"Үлкен жетілік" елдері Францияның Эвиан-ле-Бен қаласында өткен саммитте Ресейдің газы мен мұнайына қарсы жаңа санкциялар енгізуге келісті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі DW басылымына сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, бұл туралы G7 көшбасшыларының сәрсенбіге қараған түні, 17 маусымда жарияланған қорытынды мәлімдемесінде айтылған.
"Біз Ресейдің әскери экономикасына қысымды күшейтуге міндеттенеміз. Осы тұрғыда біз санкцияларымызды, соның ішінде мұнай-газ секторына қарсы шараларды нығайтамыз", - делінген құжатта.
Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар үшін қазір "қолайлы сәт туды" деп атап өтілген, өйткені АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен Ормуз бұғазын ашу туралы келісімге қол жеткізді. Ол арқылы мұнай мен газдың үлкен көлемі тасымалданады.
"Жетілік" елдері "өз бостандығын, егемендігін және аумақтық тұтастығын қорғап жатқан Украинаны мызғымас қолдауда бірауызды" екенін мәлімдеді.
"Біз маңызды инфрақұрылым нысандары мен мәдени мұраларына жасалған соққылардан зардап шегіп жатқан Украина халқымен ынтымақтастығымызды тағы да растаймыз. Біз Украинаның төзімділігі мен кейінгі айлардағы майдан даласындағы жетістіктерін жоғары бағалаймыз, сондай-ақ қазір онда жаңа динамика байқалып отырғанын атап өтеміз", - деп көрсетілген мәлімдемеде.
Осы "жаңа динамиканы қолдау және күшейту" үшін көшбасшылар Украинаға Әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын, ұстап алушы зымырандарды, алыс қашықтыққа ұшатын және басқа да қару-жарақ жеткізуді арттыруға келісті. Сондай-ақ олар "Украина аумағында әскери өнім өндірісінің көлемін арттыруға мүмкіндік беретін лицензиялар беру мәселесін қарастыруға" уәде берді.
Сонымен қатар G7 елдері Украинаның алдағы қыстан аман шығуына көмектесу үшін энергетика саласындағы қолдауды жалғастыруға уәде берді.
"Үлкен жетілікке" Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия, Жапония және Канада кіреді.
Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен және украин көшбасшысы Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен болатын. Ақ үй басшысы Украинадағы соғыс қимылдарын тоқтатуды тағы да жақтағаны хабарланды. Ол еуропалық серіктестерге де, Киевке де, соның ішінде G7 саммитіндегі алдағы байланыстар барысында ықпал етуге дайын екенін мәлімдеді.