Жеңістің 80 жылдығына орай Tengrinews.kz соғыстан кейін де әскери жолын жалғастырған жетісулық ардагер Әбдіқадыр Болсамбеков туралы баяндайды. Ол майданнан оралған соң әскери формасын милиция киіміне ауыстырып, қызметін жалғастырып, қарапайым сарбаздан КСРО милициясының генерал-майорына дейін көтерілген санаулы азаматтардың бірі болды.
Әбдіқадыр Болсамбеков – Ұлы Отан соғысы мен Жапониямен соғысқа қатысқан жетісулық ардагер. Бейбіт заманда ол КСРО милициясының генерал-майоры атағына дейін жеткен.
Соғыста көрсеткен ерлігі үшін ордендер және медальдармен марапатталған. Майданнан оралғаннан кейін, Болсамбеков әскери гимнастерканы милиция кителіне ауыстырып, қылмыспен күрес қызметіне кіріседі.
Әбдіқадыр Болсамбеков Жетісу облысының (бұрынғы Талдықорған облысы) Сарқан ауданына қарасты бұрынғы Бөрлітөбе ауданының Көк-Жиде ауылында дүниеге келген. Балалық шағы балалар үйінде өткен. 1942 жылдың наурызында, кәмелетке толысымен, өз еркімен майданға аттанады.
Соғыс басталысымен ауылдағы қарапайым жігіттің тағдыры күрт өзгереді: ол әуелі әскери, кейін милициялық погон тағып, өмірінің соңына дейін қызметтен қол үзбейді. 1942 жылы көктемде Саратов қаласында жедел әскери дайындықтан өтіп, Приволжье әскери округіне жіберіледі. Қызметін Ульяновск қаласында 209-атқыштар дивизиясының қатардағы сарбазы ретінде бастайды. Бұл дивизия Сталинград қорғанысында ерлікпен шайқасқан. Кейін оны "СМЕРШ" қарсы барлау бөліміне ауыстырып, онда взвод командирі болады.
Әбдіқадыр Болсамбеков Калинин майданында шайқасты, Волга бойында соғысты, кейін Солтүстік Қытайда жапон әскерімен соғысқа қатысты. Ол Порт-Артур мен Дальний портын азат етуге қатысқан. Майданнан 1947 жылы оралып, бірден Сарқан ауданында учаскелік инспектор болып қызметін жалғастырады. Кейін елдің әр аймағында басшылық лауазымдарды атқарып, Талдықорған облыстық ІІБ басқарған. Осы қызметінде жүріп генерал-майор атағына ие болған. Генерал шенін оған Мәскеуде тапсырған.
1985 жылдың күзінде Болсамбеков қызметтен кетіп, зейнетке шығады. Алайда, қоғамдық істерге белсене араласуын тоқтатпай, ішкі істер және ішкі әскер ардагерлер кеңесінің мүшесі болады. 2014 жылдың сәуірінде, 91 жасында өмірден озды.
Туған жері Сарқан қаласында оған арнап ескерткіш қойылған. Жетісу облыстық полиция департаментінің музейі де оның есімімен аталады.
Әбдіқадыр Болсамбеков майдандағы естеліктер жайлы айтуды ұнатпаған. Соғысты – атыс-шабысы, окоптары, санитарлық бөлімдері бар шындық деп қабылдаған және сол кезеңді әспеттеуге қарсы болған.
Оның соғыста басынан өткерген бір оқиға жайлы қызы Мәдина әңгімелеп берген:
"Әкем бір майдандас жолдасының туыстарын өмір бойы іздеді десем болады. Сталинград түбінде, соғыс кезінде, ол орнынан тұра бергенде, шамамен 40 жастағы бір жауынгер әкемді денесімен жауып, өзі оққа ұшты. Әкем жараланды, бірақ тірі қалды. Ал әлгі жауынгер қаза тапты. Әкем соғыстан кейін Украина мен Ресейге барып, оның туыстарын іздеді, алғыс айтқысы келді. Бірақ таба алмады. Әлгі жауынгер жалғыз болған сияқты. Әкем өмірінің соңына дейін өзін кінәлі сезініп жүрді. "Іздеуді күштірек жалғастыруым керек еді, өмірімді сақтап қалған адамға алғысымды айтуым қажет еді" деп айтты", – дейді Мәдина Әбдіқадырова.
Әбдіқадыр Болсамбеков – нағыз ескі үлгідегі офицер, сыпайылық пен кішіпейілдіктің символы. Ол "Офицер сөзін беремін" десе – соған шын сенуге болатын еді. Жасына да, дәрежесіне де қарамай адамға құрметпен қарауды ол табиғи қалып деп білді. Міне, осындай жан – артында жарқын әрі мейірімді естелік қалдырған тұлға.
Айта кетейік, Жеңістің 80 жылдығына орай Tengrinews.kz "Жеңімпаздар" атты ерекше мағыналы жобасын қайта жандандырды. Бұл жоба Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қазақстандықтар мен тыл еңбеккерлерінің ерлігін есте сақтауға арналған.
Жоба 2014 жылы Tengrinews.kz негізін қалаған Батыр Қазыбаевтың бастамасымен іске қосылған. Оның мақсаты – соғыс және тыл ардагерлері туралы естеліктерді сақтау. Редакция бірнеше жыл бойы бүкіл ел мен әлемнің түкпір-түкпірінен соғысқа қатысқан ардагерлер туралы жеке оқиғалар, суреттер мен архивтік материалдарды жинады.