1. Басты
  2. Біл
  3. Мәдениет
  4. Кино

Астанада студенттік фильмдер фестивалінің жеңімпаздары анықталды

Фестиваль жеңімпаздары. ©"Астана - жастар парламенті" қоғамдық ұйымының баспасөз қызметі. Фестиваль жеңімпаздары. ©"Астана - жастар парламенті" қоғамдық ұйымының баспасөз қызметі.

Астанада өткен студенттік фильмдердің Annual Students Film Festival 2015 фестивалінің жеңімпаздары анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Астана - жастар парламенті" қоғамдық ұйымының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, фестивалдің жеңімпаздары: "Үздік актриса" - Айнұр Қуандықова ("Комиссия" фильмі), "Үздік актер" - Алтынбек Жұбанышәлиев, "Үздік сценарий" - Ғалым Қалиев, Бахтияр Рахимов, Нұрхан Ескендір ("Вадим" фильмі), "Үздік оператор" - Ғалым Жұмабеков ("Періштенің егжей-тегжейі" фильмі), "Үздік монтаж" - Алмаз Зиноллаев ("Адамның ұлдары" фильмі), "Үздік әлеуметтік ролик" пен "Көрермендер көзайымы" номинациясын режиссер Алмаз Әубәкіровтің "Өмір сүр" фильмі жеңіп алды.

Қысқаметражды фильмдерге қазақстандық киноматография саласының жұлдыздары баға берді, олардың қатарында продюсер, тележүргізуші, атақты әзілқой әрі шоумен Нұрлан Қоянбаев, "ВУЗер" телехикаясында басты рөлдердің бірінде ойнаған, Қазақстанның ең көрікті актрисаларының бірі Жәния Джуринская, "Тенгри" журналының бас редакторы, кәсіпкер, журналист, "Құрақ көрпе" жобасының авторы Жанар Шораева, "Дарын" мемлекеттік сыйлығының лауреаты, сценарист әрі кәсіпқой кинотанушы Жәмила Аязбекова, SUCCESS медиаагенттігінің бас директоры, "Қазақфильмнің" бас продюсері Ләззат Көккөзова, "Хабар" телеарнасының режессура саласының кәсіпқойы Мақсат Салықбай мен атақты радиожүргізуші әрі актриса, "Хабар" телеарнасы жаңалықтарының жүргізушісі Әсел Ақбарова болды.

Қоғамдық ұйымның мәліметінше, қазылар алқасы 12 әлеуметтік роликті көріп шығып, алты номинация бойынша үздіктерді таңдады, ал "Көрермендер көзайымы" номинациясының жеңімпазын көрермендер анықтады.

Еске сала кетейік, фестиваль 20 ақпанда Республика даңғылында орналасқан "Астана" галереясында өтті, бұл шара биыл үшінші рет ұйымдастырылды. Annual Students Film Festival 2015 - бұл шығармашылық жоба, фестиваль ұлы кинорежиссер, актер әрі халық әртісі Шәкен Аймановтың туған күніне орай жылда ұйымдастырылады. Фестивальде Назарбаев Университетінің студенттері түсірген қысқаметражды фильмдер мен роликтер көрсетіледі, басты тақырып - "Әлеуметтік даму: Ұлтты тәрбиелеу".