алтын бесік шағынауданы, Әнет баба көшесі, 20) – 120 орын (6 топ). Ашылуы төртінші тоқсанға жоспарланған.
- "№ 204 бөбекжай-бақша" МКҚК (Наурызбай ауданы, Райымбек даңғылы, 588) – 320 орын (16 топ). Ашылуы төртінші тоқсанға жоспарланған.
- "№ 203 бөбекжай-бақша" МКҚК (Наурызбай ауданы, Құрамыс шағынауданы, А. Сейдімбек көшесі, 200/2) – 320 орын (13 топ). Ашылуы төртінші тоқсанға жоспарланған.
- "№ 207 бөбекжай-бақша" МКҚК (Наурызбай ауданы, Достық шағынауданы, Ілтипат көшесі, 42Б) – 240 орын (10 топ). Ашылуы төртінші тоқсанға жоспарланған.
Сондай-ақ, жыл аяғына дейін 18 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымды пайдалануға беру жоспарланған. Басқарма мәліметінше, бүгінде олардың жетеуі жұмыс істеп тұр.
Білім басқармасы мемлекеттік балабақшаларда орындар электронды кезек жүйесі арқылы бөлінетінін еске салды. Бос орындар туралы ақпарат топтардың жасақталуына қарай жарияланып отырады.
Жекеменшік балабақшаларда бос орындардың бар-жоғын әр мекеменің әкімшілігі анықтайды, сондықтан олардың саны балаларды қабылдау деңгейіне қарай өзгеріп отыруы мүмкін.
Пікірлерді оқу