1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Жаһан

АҚШ-тың әскери базаларына соққының екінші толқыны жасалғаны хабарланды08 қаңтар 2020, 08:59

Фото: tasnimnews.com Фото: tasnimnews.com

Иран Ирактағы америкалық Эйн-әл-Асад әскери базасына екінші соққы толқынын жасады, - деп хабарлайды РИА Новости.

"Иран зымырандарының Эйн-әл-Асадқа екінші зымыран соққысының толқыны жасалды", - деп хабарлады Tasnim агенттігі. 

Агенттік мәліметінше, Ислам революциясы күзет корпусы АҚШ-ты құрбандар санын арттырмау үшін Таяу Шығыстан әскерін шығаруға шақырды.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ислам революциясы Күзет корпусының шабуылына байланысты Ақ үйде шұғыл кеңес жинады. Атап айтқанда, Ақ үйге Пентагонның басшысы Марк Эспер және АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео келді. Сондай-ақ, Ақ үй Трамптың ұлтқа сопақ кабинеттен үндеу жасауына дайындық жүріп жатқаны айтылады.

Ал мұның алдында АҚШ-тың Ирактың батысындағы Эйн-әл-Асад әскери базасына зымыран соққысы жасалғаны хабарланған. 

Соққы үшін жауапкершілікті Иран Ислам революциясы күзетіндегі корпусы (ИРКК) өз мойнына алды. Press TV Twitter-аккаунты соққы сәті түсірілген бейнежазба жариялады.

"ИРКК Ирактағы Эйн-әл-Асад америкалық әуебазасы бойынша он зымыран соққысы жасалғанын растайды", - делінген хабарламада. Телеарна мәліметтері бойынша, соққы - америкалықтардың Иран генералы Касем Сулейманидің өлтіруіне жауабы.

АҚШ шенеунігі Ирактың батысындағы Эйн-әл-Асад америкалық әскери базасы зымыран шабуылына ұшырағанын растады. Оның ақпараты бойынша, зардап шеккендер туралы немесе шабуыл салдарынан болған залал туралы деректер әзірше жоқ.

Өз кезегінде АҚШ президентінің баспасөз хатшысы Стефани Гришэм Дональд Трамп Ирактағы АҚШ нысандарына жасалған шабуыл туралы хабардар болғанын хабарлады. "Президенттің айтуынша, ол жағдайды мұқият қадағалап, Ұлттық қауіпсіздік бойынша өз командасымен ақылдасып отыр", - деді Гришэм.

ABC мәліметтері бойынша, шабуыл Ирактағы АҚШ-тың "көптеген" нысанына бағытталған және Иран аумағынан баллистикалық зымырандармен жүзеге асырылған. Соққы жасалған нысандар қатарында Эрбилдегі база, елдің батысындағы Эйн-әл-Асад базасы бар.

Еске салайық, 2 қаңтарда АҚШ Бағдат әуежайы аймағына зымыранмен соққы жасаған, салдарынан он адам қаза тапқан болатын. Олардың ішінде Иран генералы Касем Сулемани, Ирак шейіт жасағы басшысының орынбасары Абу Махди әл-Мухандис және Ислам революциясы күзеті корпусының төрт офицері болған. 

Иран генералдың өлімі үшін АҚШ-та кек алуға уәде берген. Ал Пентагон шабуылды АҚШ президенті Дональд Трамптың санкциялағанын айтты. Вашингтон қаза тапқан генералдың Бағдаттағы америкалық елшілікке жасалған шабуылға қатысы бар деп санайды. 


Еуро бағамы 500 теңгеден асты