АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдің ахуалдық орталығында Иранға қатысты мәселелер бойынша түпкілікті шешім қабылданатын жиын өткізуге ниетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы Америка көшбасшысы жұма, 29 мамырда Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
Оның айтуынша, Иран ядролық қаруға немесе ядролық бомбаға ешқашан иелік етпейтініне келісуі керек. Ормуз бұғазы ешқандай алым-салықсыз, екі бағытта да шектеусіз кеме қатынасы үшін дереу ашылуы тиіс. Барлық теңіз миналары, егер бар болса, жойылуы керек.
"Біз осындай көптеген минаны керемет суасты мина тазалаушы кемелеріміздің көмегімен жарып, жойдық. Иран қалған аз ғана минаны дереу алып тастауды және/немесе жоюды аяқтайды. Біздің таңғажайып әрі теңдессіз теңіз блокадамыздың нәтижесінде бұғазда қалып қойған кемелер енді үйлеріне қайта алады, блокада алынады! Сүйікті президенттеріңізден жұбайларыңызға, күйеулеріңізге, ата-аналарыңыз бен отбасыларыңызға сәлем айтыңыздар!" - деді ол.
Трамп 11 ай бұрын бомбалаушы ұшақтардың қуатты соққысынан кейін құлаған таулардың астында, тереңде жатқан байытылған ядролық материалды Америка Құрама Штаттары Иранмен, сондай-ақ Халықаралық атом энергиясы агенттігімен (МАГАТЭ) тығыз үйлестіре отырып шығарып, жоятынын нақтылады.
"Келесі хабарламаға дейін ешқандай ақшалай қаражат берілмейді. Маңызы төменірек басқа да мәселелер бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді. Қазір мен түпкілікті шешім қабылдау үшін ахуалдық бөлмеге бара жатырмын", - деп түйіндеді Ақ үй басшысы.
Бұған дейін Axios ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, АҚШ пен Иран келіссөзшілері атысты тоқтату режимін ұзартуға және Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерді бастауға мүмкіндік беретін 60 күндік өзара түсіністік туралы меморандум бойынша келісімге келгенін жазған болатын, бірақ президент Трамп әлі түпкілікті мақұлдамаған.