Қоқыс, ішек таяқшасы және шомылуға тыйым. Жаздың ең ыстық күндерінде Сайрандағы жағдай қандай?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қоқыс, ішек таяқшасы және шомылуға тыйым. Жаздың ең ыстық күндерінде Сайрандағы жағдай қандай? Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Былтыр Сайран су қоймасы жағалауына өз тарихындағы ең ауқымды реконструкция жүргізілді, бұл Алматы бюджетіне 12 миллиард теңгеге түсті. Абаттандырылған аллеялар, ойын алаңдары мен жағажайлар алматылықтардың сүйікті орнына айналды. Тек бір басты мәселені шешу мүмкін болмады - Сайрандағы су сапасы жылдан-жылға қанағаттанарлықсыз күйде қалып отыр. Осыған байланысты, тіпті аптапда да онда шомылуға тыйым салынған.


Tengrinews.kz тілшісі судың ластану себептерін анықтау үшін Сайранға барып, бұл мәселені қалай шешу керек екені туралы сарапшымен сөйлесті.

Бұл - редакцияның Алматы су қоймаларына арналған топтамасының үшінші материалы. Бұған дейін белсенділер мен жергілікті тұрғындар араша түсіп жатқан Қарасу көлі туралы жазған болатынбыз. Сондай-ақ, жағалауын қайта жаңартып, түбін тазарту жоспарларына байланысты биосферасы зардап шегуі мүмкін Әуежай көлі туралы да жаздық.

Сайран суына зерттеу: ішек таяқшасы және колифагтар

Алдымен Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен Сайрандағы судың жай-күйі туралы деректерді нақтылап алған жөн. Бұл су қоймасына санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг мамырдан қыркүйекке дейін жүргізілетіні белгілі. Зерттеулер айына бір рет өткізіледі.

Алайда сәуірдің аяғында департамент басшысының сол кездегі орынбасары Гаухар Каткенова Tengrinews.kz-ке 2025 жылғы зерттеулердің қорытындысы бойынша Сайраннан алынған су сынамалары санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтінін айтты. Бұл жерде судың иісі мен ондағы аммиакты азоттың мөлшері туралы сөз болды, бұл органикалық ластанудың белгісі еді. Сонымен қатар, мамандар микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздіктерді тіркеді: ЛКП индексі асып кеткен және колифагтар анықталған.

Анықтама: ЛКП индексі (лактоза-оң ішек таяқшалары) - ішек таяқшалары тобындағы бактериялар санын анықтайтын судың фекалды ластану көрсеткіші. Ал колифагтар - ішек таяқшаларын зақымдайтын вирустар. Олардың суда табылуы жаңадан фекалды ластану болғанын және қауіпті вирустық инфекциялардың болу қаупі жоғары екенін білдіреді.

"Көлге Үлкен Алматы өзені құяды, сондықтан оның жоғарғы ағысынан келетін барлық нәрсе - тұрмыстық қалдықтар, қоқыс, болуы мүмкін кәріз суларының бәрі соңында Сайранға жиналады. Зертханалық мәліметтер осыны растап отыр. Сондай-ақ Сайранның жасанды су қоймасы екенін ескеру керек, онда су алмасуы әлсіз болуы мүмкін, бұл жағдайды ушықтыра түседі", - деді Гаухар Каткенова.

Мамырдың аяғында Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті редакцияға Сайрандағы суды зерттеудің кезекті нәтижелерін ұсынды. Жағдай жақсармаған: ЛПК индексі тағы да нормадан асқан. Бұл ретте ведомство өкілдері аудандық басқарма мамандары биылғы судың ластану көздерін анықтамағанын атап өтті. Мәселені шешу үшін департамент Үлкен Алматы өзенінің арнасы бойымен бірлескен рейдтер ұйымдастырып, қалдықтарды төгетін заңбұзушыларды анықтауды және оларды жауапқа тартуды ұсынды.

Маусымның аяғына қарай департамент журналистерге есеп беріп, мониторинг бойынша Сайран көліндегі судың тағы да "кейбір санитарлық көрсеткіштерге сәйкес келмейтінін" баяндады.

Су сапасына қатысты мұндай мәселе тек 2025 және 2026 жылдары болған жоқ. Сайраннан ішек таяқшасы 2022 жылдың жазында да табылған, дәл осындай жағдай 2020 жылдың жазында да байқалған. Су қоймасындағы судың көңіл көншітпейтін жағдайы туралы деректерді БАҚ 2016 және және 2015 жылдары да жазған.

Судағы қоқыс

Сайрандағы судың жағдайын көзбен көріп бағалау үшін Tengrinews.kz тілшісі сол жерге арнайы барды. Біз жолымызды Үлкен Алматы өзені су қоймасына құятын жерден бастадық. Сәтбаев көшесіне дейін өзен негізінен жеке үйлер мен тұрғын үй кешендері орналасқан аудандар арқылы өтеді.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Абай даңғылынан бастап Сайранға қарай су екпіні күшейеді.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Дәл осы жерден су ағынының шүберек пен пакет сияқты ұсақ қоқыстарды әкеле бастағанын байқауға болады:

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Сондай-ақ автокөлік шиналары сияқты ірі қоқыстар да бар:

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Төменіректе ағынмен келген пластик шөлмектер көрінеді.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Әсіресе су жағасына, қамыс пен ағаштар түбіне пластик шөлмектер өте көп жиналған. Су қоймасы түбінде қаншалықты көп қоқыс шөгіп жатқанын елестету қиын.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Жақындаған сайын қоқыс көбейе түседі. Бір қызығы, оны жинау жоспарда бар ма екен? 

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Бос пластик шөлмектер мен басқа да қоқыстар жақында ғана абаттандырылған су қоймасының өзінде де қалқып жүр.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Шөлмектермен қатар үйректер де жүзіп жүр. Олар көп деп айта алмаймыз, бірақ кездеседі. 

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Жақында БАҚ-та Сайранға 404 шығыс лотосын отырғызу жоспары туралы ақпарат пайда болған еді.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Отырғызылған лотостардың қаншасы тамыр жайып кеткенін айту қиын. Бірақ қоқыс оларға да жеткен.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Айта кету керек, абаттандырылған аумақтар мен аллеялардан қоқыс кездестірмедік. Оны тек су ішінен көрдік.

Шомылуға тыйым 

Біз Сайрандағы түсірілімді жаздың ең ыстық күндерінің бірі - 15 шілдеде жүргіздік. Шіліңгір ыстыққа қарамастан, шомылып жүрген адамдарды кездестірмедік. Тек аяқтарын сулау үшін суға кіріп жүрген кішкентай балалар болды.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Демалушылар көбінесе су жағасындағы құмда киімшең отырады.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Немесе орындықтарда жатып күнге қыздырынады. Ал кейбіреулері жақсырақ қыздырыну үшін құмға көміліп жатады.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Шомылып жүргендерден тек қараторғайлар мен көгершіндерді көрдік.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Сондай-ақ су ішуге келген қаңғыбас иттерді кездестіруге болады.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Шомылуға тыйымның сақталуына осы жерде кезекшілікте тұрған және демалушыларға қауіпсіздік ережелерін үнемі ескертіп отыратын құтқарушылардың еңбегі зор.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Алматы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі редакцияның сауалына берген жауабында 1 маусымнан бастап Сайранда тәулік бойы кезекшілік жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ол үшін мұнда Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының екі бекеті қойылған.

"Биылғы 28 сәуірден бастап полиция қызметкерлері, Құтқару қызметі құтқарушылары және Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қатысуымен бірлескен профилактикалық рейдтер жүргізіліп жатыр. Рейдтік іс-шаралар барысында азаматтарға судағы қауіпсіз мінез-құлық ережелері және оларды бұзғаны үшін жауапкершілік шаралары түсіндіріледі", - деп мәлімдеді Алматы ТЖД баспасөз қызметі.

Құтқарушылардың суда кезекшілік етуі үшін арнайы қайықтары бар.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Сайранның мәселесін қалай шешуге болады?

Нәтижесінде Сайранда өте қарама-қайшы және өкінішті көрініс қалыптасып отыр. Жағажай аймақтары, құтқарушылар және шомылуға арналған барлық инфрақұрылым бар, бірақ судың сапасына байланысты мұнда шомылуға болмайды. Осыдан барып, жағдай қашан өзгереді және бұған қалай әсер етуге болады деген сұрақтар туындайды.

Жауап алу үшін "Алматының экологиялық даму қоры" қоғамдық қорының директоры Сергей Васильевке жүгіндік. Оның бастамасымен шамамен 10 жыл бұрын қалалық Қарасу көлін құтқару жұмыстары басталған болатын. Сондықтан біз Васильевтен Сайранның жағдайы мен оның болашағын қалай бағалайтынын сұрадық.

"Сайранның мәселесі тек судың сапасында емес, бұл су қоймасының күрделі қалалық су жүйесінің бір бөлігі болуында және сонымен қатар күшті антропогендік әсерге ұшырап жатқанында. Сондықтан микробиологиялық, санитарлық-химиялық және паразитологиялық көрсеткіштердің қанағаттанарлық жағдайда болмауы нақты бір су қоймасының мәселесінен гөрі, жүйелі процестердің салдары болып табылады", - деп есептейді сарапшы.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Сергей Васильев Сайран суының негізгі көзі Үлкен Алматы өзені екенін еске салады. Су қоймасына жеткенше, су қала аумағының едәуір бөлігін, соның ішінде тұрғын аудандар мен жеке секторларды басып өтеді.

"Халықаралық зерттеу мәліметтері бойынша, қалалық су айдындарындағы ластаушы заттардың 70–90 пайызы дәл осы беткі ағындармен түсуі мүмкін. Сайранға дейінгі Үлкен Алматы өзеніне жаңбырдан кейін және қар ерігенде қаншама беткі ағындар қосылатынын елестетіп көріңізші: бұл тұрмыстық ластанулар, жануарлар мен құстардың тіршілік әрекетінің өнімдері, сондай-ақ қалалық ортаға тән басқа да ластаушы заттар. Сондықтан Сайрандағы судың сапасы тек су қоймасының өзін емес, бүкіл Үлкен Алматы бассейнінің жағдайын көрсетеді. Егер біздің Қарасу көліміз - бұл қаланың төменгі бөлігіндегі жерасты суларының индикаторы болса, онда Сайран - Үлкен Алматы бассейнінің индикаторы", - дейді Васильев.

Оның пікірінше, Алматы жағдайында жазғы жоғары температура жағдайды одан сайын қиындататынын да ескеру қажет. Су 20-25 градустан жоғары жылынғанда, бактериялар мен балдырлардың дамуы тездейді, еріген оттегінің мөлшері азаяды, ал бұның бәрі судың сапасына да, жалпы экожүйенің күйіне де кері әсерін тигізеді.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Сайрандағы судың сапасын қалпына келтіру үшін қолдануға болатын шаралар туралы айта келе, Васильев Қарасу көліндегі тәжірибеге сүйенеді. Ол тәжірибе су қоймасының жалпы су балансын түсінбейінше, су сапасын тиімді басқару мүмкін емес екенін көрсетті.

"Судың қайдан келетінін, қандай көлемде екенін, оның жаңаруы қаншалықты қарқынды жүретінін және су жинау бассейнінде қандай ластану көздері бар екенін білу қажет. Егер су алмасу жеткіліксіз болса, су айдыны бірте-бірте ластаушы заттарды жинай бастайды. Сондықтан су айдынының өзін тазарту маңызды шара болғанымен, ол әрдайым ұзақ мерзімді жақсаруға әкеле бермейді. Біздің қаламызда дәстүрлі түрде қалалық су айдындары негізінен абаттандыру нысандары ретінде қарастырылады, ал олардың экологиялық жағдайы көбіне жүйелі басқарудан тыс қалып қояды", - деп толықтырды сарапшы.

Сондай-ақ қоғамдық қор директоры қалалық рекреацияны біріктіру мен су экожүйелерін қалпына келтірудің ең сәтті жобаларының бірі ретінде Дейвис қаласындағы Калифорния университеті арборетумының (UC Davis Arboretum) тәжірибесін мысалға келтірді. Бұл кейс 2000-жылдардан бастау алады, ол кезде бұл аумақтарда су сапасы, жағалаудағы мекендеу орындарының деградациясы және су тасқыны қаупі сияқты мәселелер болған. Жоба аясында 5,4 миллион АҚШ доллары жұмсалды.

"Нәтижесінде табиғи жағалау аймақтары қалпына келтірілді, сулы-батпақты өсімдіктер алқаптары құрылды, су қоймасының гидрологиясы жақсартылып, экологиялық мониторинг жүйесі ұйымдастырылды. Бүгінде бұл аумақ рекреациялық, білім беру, табиғатты қорғау және су шаруашылығы функцияларын қатар атқарып, жыл сайын мыңдаған келушілерді тартады. Мұндай жобаларды іске асыру "тірі жағалау сызықтарын" құруға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде су сапасын жақсартуға, құстар мен басқа да жануарлардың тіршілік ету ортасын қалыптастыруға және экожүйелердің климаттың өзгеру салдарына төзімділігін арттыруға септігін тигізеді", - дейді эколог.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Сергей Васильевтің пікірінше, бұл жобаның басты түйіні - су сапасын жақсартуға тек бір шарамен емес, кешенді шешімдер арқылы қол жеткізілетіндігінде. Олар: ластану көздерін бақылау, жағалаудағы өсімдіктерді қалпына келтіру, табиғи сүзу аймақтарын құру, критикалық кезеңдерде суды аэрациялау, экологиялық мониторинг және жергілікті қауымдастықтарды тарту. Сарапшы мен оның қоры дәл осындай тәсілді Алматы қаласына ұсынып та қойған.

"Біздің бастамамыз - Алматының көлдерін, өзендерін және су қоймаларын біртұтас өзара байланысты жүйе ретінде қарастыру. Қаланың әрбір ірі су нысаны үшін су балансын, экологиялық мониторинг жүйесін және ұзақ мерзімді басқару жоспарын - бізде атағанды жақсы көретіндей, мастер-планды әзірлеу қажет деп санаймыз", - деп түйіндеді экологиялық қор басшысы.

Васильев әңгіме соңында Сайранды Үлкен Алматы өзенінен бөліп қарауға болмайтынын атап өтті. Ал су қоймасындағы судың сапасы көлге жеткенге дейінгі бүкіл су жинау бассейнінің жай-күйін көрсетеді. Сондықтан мәселені шешу үшін жергілікті емес, Алматының барлық су ресурстарын басқарудың жүйелі тәсілі қажет.

Мұндай ұсыныстардың әсіресе таяп қалған су дағдарысы жағдайында өте өзекті екенін айта кеткен жөн. Сайран сияқты су айдындары тек серуендеуге және шомылуға арналған абаттандырылған аумақтар ретінде емес, сонымен қатар қаланың биоалуантүрлілігіне әсер ететін маңызды элементтер ретінде де үлкен рөл атқарады. Сондықтан оларды сақтауға қала билігі де, жергілікті тұрғындар да мүдделі болуы тиіс.

Авторы: Никита Данилин

Аударған: Дина Шәріпхан

Читайте также

Валюта бағамы

 468.27   534.16   6.13 

 

Ауа райы

Алматы
А
Алматы +29
Астана +19
Ақтау +23
Ақтөбе +18
Атырау +22
Б
Балқаш +22
Ж
Жезқазған +20
Қ
Қарағанды +17
К
Көкшетау +17
Қ
Қостанай +22
Қызылорда +22
П
Павлодар +17
Петропавл +24
С
Семей +26
Т
Талдықорған +26
Тараз +27
Түркістан +19
О
Орал +23
Ө
Өскемен +24
Ш
Шымкент +26

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер