23 қаңтар 2017 13:10

Назарбаев Сириядағы жағдайды реттеуге қатысты келіссөздер жайлы: Кездесудің сәтті өткенін қалаймыз

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Akorda.kz © Akorda.kz

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнаулы елшісі Стаффан де Мистурамен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнаулы елшісі Стаффан де Мистурамен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар Сириядағы қақтығысты реттеу жөніндегі алдағы келіссөздер мәселесін талқылады.

Мемлекет басшысы Астананың келіссөздер өткізуге дайын екенін айтып, барлық қатысушылар үшін жағдай жасалғанын атап өтті.

"Мен Ресей, Түркия және Иран Президенттерінің Астанада келіссөздер өткізу жөніндегі ұсынысын қабыл алдым. Біз кездесудің жемісті өткенін қалаймыз. Қазақстан кездесуге қатысатын тараптардың бәрімен тең әрі сенімді қарым-қатынаста болғандықтан, келіссөздер қалыпты өту үшін барлық жағдай жасалады деп ойлаймын", - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Сирия мәселесі бүгінде Таяу Шығысты ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастықты алаңдатып отырғанын атап өтті.

"Тараптар да болып жатқан оқиғаларға біз сияқты алаңдаушылықпен қарап отыр деп үміттенемін. Сарапшылардың айтуынша, қақтығыс басталғалы 300 мыңнан астам адам қаза тапқан. Осының бәрі бізді бұл мәселені бейбіт жолмен ғана шешуге үміттенуге жетелейді", - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті БҰҰ-ның арнаулы елшісіне Астанадағы кездесу Женевадағы бейбіт келіссөздерге дайындық барысына елеулі ықпал ететінін айтты.

Стаффан де Мистура Нұрсұлтан Назарбаевқа Астанада келіссөздер өткізуге мүмкіндік бергені үшін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериштің атынан алғыс білдірді.

"Сіздің еліңіз халықаралық аренадағы ең күрделі түйткілдерді реттеу ісінде зор тәжірибесін көрсетіп, үлгі болып келеді. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігі Сирия қақтығысын шешудегі қосымша мүмкіндік болып саналады", - деді Стаффан де Мистура.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қарулы қақтығысты одан әрі реттеу шаралары жөнінде пікір алмасты.

Еске сала кетейік, осыған дейін Назарбаев Путинмен Сириядағы жағдайды реттеуге қатысты келіссөздерді талқылаған болатын. "Астанада Сириядағы қақтығысты бейбіт реттеуге арналған келіссөздерді өткізуге қатысты мәселелер, сондай-ақ, Еуразия экономикалық одағы мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Санкт-Петербургте өткізген саммиттерінің қорытындысы талқыланды", - делінген Кремльдің баспасөз қызметінде.

Сондай-ақ, Ресей мен Түркия көшбасшылары Сириядағы қақтығысушы тараптар арасындағы ахуалды бейбіт реттеуге арналған келіссөздерді Астанада өткізуге мүдделі екендіктерін білдірген болатын. Нұрсұлтан Назарбаев бұл бастаманы қолдап, Қазақстан елордасында мұндай келіссөздер жүргізу үшін қажетті жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеді.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.2   490.7   4.82 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети