14 тамыз 2020 12:50

 "Абайға бет бұру..."

ПОДЕЛИТЬСЯ

Биыл елімізде алғаш рет Абай күні аталып өтті. Атаулы дата 2020 жылғы 5 тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітіліп, 10 тамыз "Абай күні" ретінде мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енді. Сонымен қатар ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай мектеп бағдарламасына "Абайтану" оқулығы мен хрестоматиясы енгізіліп, Абайтану ғылыми-зерттеу орталығы ашылмақ. Бұл туралы Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев мәлімдеді.


Биыл елімізде алғаш рет Абай күні аталып өтті. Атаулы дата 2020 жылғы 5 тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітіліп, 10 тамыз "Абай күні" ретінде мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енді. Сонымен қатар ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай мектеп бағдарламасына "Абайтану" оқулығы мен хрестоматиясы енгізіліп, Абайтану ғылыми-зерттеу орталығы ашылмақ. Бұл туралы Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев мәлімдеді.

Хакім мерейтойына орай жуырда "Ақыл ойдың айнасы" деген ұранмен "Abai tv" мәдени-ағарту телеарнасы ашылды. Телеарна ұлттық және әлемдік өнер мен мәдениеттің інжу-маржанын, түрлі ұлттардың әдеби және тарихи мұра жауһарларын қалың бұқараға ұсынады.

Абайға бет бұру, "өткеннің арты, жаңаның басы едім" деген ұлы ақынның тағылымына терең бойлау - бүгінгі күнде үлкен маңызға ие. Абай - ұлттық болмыстың айқын үлгісі. Абай - дала даналарының барша жақсы қасиеттері мен асыл мұраларын бойына сіңіре отырып, ұлт әдебиеті мен мәдениетін һәм қоғамдық ойды баға жетпес қазыналармен байытқан дана да дара тұлға. Абай - адамзатқа ортақ кемеңгер. Ұлы ойшылдың шығармаларының 30-дан астам тілге аударылып, өміршең өлеңдері мен пәлсапалық ойлары әлемдік әдебиеттің алтын қорына енуі бұл сөзімізге айқын дәлел.

XIX ғасырдың екінші жартысында киіз туырлықты қазақ халқы әлеуметтік, рухани дағдарысты бастан өткерді. Біріншіден, ол үш ғасырға созылған отаршылдық қамытының бұғауынан қараша халықтың сан замандар бойы қалыптасқан жолынан жаңылуы еді. Екіншіден, бұл кезең ауыз әдебиетінен жазба әдебиетіне көшу кезеңіне тұспа-тұс келді. Ұлы даладағы осындай оқиғалар мен өзгерістер ұлтқа тұтқа, ұрпаққа тұлға болатын ағартушылардың шығуына яки олардың көпшілік қауымға өнеге беретін ағартушылық-демократиялық сипатта қалам тербеуге түрткі болды. Бұл "мың өліп, мың тірілген" ұлттың оянуына ықпал етті. Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен қиын-қыстау замандар артта қалды. Тәуелсіздігімізді алдық, дербес мемлекет болдық. Егемендіктің елең-алаң кезінен бері ауқымды істер еңсерілді, елдің еңсесі көтерілді. Ұлтты ұйыстырып, әлемнің дамыған елдерінің көшіне ілесу үшін не істемек керек? Ол үшін Абай ұлағатын тереңірек зерттеп-зерделемек керек. Ол үшін Абай мұрасы - Ұлы дала өркениетінің алтын тұғырына айналуы қажет. Әкенің баласы емес, адамның баласы болуды мақсат тұтқан ақынның құнды қазынасы өскелең ұрпақпен бірге жасайтын мәңгілік мұраға айналуы тиіс. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай хақындағы ой-толғамы басты бағдаршам болуы тиіс. Президенттің "Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында хакімнің мерейтойын жоғары деңгейде атап өтудің бағыттары мен тетіктері айқын көрсетілген. Қасым-Жомарт Кемелұлы жоспарланған шаралардың барлығы "той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек" екендігін ерекше атап өтті. Расында да, дара, дана Абайдың тойы ойдың тойы болуы қажет. Ұлы Абайдың тойы тағылымның тойы болуы тиіс. Президент мақаласы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласының жалғасы іспеттес. Аталған бағдарламалық мақалада қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы кеңінен қамтылған болатын.

Президент мақаласында ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналғандығын ерекше атап өтті. Себебі сананы жаңғырту арқылы жаңа мыңжылдықта еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашылады. Бұл тұрғыда Абай мұрасының тигізер пайдасы елеулі болмақ. Мемлекет басшысы атап өткендей ұлы ақынның ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық, таусылмас қазына. Сананы жаңғыртуда Абайдың өміршең шығармаларының тигізер ықпалы зор.

"Жүрегіңнің түбіне терең бойла, мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла" деп тәмсілдеген Абай туралы, оның поэзиясы жайлы аз айтылған жоқ.Десе де бүгін мен болашақтың алтын діңгегіне айналған ойшылдың тұлғасын толық танып үлгердік деу асығыстық. Сыры мен жұмбағын ішіне бүккен шығармалары әлі де баршылық. Бұл оның тым тереңдігін аңғартса керек. Адамзаттың ақылманы ең алдымен ұлтын шексіз сүюдің қандай болатынын көрсетті. Сынады, сынау арқылы ұлтының өсіп-өркендегенін көздеді. "Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз" дейді хакім. Абайдың ерекшелігі - надандықтың орнына білімпаздықты, тайталастың орнына татулықты, даңғойлықтың орнына даналықты сіңістіріп, халқымыздың рухани қасиеттерін паш еткендігі. Себебі нағыз қайраткер ғана туған елін іргелі істерге бастап, орға жығатын емес, өрге бастайтын жол іздейді.

Мемлекет басшысы ұлтымызды жаңғырту ісінде ұлы Абайдың еңбектерін басшылыққа алып, оны ұтымды пайдалану жайына да ерекше тоқталып өтті. "Абай шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз", деді.

Шындығында да "Адамзаттың Абайы" атанған ақынның әдеби мұрасы бүгінгі күнде де, болашақта да өзінің мәні мен маңызын жоймайды. Ол - ұлтымыздың рухани жаңғыру жолындағы темірқазығы һәм шамшырағы іспетті.

Қазақ қыздарының парасат мектебіне айналған Қыздар университетінде Абай Құнанбайұлын әдеби мұрасын кеңінен дәріптеу мақсатында бірқатар шаралар қолға алынды. Атап айтқанда, былтырғы оқу жылынан бастап университеттің оқу үдерісіне "Абайтану" курсы енгізілді. Бүгінде болашақ мұғалім мамандарына абайтанудың бастаулары, ақынның өмірі мен шығармашылық жолы оқытылуда. Келешек педагогтар курс барысында абайтану мәселелерінің даму бағыттарымен, оның ақындық мектебімен және хакімнің "Толық адам" философиясымен танысады. Осы орайда Қыздар университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Руда Зайкенованың "Абайтану" атты оқулығы да жарық көрді. Оқулықта Абайдың өмірі мен шығармашылық жолы бүгінгі абайтану ғылымымен біртұтас бірлікте қарастырылады. Сонымен қатар абайтанудың бастаулары, шығыс, батыс және орыс әдебиеттерімен байланысы, ғұлама ойшылдың ғылым, білім, өнер, ел билеу, тарих, қоғамдық құрылыс, азаматтық көңіл-күй, табиғат көрінісі, философиялық шығармаларының мән-мағынасы мен маңызы түсіндіріледі.

"Президенттің "Абайды тану - адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі - кемелдіктің көрінісі" деген сөзінде терең мағына бар. Өйткені  Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұсынған жалпы білім беретін мектептің 9-10-11 сыныптарына арналған  "Абайтану" оқулығы мен әдістемелік "Мұғалім кітабы" оқу құралының авторы ретінде мен Абай даналығын жете меңгеру арқылы бүкіләлемдік гуманистік және ұлттық өлшемдердің адам тұлғасын қалыптастырудағы орнын бағамдап, қадірлеп-қастерлеп, өмірді және адамзат құпиясын тануға болатындығына сенімдімін", - деп пікір білдіреді ғалым Руда Зайкенова.

Сөзімізді тарихшы, мемлекетшіл азамат Дархан Қыдырәлінің парасатты пайымымен аяқтағым келіп отыр: "Абайдың өнегесі қашанда өзекті. Бос мақтан үшін есепсіз шашылатын түрлі той дүрмекті тыйып, дарақылықтан бойды жиып, қанағат пен қайырымдылықты, ынсап пен парасаттылықты басшылыққа алсақ, кісілік һәм ұлттық қалпымызға да жақындай түсер едік..." 

Жандар АСАН,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі

 

Как вам дизайн сайта Tengri News?
Пройти опрос
Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 449.3   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети