08 маусым 2017 16:03

Бейбіт күннің батыры

ПОДЕЛИТЬСЯ

Ақпарат саласында аз-кем қалам тербеп жүрген соң түрлі оқиғаларды, әрқилы тағдырды оқып-біліп, бөтен пікір-ойсыз, мөп-мөлдір ақпаратты ұсынуға тырысасың. Сол тағдырлардың ішінде сүйегіңнен өтіп, санаңда әбден тұрақтап қалатындары кездеседі. Сапырылысқан ақпараттардың ішінде сол бір тағдырды ойыңда құшақтап, соның әуресімен ғана уайымға батып, жалғыз қалып қоятын сәттерің болады. Солардың бірі Шу өзенінің бойындағы Мойынқұм ауылында болған оқиға...


Ақпарат саласында аз-кем қалам тербеп жүрген соң түрлі оқиғаларды, әрқилы тағдырды оқып-біліп, бөтен пікір-ойсыз, мөп-мөлдір ақпаратты ұсынуға тырысасың. Сол тағдырлардың ішінде сүйегіңнен өтіп, санаңда әбден тұрақтап қалатындары кездеседі. Сапырылысқан ақпараттардың ішінде сол бір тағдырды ойыңда құшақтап, соның әуресімен ғана уайымға батып, жалғыз қалып қоятын сәттерің болады. Солардың бірі Шу өзенінің бойындағы Мойынқұм ауылында болған оқиға...

Кеш әлетінде әдеттегідей қиын да күрделі жұмысын тындырып, бала-шағасына асыққан майор-әке - Талғат Көдековті көшеде улап-шулай кеткен балалардың даусы селк еткізеді. "Анда жүз!", "Былай қарай жүз!". Бұйрық берілді. Тапсырма қалтқысыз орындалуы тиіс. Бұл жолы оған бұйрықты әдеттегідей жоғары шенді офицер емес, балалар беріп тұрған еді. Алайда бұл "бұйрықтың" шын бұйрықтан маңызы бір де кем емес болатын. Майор Талғат Көдеков балалар шомылып жүрген су арнасы жаққа құстай ұшты. Су мөлшерін қажетінше өткізетін шлюздің түбі терең еді. Ал төрт жасар қыз үшін бұл төніп тұрған нағыз қатер екенін ұққан полицей ойланбастан суға сүңгіп кетіп, бірер сәттен соң суға әбден тұншыққан қыз баланы жағаға алып шығады. Дереу қолдан тыныс алдыру, дем беру сияқты алғашқы көмекті де сауатты жасаған тәртіп сақшысы баланың қақалып-жөтеліп, әйтеуір ес жиғанын көріп, жүрегі орнына түседі.


Талғат Көдеков қыз құтқарылған жерді көрсетіп тұр.

Тәртіп сақшысы жолдағы көліктердің бірін тоқтатып, қызды ауруханаға жеткізеді. Барлығы да нұсқау бойынша. Қалтқысыз әрекет. Мың сан рет қайталап үйренген әдіс. Баланы дәрігерлерге тапсырған сақшы сонда да өз міндетін атқарып болдым демейді - өз баласындай уайымдаған ол сол күні ауруханаға қайта барып, хал-жағдайын біледі. Дәрігерлерден жағымды жаңалық естіген соң ғана көңілі орнына түсті полицейдің. Ал бұл жолы оны қызметтегі қатаң ережеге бағынуы емес, баланы бөтен деп алаламайтын нағыз азаматтығы жетелеген еді. Оқиғаны естіп, көңілі алақұйын болған ата-ананың уайымын айтсаңызшы. Өсіріп отырған қызын өлімнен арашалап алып қалған адамға олар содан бері ұзақ-ұзақ алғыс айтумен болды...


Құтқарылған қыз бен оның анасы.

Бұл оқиға кейін аудандық, облыстық, тіпті республикалық басылымдарда жарияланды. Қоғам мақтау сөз айтты. Солай, өмір өз арнасына қайта түсті. Жұрт басқа оқиғаны талқылап кетті, тәртіп сақшысы әдеттегідей өз міндетін қалтқысыз орындауын жалғастырды.


Ерлігі үшін марапатталған сәті

Ал қазіргі таңда кейіпкеріміз зейнетке шыққан. Екі бала тәрбиелеген ол бүгінде немересінің қызығын көріп отыр. Отставкадағы майордың өзі құтқарып қалған, ендігі өз қызындай болып кеткен баласы бар. Ол тіпті "папа" дейді екен. Зейнеткер "қызын" күн сайын көріп тұратынын айтады.


Мойынқұмдағы Жазылбек Қуанышбаев ескерткішінің алдында

Талғат Көдеков жасаған ісін ерлік деп есептемейді. "Мұны еш ерлік дей алмаймын. Кез келген адам сол маңда болса құтқарып қалар еді ғой" дейді ол аңтарылып журналистердің ерлігі жайлы сұрағына. Жарқын өмірге, жақсылыққа, баянды бақыт күтер болашаққа кәміл сенген Талғаттың тіршілікке баладай сенетінін, үміт күтетінін үлгі десек болады. Иә, қазір оның ісі өз ауылының есінде. Дәл осындай батырларымыз еліміздің түкпір-түкпірінде бар. Алайда осындай азаматтардың ісі көптің талқысына түсе бермейтін, тез ұмытылатын тақырыптардың бірі. Есесіне өсек-аяң, қоғамды теріс тәрбиелейтін жаңалықтар оқырманның көзайымына айналып отырғанын байқаймыз. Бейбіт заманда батыр болмайды деп ойлайтынмын. Алайда рухы мықты, өміріне төнген қауіпке қарамастан көмекке асығатын, біз бен сіздің тыныш ұйықтауымызды қамтамасыз етіп жүрген тұлғалар батыр деген атаққа әбден лайық. Бұл тұжырыммен келіскісі келмегендер болуы да мүмкін, алайда жазатайым бола жаздаған періште бала үшін Талғат Көдеков - нағыз батыр...

23 маусымда Қазақстан полициясының құрылғанына 25 жыл толады. Бұл қазақстандық полицияны құрған ардагерлер мен оның қатарында еңбек ететін қызметкерлерге алғыс білдіріп, қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін бейбіт күнде өз өмірін құрбан еткен полицейлерді еске алатын күн. ҚР ІІМ мәліметінше, 1993 жылдан бері қызмет бабында жүріп ішкі істер органдарының 764 қызметкері қаза тапқан, 2189 адам жарақат алған екен. 

ТҮЙІН. Бүгінгі қоғамда құқық қорғау органдары жайлы қалыптасқан жағымсыз пікірдің басым бөлігі түсінбестіктен немесе ақпаратты бүге-шігесіне дейін білмегендіктен шығып отыр. Оған ресми мәліметтің нақты әрі боямасыз жазылатындығы мен әлеуметтік желідегі тексерілмеген ақпараттардың барынша "айғайлап" таратылатыны себеп секілді. Жаңа замандағы өмірді әлеуметтік желілерсіз елестету мүмкін емес. "Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар жеткізген" Интернетті ерлік туралы, үлгі аларлық істер туралы айтылатын, жазылатын насихат алаңына айналдыра алмай отырғанымыз өкінішті...


Ардақ Құлтай, журналист
_________________________

 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 449.57   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети