23 қыркүйек 2019 15:34

Кәкімжан Қазыбаев жайлы естеліктер: ерлік пен адамгершілік хақында

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақ журналистикасында өзіндік жазу мәнерімен із қалдырған белгілі публицист, қоғам қайраткері, жазушы, журналист Кәкімжан Қазыбаевтың туғанына биыл 90 жыл толды. Осыған орай, республикалық ғылыми-практикалық конференция әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде ұйымдастырылып, жиынға қазіргі қазақ журналистикасының аға буыны, тұлғаның жақын туыстары, университет студенттері қатысты. Кәкімжан Қазыбаев ғұмырынан сыр шертетін естеліктер айтылып, қайраткер болмысын суреттейтін баяндамалар оқылды. Назарларыңызға конференция барысында сөз сөйлеген азаматтардың баяндамасынан үзінділер ұсынамыз.


Қазақ журналистикасында өзіндік жазу мәнерімен із қалдырған белгілі публицист, қоғам қайраткері, жазушы, журналист Кәкімжан Қазыбаевтың туғанына биыл 90 жыл толды. Осыған орай, республикалық ғылыми-практикалық конференция әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде ұйымдастырылып, жиынға қазіргі қазақ журналистикасының аға буыны, тұлғаның жақын туыстары, университет студенттері қатысты. Кәкімжан Қазыбаев ғұмырынан сыр шертетін естеліктер айтылып, қайраткер болмысын суреттейтін баяндамалар оқылды. Назарларыңызға конференция барысында сөз сөйлеген азаматтардың баяндамасынан үзінділер ұсынамыз.

Ғалымқайыр Мұтанов
академик, ҚазҰУ ректоры

Алғаш болып сөз алған Ғалымқайыр Мұтанов жиналған жұртпен амандасып, ілтипат көрсетті. Кәкімжан Қазыбаевтың туғанына 90 жыл толуына арналған конференцияның шымылдығын түріп, естелік айтуға келген аға-буын мен шәкірттеріне алғысын білдірді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жеделхатын оқып, ыстық лебізін арнады.

- Бүгінде өнегелі өмірімен өскелең ұрпаққа үлгі болып отырған Кәкімжан Қазыбаевтың ұлт руханияты үшін сіңірген еңбегі ұмытылмайды. Халықтың игілігі үшін аянбай еңбек еткен біртуар ағамыздың отбасына амандық, бақыт, бақ-береке тілеймін! Қазақстан Республикасының Президенті – Қасым-Жомарт Тоқаев. Нұр-Сұлтан. Ақорда" - деп жазылған жеделхатта.

Бауыржан Жақып, ақын, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті
"Кәкімжан Қазыбаевтың жазушылық қыры"

- Туғанына тоқсан жыл толып отырған ағамыздың мерейтойлық ғылыми конференциясында мен ол кісінің жазушылық қырына тоқталмақпын. Кәкімжан Қазыбаев мемлекеттік қызметте жүргеніне қарамастан қазақ публицистикасы мен көркем әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде педагогикалық қызметін қоса атқарды. Қазыбаевтың қаламынан "Кернеген кек", "Құпия", "Ызғар", "Сұрапыл", "Октябрь өрендері" сияқты туындылар дүниеге келді. Қазақтың жаужүрек ұлы Рақымжан Қошқарбаевтың ерен ерлігін алты алашқа алғаш танытқан Кәкімжан Қазыбаевтың журналистік зерттеуі дәл сол ерліктің өзімен пара-пар десек артық айтқандық емес. Кәкімжан ағаның журналистік қызметі, редакторлық шеберлігі, публицистикасы терең зерттелді. Менің ғылыми жетекшілігіммен бұл тақырыпта Зухра Ермағанбетова 2007 жылы кандидаттық диссертация қорғады.

Кәкімжан Қазыбаевтың "Қышыма" повесі жылы юморға толы. Оқиғасы да күлкілі шығарма. Мұнда қаламгер жоғары басшылық қызметтегі адамдардың жағымпазданған кескін-келбетін, бет-бейнесін жасайды. Повестегі басты кейіпкер Қасым – өз ісін жетік білетін, тура сөйлейтін принципшіл адам. Бірақ онысы өзіне сор балып, бастықтарға ұнай бермейді. Шындықты айтамын деп талай опық жегені бар. Сонысымен екі рет қызметімен қоштасқан. Ендігі қызметі – ферма меңгерушісі. Шығармада КОКП Орталық камитетінің бірінші хатшысы Никита Сергеевич Хрущевтің Қазақстанға келген сапары қызықты сюжетпен өріледі.

Қазақстан кинематографистер одағына жиналысқа барған Кәкімжан Қазыбаев былай депті: "Туысқан одақтас республикаларда, атап айтқанда Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркіменстанда бұл тұрғыда шығармашылық жағынан өсу байқалады. Олар өздерінің көркем әдебиетінің құндылықтарын бағалай біледі. Шығармаларын уақытылы экрандап отырады. Біз неге олардан үлгі алмаймыз? Әлемдік классиканың інжу-маржаны болып табылатын Мұхтар Әуезовтің  "Абай жолы" романын экранға шығара алмай жүргеніміз Қазақстанның кинематографистеріне абырой әкелмесі анық" деген екен Кәкімжан Қазыбаев.

Көпжасар Нәрібаев, қоғам және мемлекет қайраткері, академик
"Кәкімжан Қазыбаевтың қайраткерлігі"

- Мен Кәкімжан ағамен осыдан 60 жыл бұрын, 1959 жылы таныстым. Содан бері, ол кісінің өмірінің соңына дейін қатынасымыз үзілген емес. Он шақты жыл Құдай қосқан көрші болдық. Жанұямызбен, бала-шағамызбен араласып кеттік. Әркез ақылын айтып, жол сілтеп отыратын. Кәкімжан ағамыз парасатқа бай, ойы терең, өресі биік, өрісі кең көрнекті қайраткер еді.

Кәкең хатшы кезінде одақтық маңызы бар, тіпті әлемдік мәні бар көптеген жиындар өткізді. Соның бірі – Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығы. Хатшы Қазыбаев бұл жиынды әлемдік деңгейде, ЮНЕСКО аясында өткізуге қол жеткізді. Нәтижесінде көп сериялы көркем фильм түсірілді. Одақтық Ғылым академиясында Халықаралық ғылыми симпозиум өткізілді. Сөйтіп өзіміздің мақтан тұтатын Шоқанымызды бүкіл әлемге танытуға үлкен үлес қосты.

Ағамыздың көзі тірісінде сенімді серігі болған, өмірлік досы, отбасының берекесі, ақылшысы, қамқоршысы болған, өмірден өткен соң әулеттің шаңырағын шайқалтпай, отын өшірмей, атын асқақтатып, жоғын жоқтап, рухани мұрасын түгендеп, оны кеңінен дәріптей білген ұлағатты ұстаз, елімізге ерен еңбегі сіңген қайраткер Орынша жеңгеміздің орны ерекше. Кәкімжан Қазыбаев – Қазақстан тарихында аты алтын әріппен жазылған ірі тұлға, көрнекті қайраткер, алып азамат.

Сұлтан Оразәлі, жазушы, тележурналист
"
Кәкімжан Қазыбаевтың 4 ерлігі"

- Бірінші ерлігі: Орынша апамызға үйленгені. Апыр-топыр заман орнап, халық жауларын, олардың туған-туыстарын қамап, айдауға жіберіп жатқан. Орынша апамыз – халық жауының қызы. Бұл кісімен сөйлесіп, үйленбек түгілі қасына барған адамның өзі есепке ілінетін. Осыны біле тұра, ештеңеге қарамастан, тосқауылды бұзып-жарып, жас жігіт үйленуге шешім қабылдайды. Ерлік пе? Ерлік.

Екінші ерлігі: Рақымжан Қошқарбаев ерлігін одаққа танытып, әділдікке қол жеткізу жолындағы күрескерлігі. Журналистикада бір тақырыпқа қатысты мақаланы 1 рет жазып, артынша мәселені аяқсыз қалдыратын журналистер аз емес. Кәкімжан Қазыбаев сияқты 1 тақырып шеңберінде бірнеше жыл ізденіп, сол мәселеге журналистік ғұмырын арнаған журналистер некен саяқ. Табандылығының арқасында ол кісі Рақымжан Қошқарбаев жайлы барлық жанрда қалам тербеді. Бұл Кәкімжан Қазыбаевтың журналистикадағы ерлігі.

Үшінші ерлігі: Кеңес дәуірінде өзінің халқына, мәдениетіне қарсы сөйлеген басшылар биліктен қолдау тауып, "жақсы адам" атанып жүрді. Ал бұл кісі қазақтың жері тоз-тоз болмасын деп Неміс автономиясын құрғызбауды мықтап қолға алып, осы жолда аянбай күресті. Кәшенов ағамыздан кейін, осы жүкті көтере алған – Кәкімжан аға. Бұл – саясаттағы ерлігі.

Төртінші ерлігі: Күндіз-түні ҚазТАГ-та от пен судың ортасында жүріп, онымен қоса партияның жұмысымен айналысып, бүкіл күш-қуатты жұмысқа жұмсаған адам кешкісін үйіне келіп, бала-шағасы ұйқыға кеткенде роман жазуға отырған. Бұл кез келген адамның қолынан келе бермейтін дүние. Жазушылық ерлігі осы дер едім.

Кәкімжан Қазыбаев ашаршылық, қуғын-сүргін кезеңінде дүниеге келген адам. Бір статистикадан оқығаным бар, ашаршылық жылдарында Қазақстанда туған 1000 баланың біреуі ғана тірі қалған екен. Олар кімдер,  Кәкімжан Қазыбаев,  Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Сапар Байжанов, Хайдолла Тілемісов, Мұқан Мамажанов сияқты тұлғалар. Міне, осы ұрпақ бірден публицистикаға, журналистикаға  бет бұрып, қазақтың әдебиет, мәдениетін ілгерілетті.

Жанболат Ауыпбаев, журналист, жазушы
"К.Қазыбаевтың шығармашылығы: тақырып, ізденіс, тәжірибе"

1986 жылы Кәкімжан аға мені “Лениншіл жастың” қызметкері ретінде жұмысқа алды. 3-4 жігіт журналисттік қызметімізді қатар бастадық. 3 жылдың ішінде Кәкең бізді аттай тағалап шығарды. 1989 жылы Кәкімжан ағаға ілесіп іссапармен Ақсу ауданына бардық. Барғанша Рақымжан аға туралы, қайтар жолда да Рақымжан аға туралы айтты. Алматыға жақындаған тұста: “Біз енді дербес зейнеткер боламыз, қоғамдық өмірден алыстаймыз. Мен екі күн бойы Рақымжан Қошқарбаев жайлы айттым. Осы күнге дейін Рақымжан ағаларың жайлы біршама құжат жинадым. Алматыға жеткеннен кейін, соның бір данасын мен саған беремін. Қолың тигенде қарарсың” деді. Ол кезде жаспыз. Өзі 30 жыл айналысқан Рақымжан Қошқарбаевқа қатысты құжатты маған бергелі жатқанда, басында шошып, қобалжыдым. Осы оқиғадан кейін, көп өтпей Кәкімжан аға өмірден өтіп кетті. Сонда жалғанмен қоштасатынын сезгендей, Кәкең Рақымжан Қошқарбаев құжаттарын бізге аманаттап кетті.

Орынша Қарабалина-Қазыбаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ұлағатты ұстаз
Кәкімжан Қазыбаевтың жұбайы

Димаш Ахметұлы Кәкеңді жоғары лауазымға, хатшылыққа шақырғанда бұл ұсыныстан бас тартып, бармай жүрді. Біраз уақыт өткенде Димекең кеңсесіне қайта шақырып “Не істейтін болдың, ойланған боларсың” деп сұрағанда, Кәкең сол бұрынғы жауабын айтады. “Онда портбилетіңді өткіз” дегесін, Кәкең бұл қызметке кірісуге құлықсыз келісімін беріпті. Бірақ хатшы болып жүргенінде ылғи айтатын “Әділеттілік төменгі жақта ғана бар. Жоғарыда, әсіресе, анау Мәскеуде әділет жоқ” деп. Ол кісі әділетсіздікті ұнатпайтын. Жазықсыз жандар айыпталып жатса, соларды құтқарып қалуға тырысатын.

Сіздерге Кәкеңнің 1987 жылдың тоғызыншы айында жазылған мына бір жазбасын оқып берейінші: “Мен ұзақ уақыт аузымды ашпауға, үнімді шығармай, іштен тынуға мәжбүр болдым. Бүгін менің жан дүнием алай-дүлей. Мен бұдан былай шыдай алмаймын. Халқымның абыройына нұқсан келіп жатқанда, мен үндемей қала алмаймын. Мен идеология үшін күрестім. Миымнан сай-сүйегіме дейін идеолог болып, мен коммунистік идеология үшін өзімді құрбан етуге даяр едім. Патриот, интернационал болып тәрбиеленген менің көзқарасымды Республикада қабылданған бір ғана қаулы түбегейлі өзгертті. Менің халқым барлық елдің алдында ұлтшыл деп айыпталғанда, мен айналамдағыларға деген сенімімді жоғалттым. Өзім қол астыларында қызмет еткен жоғарыдағылардан көңілім қалды. Таразыға салынбай қабылданған құжат маған ғана емес, басқаларға да әсер етті. Бүгінде біз, барлығымыз қабылданған сол құжаттан қорқамыз, жасқанамыз. Ақылды қорқыныш жеңіп кетеді. Сол қорқыныш бізді бірде алай, бірде былай лақтырады...Бүгінде менің тілім тұншығуда. Тіл өлсе ұлтымыз да өледі. Қазақ тілінің жағдайы өте мүшкіл. Қазақ тілінің мүшкіл халін түзету үшін, жандандыру үшін тиісті заң қабылдану керек. Мен құр шөппен ауыз сүртіп, көп сөйлегенше тұлғалық биіктікті қолдаймын” деп жазған еді Кәкімжан Қазыбаев. 

Батыр Қазыбаев, Alash Media Group медиахолдингінің бас директоры
Кәкімжан Қазыбаевтың ұлы

- 1989 жылдың қазанында әкем дүниеден өтті. Осы жылдың басында ол кісі үлкен әпкесіне биыл дүниеден өтетінін сезіп жүргенін айтқан екен. Өмірінің соңғы жылында әкем шығармашылыққа мықтап көңіл бөлді. Бірнеше публицистикалық шығарма, повест, роман, пьеса жазды. Таңғы 4-те тұрып жазу үстеліне отыратын. Үлгеруге тырысты. Бүгінде әкемнің шығармалары өз оқырманын тапты. Ол үлгерген екен.

Әлия Қошқарбаева
Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың қызы

- Кәкімжан ағаның әулетімен біздің отбасы тығыз байланыста болды. Қазір де байланысымыз үзілген емес. Екі үйдің балалары бірге өстік. Әкем мен Кәкімжан ағаның аралас-құралас болуына Бауыржан Момышұлы түрткі болған. Батыр ата менің әкемнің сол кездегі ешкімге беймәлім ерлігі жайлы жазуды Кәкімжан ағаға тапсырған екен. Содан бері екі үй арасында берік байланыс орнады. Кәкімжан ағаның ұлы Батырдың есімін менің әкем қойған.

Ол кісі көркем мінезді, сабырлы, айналасына шуақ шашып тұратын жайдары жан еді. Сөйлеген әр сөзінен жылулық білінетін. Нағыз интелегент адам еді.

Кәкімжан Қазыбаев өмірінен, өмірлік көзқарасы, шығармашылығы мен бұрын соңды біз білмеген қырлары жайлы талай әңгіме айтылды. Қайраткердің көзін көрген буынның әсерлі әңгімесі конференция залында отырған өскелең ұрпақтың түпкі санасына жетті деп анық айта аламыз. Тұлғаның туындылары, шынайы образдарға толы шығармалары барда Кәкімжан Қазыбаев есімі ешқашан ұмытылмайды.

Читайте также
Join Telegram
Тоқаев Қытайға барады

Валюта бағамы

 448.12   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети