Филиппиндерде 8 маусымға қараған түні магнитудасы 7,8 болатын жер сілкінісі болып, цунами қаупі жарияланды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Жер асты дүмпулері Филиппиннің оңтүстігіндегі Минданао жағалауында тіркелді.

Германияның геофизикалық ғылымдар зерттеу орталығының (GFZ) мәліметінше, жер сілкінісі 10 шақырым тереңдікте болған. Филиппин мен көршілес Индонезияның геофизикалық агенттіктері цунами қаупі туралы ескерту жасады. Екі елде де әзірге ғимараттардың қирауы туралы ақпарат түскен жоқ.
Бастапқыда GFZ жер сілкінісінің магнитудасын 8,2 деп бағалаған. Филиппиндік Phivolcs агенттігі магнитуданың 7,0 болғанын хабарлап, ықтимал қираулар мен бір метрден асатын және бірнеше сағатқа созылуы мүмкін цунами туралы ескертті.
Индонезияның BMKG метеорологиялық қызметі жер сілкінісінің магнитудасын 7,7 деп бағалады.
"Бұл біз бастан өткерген ең жойқын жер сілкінісі", - деді Сарангани провинциясындағы Алабель қаласының полиция бастығы Бенджи Анчета.
Индонезияның Манадо қаласындағы куәгерлер жер сілкінісінің өте қатты сезілгенін айтты.
Бейнежазбаға Филиппиннің Генерал-Сантос (жергілікті атауы - Генсан) қаласындағы ғимараттың құлау сәті түсіп қалған.
🇵🇭 Қазір ғана жер сілкінісі болған Генсан мен Филиппиннің басқа да аймақтарынан түсірілген кадрлар
- Mario Nawfal (@MarioNawfal) 8 маусым, 2026 жыл
Цунами келе жатқаны туралы хабарланды
Дереккөз: GeoPolitics Watch, WarFront Witness / Автор Oliver https://t.co/ChV1JjdSD8 pic.twitter.com/ROlXZsMiE0
Дегенмен, әзірге құрбандар туралы ақпарат жоқ.
Жер сілкіністерін бақылайтын сайттардың мәліметінше, Филиппинде жер асты дүмпулері осымен екінші күн қатарынан болып жатыр.
БАҚ сонымен қатар Гонолулудағы жер сілкінісі туралы хабарлады, ал Тынық мұхиты жағалауында орналасқан келесі елдерде цунами қаупі жарияланды: Филиппин, АҚШ-тың батыс жағалауы, Индонезия, Палау, Яп архипелагы (Тынық мұхитының батыс бөлігіндегі Микронезия Федерациялық Штаттарының төрт штатының бірі), Тайвань, Папуа - Жаңа Гвинея.