Қарағанды клиникалары МӘМС енгізудің алғашқы оң нәтижелерін көрсетті

31 Қазан, 11:00
0

Қарағанды клиникалары МӘМС енгізудің алғашқы оң нәтижелерін көрсетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қыркүйек айында Қарағанды облысында тәжірибе жүзінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған. Пилоттық режимдегі тестілік тәжірибе жыл соңына дейін жалғасады. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның барлық өңірінде іске қосылады. Күз келе қарағандылық емделушілердің өмірі қалай өзгерді? 

Қарағанды облысында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі пилоттық режимде жұмыс жасауда. Сарапшылар айта кеткендей, медицинадағы өзгеріс - денсаулық сақтауды қаржыландырудағы тапшылықты болдырмау үшін және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру үшін аса маңызды. Медициналық технологиялардың бағасы жыл сайын өсіп, жедел медициналық көмектің деңгейі артуда. Сондай-ақ созылмалы инфекциялық емес дерттердің саны көбеюде. Денсаулық сақтау саласындағы пациенттердің көбеюі өмір сүру ұзақтығының ұлғаюына және медициналық қызметтерді ең белсенді тұтынатын екі топтың - қарт адамдар мен балалар санының өсуіне байланысты.

Болашақта қаржыландыру көлемі қосымша қызметтерді сатып алуға жетпейді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі осының алдын алу мақсатында жаңа бетбұрыс жасауда. Атап айтқанда, мемлекеттік медициналық тапсырысты орындау үшін клиникаларды көптеп тарту жоспарлануда. Бәсекелестік артып, сапа да жоғарылайды деп күтілуде.

Егер қарапайым қазақстандықтар үшін реформаның артықшылықтарын қарастыратын болсақ, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі ерікті сақтандырудан айырмашылығы - медициналық қызметтер пакеті шектеулі емес және салымға тәуелді болмайды. Емделуші жиған ақшасына қарай емес, өзіне қажетті деңгейде ем ала алады. Мысалы, оның жыл бойы жинаған МӘМС қаражаты аз болғанмен бұл маңызды болмайды. Ол дертіне қажетті көлемде (қымбат болса да) ем алуға тиіс.

Осылайша қазақстандықтар МӘМС жүйесіне тіркелу арқылы көптеген медициналық қызметтерге қол жеткізе алады.

2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қарағанды облысында медициналық сақтандырудың тестілік кезеңі басталды. Қарағанды облысының тұрғындары МӘМС жүйесі бойынша ең қымбат тексерулер мен толықтай оңалту көмектеріне мүмкіндік алды. Тәжірибе жүзінде қолға алудың мақсаты, ең біріншіден, ТМККК мен МӘМС қызметін айыру мен медициналық көмекке жүгінген кезде қызметтерді тұтынушылардың мәртебесін анықтау болды. Сонымен қатар пилоттық жоба 2020 жылдан бастап МӘМС жүйесін толық енгізуге дайындықтың маңызды бөлігі болды.

Пилоттық режим үшін бұл аймақты таңдаудың өзі жайдан-жай емес. Облыс 2014 жылы басталған цифрландырудың жоғары деңгейіне сай келді. Осы уақыт аралығында аймақтың біріздендірілген медициналық жүйесі құрылды және Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесімен сәйкес келді. Интернет желісіне қолжетімділік бойынша да Қарағанды облысы көшбасшылар қатарында.

Қарағанды облысы әкімдігі дерегі бойынша алғашқы айдан бастап-ақ диагностикалық сынақтардың қымбат түрлерін, атап айтқанда компьютерлік және магнитті-резонансты томографияны (КT және MРТ) тұтыну едәуір артқан. Статистикаға сүйенетін болсақ, осыған дейін айына орта есеппен 1265 қызмет көрсетілсе, қыркүйек айынан бастап бұл көрсеткіш 22 пайызға өскен. Оңалту көмегі бойынша қызмет көрсету 38 пайызға жоғарылаған. Осы жылдың 8 айында орта есеппен алғанда оңалту көмегіне 690 емделуші жүгінген. Ал қыркүйектен бастап бұл көмекті 949 емделуші алған. Сондай-ақ еңбек ұжымдарын профилактикалық тексерулер бойынша да жұмыстар басталып кетті. 15 000 адам осындай тексеруден өтті.

 

Қарағандыдағы "Профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы травматология және ортопедия облыстық орталығында" тәулік бойғы қызметінде 600-ден аса орын бар, ал күндізгі қызметінде 60-тан асады. Мұнда емделушілер Қарағанды облысынан ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен келеді. МӘМС жүйесінің енгізілуі бойынша орталық қызметкерлері айтарлықтай өзгерістерді күтеді. Қызмет пен жалақының жоғарылауы, медициналық орталықтар бәсекелестігі мен  медициналық көмекті ұйымдастырудың жаңа тәсілдері жүзеге асатынына сенеді. 

"Адам ауруханаға жай жатып қайтуынан бас тартып жатырмыз. Себебі бұл денсаулық сақтау саласынан алынатын үлкен қаражат. Оны одан да маңызды нәрселерге жұмсауға болады. Күндізгі стационар бар. Қазір бүкіл әлемде стационарды тек операция үшін ғана қолданады және оперция болғанда да өте күрделілеріне пайдаланады. Медициналық сақтандыру жүйесі енгеннен кейін адамдар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, өз уақытында тегін емделеді деп сенеміз", - дейді Қарағанды қаласындағы "Профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы травматология және ортопедия облыстық орталығының" директоры Дәуір Құрманғалиев.

Медициналық сақтандыру бойынша пилоттық жобаның іске қосылуы әсерінен Қарағанды облысында халықты тексеруден өткізу көрсеткіші артты. Бұл үшін мемлекеттен 1,8 миллиард теңге бөлінді. 95,2 миллион теңгені №1 Қарағанды көпсалалы ауруханасы алды. Мұнда 77 мың адам тіркелген. Қосымша қаржыландыру халықтың толықтай тексеруден өтуіне жол ашты. Қыркүйек айының ортасына дейін-ақ 632 адам тіркеліп тексеруден өтті. Оның ішінде 110 емделушіге дәрігерлер үйіне барған.

"Көп қозғала алмайтын, жүруге қауқары аз тұрғындар үшін жағдай көптеп жасалуда. Оларға қосымша тексеру қажет болса, мысалы, электрокардиограмма бойынша кардиолог маман үйіне барып, ЭКГ өткізіп, кеңесін бере алады. Эндокринологиялық қызмет те дәл осылай. Егер гемоглобинді анықтау қажет болса, онда мұны да үйіне барып жасауға болады. Егер емделуші қосымша тексерулердің барлық спектрінен өткен болса, онда дәрігер ақпараттық жүйеде жүргізілген тексерулердің барлық нәтижелерін қарап, өз кеңесін айтып, денсаулығына байланысты қабылдауға келе алмайтын науқасқа көмек қолын соза алады", - дейді Қарағанды қаласындағы №1 аурухана директорының орынбасары Радмила Габдракипова.

Медициналық сақтандыру іске қосыла №1 аурухана өз емделушілерін көптеп қабылдай бастады. Клиникада арнайы емдік дене шынықтыруға арналған жаттығу залы ашылды. Диагноздарына байланысты травмотолог, невролог және кардиолог мамандар бірлескен арнайы команда құрылған. №1 көпсалалы аурухананың дәрігерлері осы арқылы травмотология бойынша 100 емделушіні, неврологиялық қызмет бойынша 60 емделушіні өз бақылауларына алады. Әр емделушіні оңалтуға орта есеппен алғанда 50 мың теңге жұмсалады.

"Аурухана ішінде оңалту орталығы ашылғаны - өте жақсы дүние. Емделушілер бұл қызметті алу үшін әр жаққа сабылмайды. Бізге емделушілер, көбіне инсульт алғандар, оңалту арқылы сауығатын жандар осындай қызмет түрі қосылса деп өтінді. Бұрын расымен мұндай мүмкіндік болған жоқ. Қазір бұл пайда болды", - дейді Радмила Габдракипова.

Осылайша міндетті әлеуметттік медициналық сақтандыру жүйесінің пилоттық жобасын енгізудің нәтижесінде Қарағанды ​​облысындағы медициналық мекемелерде практикалық дайындықтарға көңіл бөлуге көбірек уақыт табылды. Көптеген маңызды жайттар пысықталуда. Мысалы аймақтағы медицина қызметкерлері тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен сақтандыру пакеті жайлы біліп қана қоймай, оны тәжірибе жүзінде іске асыруды да үйреніп үлгеруде.

Аймақта ауылды жердегі медициналық орындар бойынша біршама қиындықтар да бар. Бұл қиындықтарды 2019 жылдың соңына дейін шешу көзделіп отыр. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 44 медициналық орталыққа спутниктік интернет орнатылады. Бұл аймақтың кең жолақты интернетпен жабдықталуына сеп болады. Бастысы - емделушілер үшін медициналық цифрлық құжаттар мен медициналық жазбалар туралы ақпараттар қолжетімді болып, құжаттар алмасу ісі жеңілдейді.

Получить короткую ссылку




  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай