Tengri FM Радиосы Радио Жұлдыз FM Қазақстан заңдары Экономика сабақтары
KZ RU EN
Бізге жазба жолдау +7 (727) 388 8124
искать через Tengrinews.kz
искать через Google
искать через Yandex
USD / KZT - 332.70
EUR / KZT - 389.99
CNY / KZT - 49.72
RUB / KZT - 5.59

Орталық Азияда болатын 10 маңызды оқиға анықталды

01 Ақпан 2015, 14:01
0
©unesco.kz
©unesco.kz

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты 2015 жылы Орталық Азияның саяси және экономикалық күн тәртібін қалыптастыруға ықпал ететін аймақтық 10 маңызды оқиғаға шолу ұсынады, - деп хабарлайды Abai.kz.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты сарапшыларының пікірінше, осы жылы Орталық Азиядағы басты оқиға жаһандық экономикалық рецессия болады. 2015 жылы әлемдегі ең ірі экономикалардың (ІЖӨ көрсеткіші екі немесе одан да көп кварталдар бойы нашарлауы), оның ішінде Еуропа одағы, Жапония, Ресей сияқты елдердің экономикасының рецессияға ұрыну қаупі бар. Сондай-ақ, ҚХР мен АҚШ экономикасында да даму ырғағы баяулайды. Әлемдік нарықтардағы дағдарыс ғаламдық экономиканың дамуын тежеп, Орталық Азияның да экономикасына кесірін тигізбей қоймайды, яғни, аймақтың өнімдеріне аталған мемлекеттерден және ең негізгі сауда әріптестері Еуропа одағы, Ресей және Қытай тарапынан сұраныс азаяды.

Екінші оқиға энергия көздері мен басқа да шикізат ресурстарына деген бағаның тұрақсыздығы болуы ықтимал. 2015 жылы әлемдік тауар нарығындағы жайсыздық Орталық Азия елдерінің басты экспорты – мұнай, газ, металл және ауыл шаруашылығы шикізат өнімдерін құнсыздандыра түседі. Ал экспорттық тауарлар бағасының төмендеуі экономикалық дамуға кедергі келтіріп, өңір экономикасын құлдыратуы мүмкін және экономикалық қолайсыз жағдайлардың қалыптасуы кәдік. 

2015 жылдың ең маңызды оқиғаларының бірі – Еуразиялық экономикалық одақтың толыққанды жұмыс істей бастауы және оның Орталық Азия бағытына қарай кеңеюі. Сонымен қатар, бірігуге ғаламдық экономикалық қиын жағдайдың да әсері болуы мүмкін. Интеграциялық процестің маңызды кезеңі ретінде ЕАЭО-ға Қырғызстанның (Қырғызстанның экономикалық одаққа кіруі жөніндегі келісім 2015 жылдың 1 мамырында күшіне енеді) кіретінін атауға болады. Сондай-ақ, ЕАЭО-ның Тәжікстанмен өзара қарым-қатынасының форматын анықтау күн тәртібіне шығуы мүмкін. Болуы мүмкін тағы бір өте маңызды оқиға - Өзбекстанмен еркін сауда аймағын құру жөніндегі консультативті процестің басталуы. Мұны ЕАЭО-тың аймақта ықпал ету аумағын кеңейтуінің бір көрсеткіші деп атауға болады.

Украина дағдарысының жақын болашақта халықаралық қауіпсіздікке тікелей ықпалы жалғаса береді. Шамасы, қақтығыс сусымалы формаға ұласып, созылмалы сипатқа ие болады. Сәйкесінше украин дағдарысы Орталық Азиядағы ахуалға ықпал ететін негізгі фактор болып қала береді. Аймақтағы елдер үшін Ресей мен Батыс арасындағы шиеленіс өз әсерін тигізбей қоймайды. Дәл осы жағдайда қазақстандық тараптың посткеңестік кеңістіктегі ең үлкен дағдарысты шешу жолындағы бітімгершілік әрекеті аса маңызды болмақ.

Келесі оқиға - Орталық Азия елдеріндегі сайлау науқаны: Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстандағы сайлаулар. 2015 жыл - Орталық Азия елдерінің саяси дамуындағы маңызды кезең. Тәжікстан парламентінің төменгі палатасына (1 наурыз) және жоғарғы палатасына (27 наурыз), Өзбекстанда президенттік орынға (29 наурыз), Қырғызстанда парламенттік (1 қараша) сайлау өтеді. Алдағы сайлаулар аймақтағы республикалардың саяси өмірін жандандыратын болады. Бұл тұрғыда саяси жүйесінде партия мен парламент ерекше орын алатын Қырғызстандағы сайлау ерекше қызығушылық туғызады. 

Ауғанстандағы жаңа саяси кезең құрлық үшін осы жылдың басты оқиғаларының бірі болады. Аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздік саласында Ауғанстандағы қазіргі жағдай өте маңызды. Ауған факторының ықпалы биыл екі жағдайға байланысты. Олар ISAF әскери миссиясының аяқталуы мен жаңа саяси биліктің қалыптасуы. Әскери-саяси жағдайдағы қиын кезеңде елде ұлттық үкімет өзінің іскерлік қызметін көрсетуі керек. Тағы бір маңызды міндет алдағы уақытта болатын парламенттік және жергілікті билік органдарына сайлау өткізу. Ауғанстанның ішкі саяси тұрақтылығы ғана емес, тұтас аймақтың жағдайы дәл осы мәселелерде саяси ымырашылдық орнатуға тікелей байланысты.

Таяу Шығыс: террористік қауіптің күшеюі. 2015 жылы экстремистік және террористік ұйымдардың белсенді әрекеттері өзекті мәселе болып қала береді. "Ислам мемлекетінің" белсенді әрекеттерін тек Таяу Шығыста жүргізіп қана қоймай, таралу аймағын одан әрі кеңейту мүмкіндігі жоғары. Сирия мен Ирак аумағы әлем бойынша радикалдардың шоғырланатын орталығы болып қалады. Сондықтан биыл да бұл қауіпті залалсыздандыруға, сондай-ақ, Орталық Азия өңірден шыққандардың Таяу Шығыстағы террористік топтардың қатарына қосылуына тосқауыл қою үшін әдіс-тәсілдер қолданылады.

Транзит-көлік әлеуетінің артуы. 2015 жыл Орталық Азияның дамуына серпін беретін транзит-көлік әлеуетін жүзеге асырудың жаңа кезеңі болмақ. Көлік коммуникациясын әртараптандыруда Қазақстан - Түрікменстан - Иран теміржолының толыққанды жүзеге асуы - маңызды жоба. Аталған жоба транзит пойыздарының  Солтүстік - Оңтүстік бағытындағы қозғалысын жандандырып, Ресей, ҚХР, Орталық Азия және Таяу Шығыс нарықтарын байланыстырады. Сонымен қатар Қазақстандағы Жезқазған - Бейнеу мен Арқалық - Шұбаркөл жаңа теміржол желілерінде де жүк және жолаушы тасымалы артатын болады.
2015 жыл "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" дәлізіндегі қазақстандық аумақ үшін маңызды кезең. Негізгі бөлігі жасалды, жақын арада даңғыл жол толықтай ашылады. Тағы бір айтулы оқиға, Ашхабадтың хабарлауы бойынша, Түрікменстан - Ауғанстан -Пәкістан - Үндістан газ құбыры құрылысының басталуы.

2015 жылы Орталық Азия құрлығында болатын маңызды оқиғалардың ондығына Қытайдың экономикалық ықпалының артуы да еніп отыр. Аймаққа Қытайдың экономикалық ықпалы артып келеді. Бейжің кең ауқымды инфрақұрылымдық және энергетикалық жобаларды жүзеге асыруды үздіксіз жалғастырып, аймақтың басты серіктес мемлекеті ұстанымын нығайтты. 
ҚХР негізгі басымдықты "Жібек жолының экономикалық белдеуі" жобасына беріп отыр. Ол үшін Қытай Жібек жолы қорына 40 млрд доллар бөлуді жоспарлады. Аталған стратегия Орталық Азияны кең ауқымды Азия-Тынық мұхиты еркін сауда аймағын құру бастамасына тартуды көздейді.

Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселелерді шешу перспективалары. 2015 жыл Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің шешуші кезеңі болуы мүмкін. Аймақтық қауіпсіздік және толыққанды мемлекетаралық инфрақұрылымды жобаларды жүзеге асырудың бәрі осы келіссөздерге байланысты болмақ. Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселелер оң шешімін тауып, санкциялар алынып тасталса, Орталық Азияның сауда-экономикалық, көлік-транзит әлеуеті арта түспек.


Нравится
Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай