11 қараша 2021 14:03

Жандар Асан: Түркі әлемі ынтымақтастықтың дара жолын таңдады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Байқалдан Балқанға дейінгі алып аралық – күңіреніп күн түбінде жорытқан Түркі баласының қасиетті қонысы, қастерлі мекені. Сан ғасырлар аттың жалында, түйенің қомында күн кешкен болмысы бөлек, бітімі ерек жұрттың сан ғасырлар шеңберінде "айы оңынан туды, жұлдызы солынан туды".


Байқалдан Балқанға дейінгі алып аралық – күңіреніп күн түбінде жорытқан Түркі баласының қасиетті қонысы, қастерлі мекені. Сан ғасырлар аттың жалында, түйенің қомында күн кешкен болмысы бөлек, бітімі ерек жұрттың сан ғасырлар шеңберінде "айы оңынан туды, жұлдызы солынан туды".

Мыңжылдықтар межесінде Еуразия кеңістігін тұлпарының тұяғымен дүбірлеткен бөрілі байрақты Түркі халықтары әлемдік ғылымның керегесін кеңейтті, Шығыс пен Батыс мәдениетін тоғыстырды."Екінші ұстаз" деп әспеттелген Әбу Насыр әл-Фараби ортағасырдағы Отырар қаласында ғылымның шамшырағын жақса, күллі түркі әлемінің рухани көсемі Қожа Ахмет Иассауи Түркістан қаласын мекен етіп, діни ілім таратты. Махмұт Қашғари, Жүсіп Баласағұн, Фирдоуси, Әбу Райхан әл-Бируни, Әлішер Навои сынды ойшылдар адамзаттың ақыл-ой қазынасына олжа салып, жаһандық өркениетке өшпесмұра, құнсыз дүние қосты.

Түркі тарихы – Еуразия тарихы. Түбі бір туысхан жұрт төл тарихымен қатар, әлемдік тарихты тасқа бәдіздеп, арман-аңсарын оюмен өрнектеген өткені өнегелі, кешегісі кемел ел.Ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен қиын-қыстау замандарда "түнде ұйықтамаған, күндіз отырмаған" Күлтегін, Білге, Тоныкөк сынды баһадүр бабалар Ұлы даланың төсінде "қара терін төкті, қызыл қанын жүгіртті". Мәңгілік елдің арман-мұратын тасқа қашап жазды.

Еуразия кеңістігінде түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары жаңа тарихи кезеңді қалыптады. Төл тарихымыздың тұңғиығына үңілер болсақ, бұл мемлекеттер сан ғасырлар бойы Ұлы дала төсінде бірін-бірі алмастырып, жаһанның саяси, экономикалық және мәдени дамуында өшпес із қалдырды. Ұлан-байтақ аймақта мекен еткен түркі баласы көшпелі және отырықшы өркениетті нықтап, әлемдік ғылым мен өнердің өркендеуіне елеулі үлес қосты. Ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Әлемдік мәдениетте төңкеріс жасаған Ұлы Жібек жолын жаңғыртты.

Алтай мен Анадолының арасындағы ұлан-ғайыр атырап бүгінде – түбі бір түркі жұртының қастерлі мекені, қасиетті қонысы. Дәуірлер алмасып, мыңжылдықтар өтсе де көк түріктің рухы өшпеді, бабадан балаға мұра болған Күлтегіннің өміршең өсиеті санадан көшпеді.

"Өткеннің тағылымды өнегесі – бүгінгінің баға жетпес байлығы" деген ұғымды санасына берік ұстаған түркі баласы өткенін бағалап, болашағын бағамдап келеді. Қазіргі күнде кең байтақ Еуразия кеңістігіндегі түркі әлемі бейбітшілік пен тұрақтылықтың алтын бесігіне айналды.

Аумалы-төкпелі жаңа мыңжылдықта Түркі баласы бірлік пен ынтымақтастықтың дара жолын таңдады. "Төртеу түгел болса, төбедегі келеді" деген ұлағатты ұстанымдағы Түркі Кеңесін құрған мемлекеттер күллі әлемге кеңінен танылды. Айбары асты, әлеуеті тасты.

Қазақ жері – ежелден Шығыс пен Батысты, Еуропа мен Азияны жалғайтын алтын көпір саналып келген. Құрлықтар мен құндылықтар тоғысқан Ұлы Дала елі – түркі әлемінің алтын бесігі, қастерлі қара шаңырағы. Төрт тарабын қаймана қазақ мекен етіп отырған асқақ Алтай – тұтас түркінің алтын тағы, қазыналы Хантәңірі мен әулие қонып, нар шөккен қарт Қаратау – иісі мұсылман жұртының ұлы төрі. Қожа Ахмет Ясауи мен қазақтың маңдайына біткен жақсылары мен жайсаңдары мәңгілік тыным тапқан Түркістан – "ер түріктің бесігі, екі дүниенің есігі". Қорқыт бабаның құтты қонысы болған Сыр бойы – оғыз жұртының ата жұрты, Ұлытау – Дәшті Қыпшақтың ордалы ордасы, Сарайшық – Алтын Орданың алтын босағасы іспетті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тамыры бір туыс жұрт түгенделіп, үзіліп қалған алтын арқау қайта жалғанды. Көктүріктің атажұртындағы мемлекет бауырлас елдер арасындағы саяси-экономикалық, мәдени байланыстарды нығайтуға ұйытқы болып келеді.

"Түркістан, тұтас бол, түркі тілдес, түгел бол". Тұрар Рысқұловтай тұғырлы тұлғаның ұраны өз өміршеңдігін жойған жоқ. Түбі бір бауырлас елдердің ынтымақтастығын одан әрмен нығайту орайындағыМемлекет басшыларының қатысуымен өтетін Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммиті – түркі өркениетінің дамуына, дәуірлер жалғастығына тағы да ұйытқы болмақ. Бұл жиын – жаңа мыңжылдықтағы түркі баласының достығын жаңа кезеңге, биік белеске бастайды деп сенеміз.

Жандар Асан

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.26   490.7   4.83 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети