30 наурыз 2023 19:00

Менің мақсатым - абсолютті әлем чемпионы атану - Фируза Шәріпова

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстандық спортшы Фируза Шәріпова ARU LIFE жобасының алғашқы қонағы болды. Бокстан әлем чемпионы болашаққа арналған батыл жоспарлары, қиындықпен өткен балалық шағы, отбасының қолдауы мен ұлының өміріндегі орны туралы айтып берді.


Қазақстандық спортшы Фируза Шәріпова ARU LIFE жобасының алғашқы қонағы болды. Бокстан әлем чемпионы болашаққа арналған батыл жоспарлары, қиындықпен өткен балалық шағы, отбасының қолдауы мен ұлының өміріндегі орны туралы айтып берді.

Қазақстандықтар Фируза Шәріпованың 2023 жылы көктемде WBC Silver титулы үшін Малави чемпионы Рут Чисейлмен жекпе-жек өткізетіні туралы жуырда шыққан жаңалықты үлкен қуанышпен қабылдады. Бұл кездесуде басым түсіп, жеңіске жеткен боксшы Кэти Тейлормен абсолютті әлем чемпионы атағына таласатын міндетті үміткер болады, яғни қазақстандық спортшы үшін қарымта кездесу өткізуге керемет мүмкіндік туып отыр.

"Көздегеніміз де осы еді. Кэти Тейлормен өткен алғашқы жекпе-жегімнен кейін реванш өткізу үшін келіссөздер жүргізе бастадық. Бірақ Кэти Тейлордың командасы алғашқы кездесуді көрді ғой, екінші жекпе-жектің мүлдем басқаша өрбуі мүмкін екенін түсінді. Бірер күн бұрын ғана 20 мамырда Тараз қаласында өтетін жекпе-жек нақты бекітілді, туған қаламда мұндай ауқымдағы шара алғаш рет өткелі отыр. Бұл кездесуде жеңген соң, мен абсолютті әлем чемпионы Кэти Тейлормен жекпе-жекке шығатын міндетті үміткер боламын. Бұл кездесуді асыға күтіп жүрмін. Басты мақсатым - абсолютті әлем чемпионы атану", - дейді Фируза.

Шәріпова 2021 жылы Кэти Тейлордың жеңісімен аяқталған жекпе-жектен кейін көңілі құлазығанын жасырмады.

"Әрине, көңіл-күйім түсті. Менің қолымды көтермеді, жеңілдім, құлазыдым. Ол кездегі сезімді бір сөзбен жеткізе алмаймын. Қасым жыртылды, бірақ ауруды басатын дәрі ішуге болмайды, өйткені допинг-тексерістен өттік. Ауырғанды басатын дәрі салмастан, қасымды тігіп берді. Жылағаным есімде - қазір де есіме түссе, тамағыма өксік тығылады, өйткені халқым үшін ренжідім. 12 мың адамдық аренада шаршы алаңға шыққан кезде басында мені ешкім қолдамады, ысқырып жатты. Ал, жекпе-жек басталған кезде адамдар мені қолдай бастады. Оның бірін де естімеппін, жай ғана артымда халқым тұрғанын сездім. Жекпе-жек аяқталған соң, жас жігіттер топ болып, "Шәріпова, Шәріпова!" деп қасыма келіп, суретке түсіп жатты. Оның елінде мені танып, қошемет көрсетіліп жатқанына қуандым", - дейді спортшы.

Бала кезінде Фируза спорттың бірнеше түрімен шұғылданған, бірақ әнші болуды армандапты.

"Мен өте белсенді болдым. Анамның қолдауымен "Әнші балапанда" да ән айттым, "Күзгі баллға" да қатыстым, түрлі үйірмелерге бардым. Әкем троллейбус паркінде қызмет етті, 16 жылын көлік тізгінінде өткізді, арасында анам да көмектесіп тұратын. Сол кезде мен "өскесін кондуктор болатын шығармын" деп ойлаушы едім. Кейін әнші болғым келді. Өсе келе әншілік арманыма айналды, алайда спорттан бір-ақ шықтым. Алдымен велоспортпен шұғылдандым, Тараздағы қыздар велоспорты секциясы жабылып қалып, қатты жылағаным есімде. Бізді су полосына ауыстырды, мен жүзе алмаймын, батып кете жаздап, құтқарушылар аман алып қалған кездер де болды. Бірақ кейін жүзуді үйреніп алдым", - деп еске алды Шәріпова.

Спортшы боксқа ойламаған жерден келіпті - бруцеллезге шалдығып, жарты жыл бойы мектепке бара алмаған, кейін дәрігерлер спортпен шұғылдануға мүлдем тыйым салған. Бірақ бәрі мүлдем басқаша болып шықты.

"Көрші ұлмен бірге бір автобуспен қатынайтынбыз - ол жаттығудан шығады, мен мектептен қайтамын. 2007 жылдың 23 ақпаны болғаны есімде - мен оның жаттығуын көруге бардым. Ал, бірнеше күннен кейін, 27 ақпанда бокстан өзімнің алғашқы жаттығуыма бардым, екі айдан соң алғашқы жарысқа қатыстым. Басында әке-шешем боксқа барып жүргенімді білген де жоқ. Біліп қойған кезде ұрыс-керіс болды, боксқа арналған қолғаптарымды тығып қоятын. Ал, 2007 жылы 23 мамырда өткен алғашқы жарысыма анам кішкентай сіңліммен келіп, жаман нәрсемен айналысып жүрмегеніме көз жеткізді. Содан кейін қарсылық танытпайтын болды", - деп жалғастырды боксшы қыз.

Фируза өмірінде кезіккен қиындықтарды мінезінің арқасында еңсеріп келетінін атап өтті. Сынып кетпеуге оған спортқа деген махаббаты мен жауапкершілік сезімі де көмектеседі.

"Бұл - менің сүйікті ісім. Оған "ой, бұл бокс қой, соққының астында қалуым мүмкін" деп қарамаймын - маған, керісінше, ұнайды. Мен төбелесу үшін емес, шеберлігімді шыңдау үшін барамын. Шаршы алаңға қарсыласымды ұрып тастау мақсатында емес, соққы жіберіп алмау, өзгелердің қолынан келмейтін әдіс-тәсіл көрсету үшін шығамын", - деп атап өтті чемпион қыз.

Кәсіпқой бокста қажырлы еңбек пен табандылық керек, сәйкесінше сыйақылары да қомақты. Фирузаға өзге ел атынан өнер көрсетуі үшін бір миллион доллардан астам ақша да ұсынылыпты.

"Бірнеше елден ұсыныстар болды. Ол жақтарға барып, спаррингтер өткізіп тұратынбыз. Қазақстанға басқа жақтан көшіп келген болсам, бір жөн, бірақ менің ата-анамның да, өзімнің де туған жеріміз - Тараз, басқа жаққа кетіп қайтем? Иә, бізде кейде кәсіпқой боксқа тиісінше көңіл бөлінбей, қолдау көрсетілмей жатады. Бірақ халық бар ғой, халықтың арқасында мені бәрі таниды, сыйлайды. Сондықтан ондай ұсыныстарды мүлдем қарастырмаймын. Мәскеуде біраз уақыт тұрған кезім болды, бәрі мен Ресей атынан жарыстарға шығып жүр деп жазды. Ал, мен жай ғана сол кезде "Лужникиде" орналасқан жаттығу лагерінде жаттығып жүрдім. Басқа ел атынан жекпе-жектерге шығу ойымда жоқ", - деп мәлімдеді Шәріпова.

Миллиондаған сыйақыларына қарамастан, қазіргі уақытта спортшы үшін бокс - ақша табу көзі емес.

"Адам спортқа еріккенен бармайды ғой, иә? Ата-анама үй алып беруді армандадым, пәтер әпердім. Ал, қазір мен үшін ең бастысы - беделім, абсолютті әлем чемпионы болу, өйткені 11 жасымнан бері әр күнімді боксқа арнап келемін. Бүгінге дейін ол үшін біраз нәрсені құрбан еттім, әлі де құрбан етіп келемін", - дейді спортшы.

Жеке өміріне қатысты сұраққа жауап бере отырып, Фируза Шәріпова басы бос екенін айтты.

"Мен мұндайға жеңіл-желпі қарай алмаймын. Отбасы - мен үшін ауыр тақырып, өйткені үнемі сапарда жүремін. Қазір жұмысым басты назарда, дамуыма күш салып жатырмын, себебі уақыт жүйрік, спорттық мансаптың ғұмыры қысқа. Өзімнің және командамның алдында үлкен мақсат, үлкен жоспар бар. Екінші мүмкіндік берілмейді. Қолда бар мүмкіндікті қалт жібергім келмейді. Кэти Тейлормен жекпе-жек өткізген кезде бір мүмкіндікті жіберіп алдым, сондықтан қателігімді қайталағым келмейді. Бар жан-тәніммен алдағы жекпе-жекке дайындалып жатырмын", - дейді чемпион қыз.

Шәріпова 2015 жылы боксшы Денис Рыбакпен шаңырақ көтерген болатын, 2017 жылдың ортасында екеуі ажырасып, қиын кезеңді бастан кешті. Дәл чемпиондық жекпе-жектің алдында болған жағдайда Фирузаға жақындары қолдау көрсетіп, демеу болған. Қазір боксшы ұл тәрбиелеп жатыр, әкесінің кім екенін жариялағысы келмейді. Кішкентай ұлы - қазақстандық спортшының ең басты жанкүйері.

"Теледидардағы көрсетілімді ұлымның көріп жатқанын сіңлім видеоға түсіріп алған. Маған жанкүйер болып, "Анашым, ұр! Анашым - чемпион!" деп айқайлап тұрады. Қазір көбінесе онымен тек видео арқылы сөйлесеміз, ол бәрін түсінеді. Мен бала кезден отбасым үшін жауапы болдым, біз өте қарапайым өмір сүрдік, ерте жастан еңбек етуіме тура келді. Қазір қалағаныма қол жеткізген кезде маған күш беретін жаңа стимулым бар, ол - ұлым. Сондықтан жаттығуға бармай қалу туралы ойламаймын да, өйткені ұлым өсіп келе жатыр. Бір жаққа кетіп бара жатсам, үйге қайтып келетінімді ол әрқашан біледі", - дейді Фируза Шәріпова.

ARU LIFE жобасының серіктесі - Аltel ұялы байланыс операторы. Аltel Қазақстанда 4G-ден ондаған есе жылдам 5G технологиясын белсенді дамытуда.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.77   490.7   4.81 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети