Жолаушы әуеде ұшақтың есігін ашпақ болған: Қазақстанда қандай жаза қарастырылған?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Жолаушы әуеде ұшақтың есігін ашпақ болған: Қазақстанда қандай жаза қарастырылған? Фото:depositphotos.com/ aapsky

Ұшақ бортындағы кезекті оқиға апатқа айнала жаздады: United Airlines жолаушыларының бірі төбелес шығарып, көкте апаттық есікті ашуға әрекеттенген. Лайнер шұғыл түрде жерге қонды, енді бұзақыға қомақты айыппұл салынады немесе түрмеге қамалуы мүмкін. Tengri Travel оқиғаның мән-жайын анықтап, Көліктегі полиция департаментінен Қазақстанда мұндай әрекет үшін қандай жаза қарастырылғанын білді.


Ұшақ бортындағы кезекті оқиға апатқа айнала жаздады: United Airlines жолаушыларының бірі төбелес шығарып, көкте апаттық есікті ашуға әрекеттенген. Лайнер шұғыл түрде жерге қонды, енді бұзақыға қомақты айыппұл салынады немесе түрмеге қамалуы мүмкін. Tengri Travel оқиғаның мән-жайын анықтап, Көліктегі полиция департаментінен Қазақстанда мұндай әрекет үшін қандай жаза қарастырылғанын білді.

Не болды?

WJLA мәліметінше, United Airlines әуе компаниясының Ньюарк Либерти халықаралық әуежайынан Гватемалаға бет алған Boeing 737 MAX 8 ұшағы (1551-рейс) Вирджиния штатындағы Вашингтон-Даллес халықаралық әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болған.

Диспетчерлермен сөйлесу жазбаларына сүйенген ABC News-тің ақпараты бойынша, төтенше жағдайға жолаушылар бірінің мінез-құлқы себеп болған. Ол көкте өзін агрессивті ұстап, төбелес шығарған және ұшақ есігін ашпақ болған.

Бортта 145 жолаушы мен экипаждың 6 мүшесі болды.

АҚШ авиация билігі не дейді?

7News телеарнасы Федералдық азаматтық авиация басқармасына (FAA) пікір алу үшін жүгінді. Ондағылар ұшақ шұғыл қонғанын растады.

Оқиғадан кейін Гватемалаға бағытталған рейс тоқтатылып, жолаушылар резервтік борт жіберілгенше қонақүйге орналастырылды.

"United Airlines әуе компаниясының 1551-рейсі экипаж жолаушылар арасындағы тәртіпсіздік туралы хабарлаған соң, бейсенбі, 21 мамырда жергілікті уақыт бойынша сағат 20:30 шамасында Вашингтонның Даллес атындағы халықаралық әуежайына сәтті қонды. Ұшақ Ньюарк Либерти халықаралық әуежайынан Гватемалаға бағыт алған болатын", - деп атап өтті әуе компаниясы өкілдері.

FAA мәліметінше, тек 2026 жылдың өзінде АҚШ-та жолаушылар тәртіп бұзған 600-ге жуық жағдай тіркелген.

Мұндай заңбұзушылықтар үшін елде қылмыстық айып тағылып, қомақты айыппұл салынады немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Ең жоғары айыппұл көлемі 43 658 долларға жетеді, бұл 20 миллион теңгеден астам сома.

Қазақстанда қандай жаза қарастырылған?

Қазақстандағы осыған ұқсас заңбұзушылықтар туралы білу үшін біз Көліктегі ПД баспасөз қызметіне хабарластық. Онда кейінгі үш жылда елде ұшу кезінде ұшақ есігін ашуға әрекеттену жағдайлары тіркелмегенін мәлімдеді.

"Кейінгі үш жылда Көліктегі полиция департаментінде жолаушылар ұшу кезінде әуе кемесінің есігін ашуға әрекеттену фактілері тіркелген жоқ", - деп хабарлады көлік полициясы.

Мұндай жағдайлар болмаса да, Қазақстанда борттағы мінез-құлық ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған.

Мәселе Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 566-бабы "Әуе кемесі командирінің немесе экипаж мүшелерінің өкімдерін орындамау" туралы болып отыр.

"Жолаушының әуе кемесі командирінің немесе экипаждың басқа да мүшелерінің өкімдерін орындамауы, егер іс-әрекеті ұшу қауіпсіздігіне қатер төндірмесе", - - деп түсіндірді Көліктегі ПД өкілдері.

Заңға сәйкес, бұл заңбұзушылық үшін 3 АЕК (12 975 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Алайда, егер жолаушының іс-әрекеті ұшақ қауіпсіздігіне немесе борттағы адамдарға қауіп төндірсе, жаза келесідей болуы мүмкін:

  • әкімшілік қамауға алу;
  • салдарына және іс-әрекеттің саралануына байланысты қылмыстық жауапкершілік.

Айта кетейік, таяуда United Airlines әуе компаниясының Boeing 767 ұшағы Ньюарк Либерти әуежайына қону кезінде жарық бағанасы мен тасжол бойымен жүріп бара жатқан жүк көлігіне соғылған болатын.

TengriTravel
;