Бала Нұрсұлтанның рөлінде ойнаған актер: Халқымыздың асылдары мен абыздарын сомдау - үлкен арманым

05 Желтоқсан, 15:34
0
Фильм кадры
Фильм кадры

Режиссер Рүстем Әбдірашев түсірген "Балалық шағымның аспаны" көркем фильмінде Президенттің балалық шағын ойнаған кішкентай актер Елжас Әлпиев "Жетісу" газетіне берген сұхбатында рөлге қалай таңдалғаны, түсірілім кезіндегі қызықтары және армандары жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Елжас қазір Іле ауданы, Боралдай ауылында тұрады, 8-сыныпта оқып жүр. 

"Мен өзім ата-анамның көптен күткен жалғыз баласымын. Ол кезде балабақшаға барып жүрген бес жастағы бала едім. Елбасының сәби шағын ойнау бақыты бұйырғаны үшін ең алдымен анам Кенжегүл мен әкем Нұрқайдарға алғыс айтуым керек шығар. "Қазақфильм" киностудиясында Тұңғыш Президентіміз жайлы көркем фильм түсірілетіні жайлы, онда Нұрсұлтан Әбішұлының кішкене кезін сомдайтын балаға кастинг жарияланғанын естіп, мені сонда апарыпты. Онда көп жайды түсіне бермеймін, өзім сияқты көптеген баламен бірге үш күн  бойы аға-апайларымның алдынан өткенім есімде. Солардың арасында кино режиссері Рүстем Әбдірашев болғанын кейін білдім", - деді ол сұхбатында.

Сондай-ақ, кішкентай актер рөлге таңдалғаны жайлы хабарды естігенде қалай қуанғанын айтты.

"Кастинг біткеннен кейін "Қатысқандарыңызға рақмет. Өзіміз хабарын береміз!" деп шығарып салды. Араға уақыт салып Рүстем аға өзі телефон шалып, мені бала Нұрсұлтан - Сұлтанның рөлін ойнауға таңдап алғандарын жеткізді. Сондағы әке-шешемнің қалай қуанғаны әлі күнге дейін көз алдымда", - дейді ол.


Фильм кадры

Елжас бес жасар бала болғандықтан ол кезде актерлік өнер, шеберлік туралы білмегенін жасырмады. 

"Кино түсірушілерге аз қиындық әкелмеген болуым керек. Айналаңдағы қаптаған адамдар, камералар, жарық қондырғылары көңіліңді алаңдата береді. Оларға үйрену үшін де біраз уақыт кетті. Бірақ режиссер Рүстем аға, анам мен кино мамандары үнемі қасымда болып, бала Сұлтанның бейнесіне енуіме көмектесті.  Осылайша ақпан айында қысқы көріністерді түсіріп, содан кейін мамырдан жыл аяғына дейін толық аяқтап шықтық. Түсірілім Елбасының туған жері - Үшқоңыр жайлауында жүргізілген еді", - деп еске алды ол түсірілім жұмыстарын.

Кішкентай актер алдағы уақытта фильмге түсуге ұсыныс түсіп жатса қуана-қуана келісетінін айтады. 

"Әрине, шақырып жатса киноға түсуге қарсы емеспін. Алайда әзірше ондай ұсыныстар болмай тұр. Өнер институтына түсіп, актер мамандығын меңгерсем деймін. Халқымыздың асылдары мен абыздарын сомдау - үлкен арманым!", - деді Елжас Әлпиев.

Айта кетейік, "Балалық шағымның аспаны" - 2011 жылы режиссер Рүстем Әбдірашевтің Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық және жастық шағы жайында түсірген көркем фильмі, көпсериялы "Көшбасшы жолы" киноэпопеясының бірінші бөлімі. 

Получить короткую ссылку


Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай