Tengri FM Радиосы Радио Жұлдыз FM Қазақстан заңдары Экономика сабақтары
KZ RU EN
Бізге жазба жолдау +7 (727) 388 8124
искать через Tengrinews.kz
искать через Google
искать через Yandex
USD / KZT - 332.68
EUR / KZT - 389.40
CNY / KZT - 49.85
RUB / KZT - 5.60

Азия ойындарының екінші күні өкінішіміз басым болды

21 Қыркүйек 2014, 21:43
0
Зульфия Чиншанло. Фотоны түсірген - Никита Басов
Зульфия Чиншанло. Фотоны түсірген - Никита Басов

ХVІІ жазғы Азия ойындарының екінші күні қоржынымызға үш жүлде түссе де, өзекті өртеген өкінішіміз басым болды, деп хабарлайды Оңтүстік Кореядан "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі.

Таңертең ерте тағы да мергендер сайысқа түскен болатын. Ерлер арасындағы 10 метрлік қашықтықтан таманшаман нысана көздеу сайысының електік сынында Рашид Юнусметов көш бастап, бірінші орында тұрған еді. Алайда финалдық сында үш саты сырғып, төртінші орыннан бір-ақ шықты. Сөйтіп, жүлдеге бір сүйем жетпей, өзегімізді өртеді.

Дәл осы сындағы (ерлер, 10 метрлік қашықтықтан таманшаман нысана көздеу) командалық сында да Қазақстан құрамасы (Рашид Юнусметов, Владимир Исаченко, Вячеслав Подлесный) төртінші орында тұрып, финалда 8-орынға дейін ығысты...

Домалақ стенд атудың "трап" жаттығуында Андрей Могилевский де әттеген-ай дегізді. Ол бірінші күнгі електік сында көш бастағанымен, жартылай финалда көп қателесіп, тек үшінші орын үшін таласу құқығымен шектелді. Ал үшінші орын үшін өткен сында, керісінше, бір-ақ мәрте мүлт кетіп, мамандар мен жанкүйерлерді тамсандырды. Сөйтіп, қола жүлдеге ие болды.

Бұдан кейін алтынға балаған зілтемірші қызымыз Зульфия Чиншанло күміс жүлдемен шектелді. Рас, Зульфия барынша тырысты. Намысты қолдан берген жоқ. Тіпті серпе көтеруде әлем рекордын жаңартты да (132 келі). Алайда бұл жолы Тайпэй қызы Шу Цзинг Сюйдің айы оңынан туып, жұлдызы жарқырап жанайын деп тұр екен. Ол да жанкештілік танытып, тіпті қоссайыс қорытындысы бойынша әлем рекордын жаңартты (233 келі).

Одан жұлқа көтеруде бес келі қалып қойған Зульфия серпе көтеруде тәуекелге бел буып, 137 келіні көтеруге тырысып, спорт кешенінің ішіне жиналған мамандар мен көрермендерді таңқалдырды-ақ. Бірақ өз салмағынан екі жарым еседен де ауыр зілтемірді тұрған орнынан жұлып алғанымен, тізесін жазып тұра алмады. Жиналған халық Зульфияның қайсарлығына риза болып, түрегеп тұрып қол соқты.

Бүгін дзюдодан да алтын бұйырмады. Инчхондағы жазғы Азия ойындарының ашылу салтанатында ҚР дзюдо федерациясының даму жөніндегі директоры, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Асхат Жіткеев "төрт жігітіміздің алтынға қол жеткізе алатын мүмкіндігі бар" деп, Сметов, Мұқанов, Ықыбаев, Раков сынды татами шеберлерінің есімдерін атаған еді. Алғашқы екеуі кеше жүлдеге ілігіп, Елдос сенімді толықтай ақтады да. Ал бүгін Дастан Ықыбаев қола жүлдеге де қол жеткізе алмады...

Есесіне, әйелдер арасындағы 63 келіде ел намысын қорғаған қазақ дзюдосының көрікті де, сымбатты аруы М.Ордабаева қола медаль жеңіп алды.

Десек те,бүгін Қазақстан қоржынына алтын түспеді. Өкінішіміздің басым болды дейтініміз де – сол. Енді ертеңгі күнге үмітпен қараймыз. Бүгін бұйырмаған алтынға ертең қол жеткізуге жазсын...


Нравится
Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай