Қазақстанда жол таңбалары неліктен бірнеше айдан кейін өшіп қалады және бұл мәселе қалай шешілмек? Мән-жайды Tengri Auto тілшісі анықтап көрді.
Бүгінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сапалы таңбалар шешуші рөл атқарады. Алайда іс жүзінде жүргізушілер үнемі бір мәселеге тап болады: сызықтар келесі маусымға дейін жетпей өшіп кетеді.
"ҚазАвтоЖол" компаниясының хабарлауынша, қазіргі уақытта жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жүру бөлігіне салынған таңбаның сапасы маңызды орын алады.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, қарапайым жол бояуы көбіне ең төменгі қызмет мерзіміне де шыдамайды - белгіленген 3 айдың орнына әлдеқайда тез өшіп қалады.
Бояудың тез өшуіне байланысты жол таңбалары жылына екі рет - көктемде және күзде жаңартылып тұрады.
Жүргізушілердің шағымдары мен ескертулерінен кейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі бояу сапасына қойылатын талаптарды қатаңдатты. Енді оның ең қысқа қызмет ету мерзімі ұзартылды:
- білік сызығы (осевая линия) - 3 айдан 12 айға дейін;
- жиек сызығы (краевая линия) - 3 айдан 6 айға дейін.
Бұл нормалар Қазақстандағы қолданыстағы стандарттарға сәйкес келеді.
Таңбаның қызмет ету мерзімі бірнеше факторға байланысты: қозғалыс қарқындылығы (әсіресе жүк көліктерінің әсері үлкен), жолдың жай-күйі, климат (температураның ауытқуы, қар, реагенттер), сондай-ақ оның қалай салынғанына да қатысты.
"Сонымен қатар биылғы конкурстық құжаттамада таңбалау бояуының тағы бір маңызды параметрі - 2026 жылы шығарылған болуы тиіс екені көрсетілген. Егер бояу ертерек шығарылып, тиісті емес жағдайда сақталса, ол өзінің функционалдық сипаттамаларын жоғалтуы мүмкін", - деді ұлттық компания өкілдері.
Жолдарда қандай материалдар қолданылады?
Қазақстанда жол таңбалары үшін ҚР СТ және МЕМСТ (ГОСТ) стандарттарында қарастырылған материалдар пайдаланылады. Олар: бояу, термопластик және суық пластик.
Ең көп таралған және бюджеттік нұсқа - қарапайым бояу (эмаль). Ол орта есеппен 3 айдан 6 айға дейін шыдайды және стандарттар бойынша базалық шешім болып саналады. Таңба жақсырақ көрінуі үшін оның құрамына шыны шаршықтар қосылады.
Сондай-ақ жолдың учаскесі мен таңба түріне қарай термопластиктің бірнеше түрі қолданылады.
Термопластик ыстық күйінде жағылады - ол қалың және тозуға төзімді қабат түзеді. Әдетте ол көлік көп жүретін учаскелерде қолданылады және жүктемеге байланысты 2 жылға дейін қызмет етеді.
Суық пластик - заманауи нұсқа. Бұл жабысу қасиеті жоғары және төзімділігі күшті екі компонентті материал. Ол ұзақ мерзімді таңба қажет жерлерде, мысалы, жаяу жүргіншілер өтпелерінде қолданылады.
Мұндай таңбаның қызмет ету мерзімі 3 жылға дейін жетуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде бәрі тек материалға ғана емес, сонымен қатар көлік ағынына, климатқа және жұмыс сапасына байланысты.
Сондықтан ең төменгі кепілдік мерзімдері белгіленгенімен, іс жүзінде таңба бұдан ұзақ немесе қысқа мерзім сақталуы мүмкін.
Қыста жол таңбасына не болады?
Мамандардың түсіндіруінше, қыстың соңына қарай таңбалардың жартылай немесе толықтай дерлік өшіп қалуы - қалыпты жағдай.
Негізгі себептері:
- реагенттер (тұз, құм қоспалары) жабынды бүлдіреді;
- температураның ауытқуы жарықтар мен қабаттануды тудырады;
- тікенекті дөңгелектер (шипованные шины), әсіресе тежеу кезінде тозуды күшейтеді;
- қар тазалайтын техника таңбаның үстіңгі қабатын сырып кетеді.
Қыста жол таңбасының өшуі - жолдарды күтіп ұстау кезінде алдын ала ескерілетін қалыпты пайдалану факторы болып саналады.
Сол себепті таңбаларды жаңарту жұмыстары дәстүрлі түрде әр көктем сайын жүргізіледі.
Төзімдірек бояу бар ма?
2025 жылы 2830 шақырым автожолдың таңбалары жаңартылды. Жұмыстарды мердігерлік ұйымдар бірнеше учаскеде, соның ішінде "Тараз – Қайнар", "Меркі – Шу – Бурылбайтал" және "Шымкент – Қызылорда" тас жолдарында орындады.
Бұл жолдарда "СпринтерDUO" екі компонентті бояуы қолданылды. Бұл - отандық компаниялар да өндіретін салыстырмалы түрде жаңа материал.
Осыған байланысты, 2026 жылы конкурстық құжаттамада екі компонентті таңбалау бояуын қолдану алдын ала қарастырылады. Ол қарапайым бояумен салыстырғанда төзімдірек және тез кебеді деп есептеледі.
Таңба өшіп қалса, жүргізуші куәлігінен айыруы мүмкін бе?
Көбінесе жүргізушілер жол таңбасының өшіп қалуы немесе нашар көрінуі салдарынан бір немесе екі тұтас сызықты кесіп өтіп жатады.
Мұндай жағдайларда заң бойынша жүргізуші куәлігінен айыруы мүмкін бе әлде таңбаның анық болмауы ескеріле ме деген сұрақ туындайды.
Естеріңізге сала кетейік, ӘҚБтК-нің 741-бабы 2-бөлігіне сәйкес, егер жол таңбасы:
- өшіп қалса,
нашар көрінсе, - МЕМСТ талаптарына сәйкес келмесе,
құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылуы тиіс.
Сызықтың анық болмағанын қалай дәлелдеуге болады?
- Фото және видео түсіріп алыңыз.
- Түсірілімнің күні мен орнын растау үшін уақыт белгісі бар қосымшаны пайдаланыңыз.
- eOtinish арқылы шағым түсіріңіз – дәлелдемелерді қоса тіркеп, әкімшілік істі тоқтатуды талап етіңіз.
Айыппұл салынып қойған болса не істеу керек?
Егер сізге өшіп қалған таңбаны кесіп өткеніңіз үшін айыппұл салынса немесе куәлігіңізден айырса, қаулыға 10 күн ішінде шағымдануға болады.