Адам саудасымен айналысатын халықаралық желілерге қарсы ауқымды операция барысында 59 елдің полицейі дүниежүзі бойынша мыңнан астам адамды ұстады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Интерполға сілтеме жасап.
"Жаһандық нысана" (Global Chain) кодтық атауымен өткен операция 8-12 маусым аралығында ұйымдастырылып, Африка, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Азия және Еуропа елдерінің құқық қорғау органдарын біріктірді. Ол сексуалдық қанау, мәжбүрлі еңбек, адамдарды қылмыстық әрекеттерге тарту және қайыршылықпен айналысуға бағытталған қылмыстық желілерге қарсы жүргізілді.
Мыңнан астам адам ұсталды
Операция барысында адам саудасымен айналысты деген күдікпен 334 адам, ал соған байланысты өзге де қылмыстар үшін тағы 690 адам ұсталды. Тексерулер шекараларда, әуежайларда, көлік тораптарында және бұрын тергеу нысаны болған орындарда жүргізілді. Құқық қорғаушылар жалпы алғанда адам саудасының 2 070 құрбанын анықтап, 465 тергеу амалдарын бастады.
Бразилия, Аргентина және Бельгия: операцияның ең шулы оқиғалары
Интерполдың мәліметінше, зардап шеккендер әлемнің 45 елінен келген. Құрбандардың басым бөлігі Аргентина, Колумбия, Венесуэла, сондай-ақ Молдова мен Непал азаматтары болды. Олардың көбі алдау, мәжбүрлеу немесе дәрменсіз күйін пайдалану арқылы шетелге шығарылған.
Ең резонансты оқиғалардың қатарында:
- Бразилияның федералдық полициясы адамдарды Камбоджаға жеткізіп, ол жерде оларды интернет-алаяқтыққа мәжбүрлеген трансұлттық желінің көзін жойды. Құқық қорғау органдары 406 құрбанды анықтады - оның 83-і Бразилия азаматы және 323-і шетелдік. Сондай-ақ күдіктілерге халықаралық іздеу жарияланды.
- Аргентинада екі рейд кезінде азық-түлік дүкенінде мәжбүрлі жұмысқа жегілген Боливияның екі кәмелетке толмаған азаматы құтқарылды. Тергеу барысында бұдан да ірі қанау желісінің бар екені анықталды.
- Бельгияда әлеуметтік желілер арқылы кәмелетке толмаған қыздарды азғырған қылмыстық топты жою нәтижесінде 17 адам ұсталды. Тергеу болжамы бойынша, құрбандар еркінен тыс ұсталып, Бельгия мен Францияда жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрленген.
Әрбір оныншы зардап шегуші бала болып шықты
Интерпол қылмыстық желілердің бағыттары мен жұмыс әдістерін үнемі өзгертіп отыратынын атап өтті. Жаңа тенденциялардың қатарында - шетелде жұмысқа орналастыру туралы жалған ұсыныстарды пайдалану, Еуропадағы мәжбүрлі еңбек және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде адамдарды қылмыстық әрекеттерге тарту бар.
Анықталған құрбандардың шамамен 10 пайызы сексуалдық қанауға ұшыраған кәмелетке толмағандар. Барлық зардап шегушілер қорғау және қолдау қызметтеріне тапсырылды.