1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Жаһан

Алмазбек Атамбаевтың ұлы әкесінің денсаулығы күрт нашарлап кеткенін айтты

Фото: president.kg Фото: president.kg

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың ұлы Қадырбек Атамбаев әкесінің денсаулығы күрт нашарлап кеткенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Facebook желісіндегі жеке парақшасында жазды.

Әкесінің жағдайы нашарлап кеткенін экс-президенттің ұлы адвокат Замир Жоошевтан біліпті.

Қазіргі таңда Алмазбек Атамбаев Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында қамауда отыр.

Қадырбек Атамбаев әкесінің кез келген уақытта инфаркт немесе инсульт алуы мүмкін екенін айтады.

"Әкемнің қан-қысымы өте төмен. Дәрігерлердің айтуынша, ол кез келген уақытта инфаркт немесе инсульт алуы ықтимал. Билік тәулік бойы жүргізілген бақылаудың қорытындысын жасырып отыр. Адвокаттың айтуынша, соңғы өлшенген қан қысымы 76/60-ты көрсетіпті", - дейді экс-президенттің ұлы.

Сондай-ақ ол әкесінің халық үшін аянбай еңбек еткенін атап өтті.

"Әкем халқына және мемлекетке қызмет еткен кезде денсаулығын ешқашан аяған емес. Достарынан да ештеңені аямайтын. Қырғызстанның басқа президенттерінен ерекшеленіп тұратын. Ол өзін күткеннің орнына, үнемі өзін жұмысқа аямайтын", - дейді Қадырбек Атамбаев.

Осы орайда бұрынғы президенттің ұлы Қырғызстан халқынан көмек сұрады.

"Әкеме қарсы жалған ақпараттың құрбаны болмаған барлық азаматтан оның денсаулығы үшін құдайға сыйынуды сұраймын. Рақмет! Әкем бізге бөтен елде бай және ұзақ өмір сүргенше өз халқыңның ортасында өз мемлекетіңде өлген артық екенін айтатын", - дейді ол ағынан жарылып.

Сондай-ақ Қадырбек Атамбаев әкесімен соңғы кездесуін есіне алды.

"Әке, сіз соңғы кездесуде біздің осындай жағдай түскеніміз үшін кешірім сұрап едіңіз. Бірақ әке сіз кешірім сұрамауыңыз керек. Себебі, біз алғаш рет сүйікті халқымыздың шынайы махаббаты мен қолдауын сезіп отырмыз. Бұл бізге барлық байлықтан қымбат! Сізді мақтан тұтамыз, сіз елден қашып кеткен жоқсыз! Біз сіздің адал есіміңізді қорғаймыз! Уәде береміз!", - деп жазды саясаткердің ұлы 19 ақпан күні кешке.

АКИpress ақпарат агенттігі Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, Алмазбек Атамбаевтың денсаулығын дәрігерлер бақылап отырғанын жазған болатын.

"Атамбаевтың жағдайы тұрақты. Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің дәрігерлері тәулік бойы кезекшілігін атқарып, оның денсаулығын бақылап жүр", - делінген комитеттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Бұрынғы президенттің адвокаты Замир Жоошев ақпарат агенттігіне Атамбаевтың денсаулығы бұрыннан нашарлап кеткенін хабарлаған.

"Соңғы екі аптада мен қорғайтын азамат қан қысымын үнемі тексеріп тұрды. Таңертең ол азаматтың қан қысымы төмен болған. Ол қан қысымын үнемі көтергісі келеді. Дәрігерлердің айтуынша, мұның соңы жақсылыққа апармайды", - дейді адвокат.

Айта кетейік, 2019 жылдың тамызында Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Қой-Таш ауылында арнайы операция барысында қамауға алынған. Операция барысында тұрғындар мен арнайы күштік құрылымдар арасында қақтығыс болған. Салдарынан 1 адам қаза тауып, 136 адам жараланған.

Қазіргі таңда Алмазбек Атамбаев Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі тергеу изоляторында қамауда отыр.

Қазақстанда күн суытады