Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы аясында әлемде мұнай бағасы 5 пайыздан аса өсті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 97 долларға жуықтады
Астана уақыты бойынша сағат 08:30-дағы жағдай бойынша, ICE Лондон биржасында Brent маркалы мұнайдың қыркүйектегі фьючерстерінің құны 5,78 пайызға өсіп, барреліне 96,27 долларға жетті.

Америкалық WTI мұнайының фьючерстері 4,88 пайызға қымбаттап, барреліне 88,46 доллар болды.

Баға неге күрт өсті?
Сарапшылардың пікірінше, әлемдік мұнай нарығы бірден жеткізілімге төнетін екі үлкен қауіпке тап болды. АҚШ пен Иран арасындағы текетірес аясындағы Ормуз бұғазы төңірегіндегі шиеленістен бөлек, Қызыл теңіз бен Аден шығанағын жалғайтын және әлемдік мұнай саудасының маңызды бағыттарының бірі саналатын Баб-эль-Мандеб бұғазында да жағдай ушығып кетті.
"Егер біз мұнай сатпасақ, ешкім де сатпайды": Иран АҚШ-тың қоқан-лоқысына жауап берді
Йемендік хуситтер Сауд Арабиясына теңіз блокадасын жариялап, саудтық мұнай танкерлеріне шабуыл жасағанын мәлімдеді. Осы оқиғаларға байланысты Еуропалық Одақтың Әскери-теңіз күштері АҚШ, Израиль немесе Сауд Арабиясымен байланысы бар кемелерге Қызыл теңіз бен Аден шығанағынан аулақ жүруді ұсынды.
Бұл Қазақстан үшін неге маңызды?
Бұған дейін мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов мұнай бағасы бюджет кірісіне, Ұлттық қордың жағдайы және теңге бағамы. Мұнай нарығындағы тұрақсыздық экономика үшін тәуекелдерді күшейтеді. Бағаның күрт құбылуы инфляцияға, инвестициялық белсенділікке және қаржы нарықтарына әсер етеді. Мұнай кірістеріне тәуелділік елді сыртқы соққылар алдында осал етеді.
Бұл ретте 2026–2028 жылдарға арналған бюджетте базалық параметрлер бекітілген: мұнай бағасы барреліне 60 доллар деңгейінде және доллар бағамы 540 теңге. Экспорттық кірістер, әлеуметтік төлемдер және мемлекеттік шығыстар дәл осы бағдарлар негізінде есептеледі.