"ҚазАвтоЖол" жол жабынының сапасына қатысты сұрақтар мен сапасыз битум туралы қауесеттерге жауап берді. Бұл мәселе Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте көтерілді, деп хабарлайды Tengri Auto.
Не болды?
Брифингте журналистер "ҚазАвтоЖол" басқарма төрағасы Дархан Иманашевтан жол сапасына қатысты шағымдар мен асфальттың сапасыз битум салдарынан тез бұзылатыны туралы болжам жайлы сұрады. Бұған дейін депутаттар мен бірқатар сарапшы материалдың бір бөлігі стандарттарға сәйкес келмейтінін бірнеше рет айтқан болатын.
Толығырақ
Иманашевтың айтуынша, материалдардың сапасында ешқандай мәселе жоқ. "ҚазАвтоЖол" басшысы олардың бірнеше тексеру кезеңінен өтетінін мәлімдеді. Атап айтқанда:
- алдымен өнім беруші сәйкестік сертификатын ұсынады;
- материал нысанға жеткізілгеннен кейін қосымша зертханалық кіріс бақылауы жүргізіледі.
Сондай-ақ Иманашев битумның асфальт-бетон зауытында қолданылар алдында қайта тексерілетініне сендірді. Ал өндіріс кезінде дайын асфальт-бетон қоспасы бағаланады-мыс.
"Нысанға келіп түсетін және кейіннен асфальт-бетон зауытына жіберілетін битум зертхана арқылы мұқият тексеріледі (...) Кез келген материал кемінде үш тексеру кезеңінен өтеді", – деді ол.
Еске сала кетейік, қазақстандықтар жолдар мен көшелердің жағдайына жиі шағымдана бастады. Шағымдар саны бір жарым есеге артып, шамамен 60 мыңға жетті. Үкімет басшысы Олжас Бектенов әкімдіктерге шұғыл жұмыс істеп, жөндеу сапасын бақылауды күшейтуді тапсырды.
Премьер-министр заңбұзушылықтардың мысалы ретінде Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы тұрғындарының шағымын келтірді. Тұрғындар Жұрын мен Қаракөл ауылдары арасындағы жолдың асфальты қолмен ұстағанда-ақ үгітіліп жатқанын көрсеткен. Жетісу облысында Кербұлақ ауданы Қоянкөз ауылының тұрғындары да төсеу технологиясының бұзылуына байланысты жол жұмыстарын тоқтатуға қол жеткізді.