Қазақстан СІМ Ресей пайдасына тыңшылық жасады деген күдікпен еліміздің азаматы ұсталғанына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, ведомство Германияның құзырлы органдарына осы жағдайға байланысты ресми сауал жолдаған.
"Қазіргі уақытта жауап күтіледі. Мәселе министрліктің бақылауында", - деп хабарлады СІМ.
Еске сала кетейік, ГФР Федералды прокуратурасы бұған дейін 28 сәуірде Берлинде Қазақстан азаматы ұсталғанын мәлімдеген болатын. Ол шетелдік барлау қызметінің мүддесі үшін жұмыс істеді деген күдікке ілінген.
29 сәуірде күдікті қазақстандықты тергеу судьясына жеткізу жоспарланған, ол бұлтартпау шарасын анықтайды.
Бұған дейін Грузия ІІМ екі шетелдік - Қазақстан мен Украина азаматтары ұсталғанын хабарлады. Оларға есірткі заттарын ірі және аса ірі мөлшерде заңсыз иемденді, сақтады және өткізуге көмектесті деген айып тағылып отыр. Грузия тарапы тергеу 260-бап бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, мәселе 20 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратын 6-тармақ туралы болуы мүмкін.
Кейін Қазақстан СІМ бұл іс 260-баптың 1-тармағы бойынша қаралып жатқанын нақтылады, оның санкциясы алты жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Сондай-ақ өткен аптада 22 жастағы қазақстандық БАӘ-де өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатыны белгілі болды. Кейбір басылым бұл істі 2025 жылғы жаңа жыл түнінде Дубайдағы виллаға жасалған шабуылмен байланыстырады, һмәліметтерге қарағанда, онда Finiko қаржы пирамидасы негізін қалаушылардың бірі Эдвард Сабиров тұрған.