Tengri FM Радиосы Радио Жұлдыз FM Қазақстан заңдары Экономика сабақтары
KZ RU EN
Бізге жазба жолдау +7 (727) 388 8124
искать через Tengrinews.kz
искать через Google
искать через Yandex
USD / KZT - 333.08
EUR / KZT - 391.50
CNY / KZT - 50.00
RUB / KZT - 5.64

Бейбіт Шүменов Бернард Хопкинстен ұтылып қалды

20 Сәуір 2014, 12:07
2
Сурет couriermail.com сайтынан
Сурет couriermail.com сайтынан

Бейбіт Шүменов Вашингтонда Америка боксшысы Бернард Хопкинспен кездесіп, 12 раундтық жекпе-жекте жеңіліп қалды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бұл жартылай ауыр салмақтағы (79,4 келіге дейіні) чемпиондық атақтарды біріктіру жекпе-жегі болатын. 49 жастағы Бернард Хопкинс IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы болса, біздің Бейбіт WBA тұжырымы бойынша суперчемпион еді.

Екі боксшы белбеулерін ортаға "тастап", екі тұжырымдағы чемпиондық атақ үшін айқасқан. Өкінішке қарай, IBF тұжырымы бойынша да әлем чемпионы болсам деген, 30 жастағы Бейбіт беліндегі суперчемпиондық белбеуінен айырылып қалды.

Жалпы, жекпе-жек біршама тартысты өтті. 49 жастағы Хопкинс аңдысын аңдып жүріп, баз-базында әб жыландай атылып, пәрменді соққыларымен Бейбітті түйіп қалумен болды. Асып-сасқан жоқ. Байыппен қимылдады. Әккі тарлан әрбір қимыл-қозғалысын есеппен жұмсады.

Ал одан бірнеше жас кіші Бейбіт жалын атқан жастығымен жарқылдап көзге түспеді. Бәлкім, жекпе-жектің 12 раундқа дейін созылатындығын біліп, ол да күш-жігерін есеппен жұмсауды ұстанған болар. Әйтеуір шабуылды үдетіп, қарқынын күшейтіп, қарсыласын төпелеп, соққыларын қарша боратпады.

Әрине, оған шаршы алаңның сыралғы саңлағы Хопкинсте мүмкіндік берген жоқ. Жекпе-жекті өз қалауымен жүргізді. Бейбіт аракідік соққы жұмсап, үнемі шабуылдап отыруға мәжбүр болды. Хопкинс болса, сол кейпінен таймай, шегіншектеп жүріп-ақ, нық соққыларын діттеген жеріне дөп тигізіп отырды.

Жекпе-жектің аяғына қарай Бейбіт оны бұрыштан-бұрышқа тығатын шығар деп отырдық. 10-раунда дәл солай болатындай көрініп, Бейбіт белсендік таныта бастады. Хопкинс нағыз әккі боксшы екен... Титықтап қалғандай сыңай танытып, Бейбіттің ашыла түсуін тосты.

11-раунда Бейбіт еркін көсіле бастағанда, Хопкинс бар салмағы мен күш-қуатын оң жұдырығына аударып, Шүменовті жағынан қойып қалды. Бейбіт тәлтіректеп, тізесі бүгіліп кетті. Төреші есеп ашып, нокдаун тіркелді.

Осыдан кейін кімнің жеңетіндігіне күмән келтіру қиын еді. Хопкинс қанатанып, Бейбітті ауыр соққыларымен тықсыра түсті.
Бейбіт те намысты қолдан бермеуге тырысып, жұдырықтасты. Бірақ Хопкинстің аты – Хопкинс. Оны мойындау керек. "Сыры кетсе де, сыны кетпейді" дегендей, жасы егде тартса да, күш-қуаты қайтпаған. Бабында. Құлшынып тұр.

Әйтсе де, төрешілер шешімі екі айырылыпты. Екі төреші 116:111 есебімен жеңісті Хопкинске берсе, үшіншісі 114:113 есебімен Бейбіт жеңді деген пікірде екен. Сөйтіп Бернард Хопкинс 49 жасында жеңіске жетіп, чемпиондық атақтарды өз қолына жинады.
Әрі жаңа рекорд жаңартты. Ең егде чемпион атанып (49 жас, 3 ай, 4 күн), өзінің бұрынғы рекордын қайта жаңғыртты.

Жалпы, Бернард Хопкинс кәсіпқой бокс шаршы алаңында 55-ші жеңісіне қол жеткізді. Ол осы жеңістерінің 32-сін нокаутпен аяқтаған. Алты рет ұтылып, екі рет тең түскен.

Ал біздің Бейбіт 16-ыншы жекпе-жегінде жеңілістің кермек дәмін татып отыр. Ол әзірше 14 рет жеңіске жетіп, екі рет ұтылды. Алайда бұл жолы суперчемпиондық белбеуінен айырылып қалды...


Нравится
Поделиться
Пікірлерді көру (2)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай