Мәжіліс депутаты Николай Арсютин әкімшілік амнистия аясында жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін екі есе қысқартуды ұсынды. Бұған Ішкі істер министрлігі не деп жауап бергенін Tengri Auto материалынан оқыңыз.
Не болды?
Алдыдағы әкімшілік амнистияны талқылау барысында депутат Николай Арсютин Парламентке көлікті мас күйде жүргізгені үшін берілетін жазаны жеңілдетуді сұраған азаматтардан көптеген өтініш түсіп жатқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, депутаттар Ішкі істер министрлігіне жүргізуші куәлігінен жеті жылға айыру туралы норманы, соның ішінде амнистияны талқылау аясында қайта қарау туралы ұсыныспен жүгінген.
"Қоғамда да, Парламент қабырғасында да көптеген талас-тартыс туындап жатыр. Бұл бап бойынша жазаны жеңілдетуді қолдайтындар да, оған қарсы шығатындар да бар. Мен аталған бап бойынша толық амнистия жасау мәселесін көтеріп отырған жоқпын. Мүмкін, жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін тым болмаса азайту керек шығар. Мысалы, жаза мерзімінің жартысынан көбін "өтегендер" үшін 4 жылға дейін қысқартуға болар еді", – деді депутат.
ІІМ не деп жауап берді?
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бұл мәселе бойынша ІІМ-нің ұстанымы өзгеріссіз қалатынын айтып жауап берді.
Оның айтуынша, ІІМ көлікті мас күйде басқарғаны үшін куәлігінен айырылған жүргізушілерге қандай да бір жеңілдік жасауға қарсы.
"Көлік құралын алкоголь немесе есірткіге мас күйде басқару азаматтардың өмірі мен денсаулығына жоғары қауіп төндіреді және ауыр зардаптары бар жол-көлік оқиғаларының себептерінің бірі болып табылады. Бүгінде мас жүргізушілердің кінәсінен тек осы жылдың бес айында 144 ЖКО болып, 4 адам қаза тапты, 212 адам жарақат алды. Былтыр 673 ЖКО болып, 56 адам қаза тапты, оның ішінде бір бала бар", – деді Әділов.
Бұл бірінші талпыныс емес
Мас күйде көлік айдағаны үшін жазаны жеңілдету мәселесі бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Биыл 19 ақпанда депутат Николай Арсютин ІІМ басшысына ӘҚБтК-нің 608-бабын қайта қарау туралы ұсыныспен жүгінген болатын.
Депутаттың пікірінше, жүргізуші куәлігінен жеті жылға айыру түріндегі қазіргі жаза тым қатал.
"Азаматтар аталған баптың қолданыстағы редакциясынан туындаған бірқатар жағымсыз салдарларды атап өтіп жатыр. Көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айыру - әлемдегі ең қатаң санкциялардың бірі, сонымен қатар бұл норма құқық бұзушылықтың ауырлық дәрежесін, ЖКО-ның болмауын, алкогольдің минималды деңгейін ескермейді", – деп мәлімдеген еді депутат.
Ол сол кезде жаза мерзімін қысқартуға шақырған.