Әміре Қашаубаевтың өмірі жайлы түсірілген фильмінің трейлері жарияланды

03 Наурыз 2018, 12:39
0
видеодан үзінді
видеодан үзінді

Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ және Әлидар Өтемұратовтың "Dar Play" компаниясымен бірлесе түсірген "Әміре" фильмінің түсіру жұмыстары аяқталды. Кинотуындының түсіру тобы картинаның трейлерін жарыққа шығарды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі киностудияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Әміре Қашаубаевтың өмір жолына арналған көркем фильм 2018 жылы 5 сәуірде ұлттық прокатқа шығады.

Халықаралық түсірілім тобының құрамында: америкалық қоюшы-режиссер Джеф Веспа (Jeff Vespa), оператор – Максим Осадчий ("9 рота", "Сталинград") бар. Фильмнің сценарийін жазған Бенжамин А. ван дер Вин (Benjamin A. van der Veen). Басты рөлдерді отандық актерлер Санжар Мәди (Әміре) және Еркебұлан Дайыров (Мұстафа Шоқай) сомдаған. Сонымен қатар, британдық актер Бен Алдридж (Ben Aldridge) және "Область тьмы", "Три билборда на границе Эббинга, Миссури" фильмдері арқылы танылған америкалық актриса Эбби Корниш (Abbie Cornish) және басқа да актерлер түскен. 

Картинаның бас продюсері, DAR компаниясының негізін қалаушы Әлидар Өтемұратов алдағы тұсаукесер туралы былай деді: "Әміре Еуропа қошемет көрсетіп, қол шапалақатаған қазақтан шыққан алғашқы әнші бола тұра, өз елінде әділетсіз ұмыт болған. Сондықтан да мен үшін осындай ерекше дарын иесі туралы көпшіліктің білгені маңызды. (...) Бұл Қазақстан кинематографиясын жаңа сатыға көтеруге бағытталған бірегей картина болмақ. Отандық көрермендер жоғары деңгейде бағалайды деп үміттенем". 

Кинотуынды қазақтың тұңғыш драмалық тенор дауысты біртуар әншісі Әміре Қашаубаевтың (1888-1934 жж.) қамшының сабындай ғана қысқа да, жарқын ғұмырын баяндайды. 1925 жылы Парижде өткен Exposition Internationale des Arts Décoratifs et Industriels Modernes шеңберінде өткен бүкіләлемдік музыкалық байқауда Еуропа көрермендеріне қазақтың дәстүрлі әншілік өнері мен қара домбырасын паш еткен 36 жастағы Әмре Қашаубаев КСРО делегациясының арасынан топ жарып, екінші орынды және күміс медаль иеленді.

Фильм, сондай-ақ, дарынды әнші Әміре Қашаубаевтың джаз орындаушысы Джордж Гершвинмен достығы туралы сыр шертеді.

"Әміре" фильмі Париж аспанын әнге бөлеп, күллі әлемді тамсандырған Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығына шыққалы отыр. Фильмде Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы "Балқадиша", "Үш дос", "Дударай", "Бес қарагер" және тағы басқа әндері орындалады. Картина Латвия, Лос-Анджелес қалаларында түсірілді. Сондай-ақ фильмнің соңғы түсіру жұмыстары Алматы облысы Үшқоңыр ауылының маңында жүргізілді. Әміре Қашаубаевтың есімін кең насихаттау мақсатында былтыр "Әміре Парижде" атты кітап жарық көрген болатын.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай