04 ақпан 2015 10:50

Қазақ хандығының 550 жылдығы: Жәнібек пен Керей туралы мультфильм түсіріледі

ПОДЕЛИТЬСЯ

Керей мен Жәнібек хандарға арналған ескерткіш. ©Otyrar.kz Керей мен Жәнібек хандарға арналған ескерткіш. ©Otyrar.kz

Қазақ хандығы туралы "Қазақ елі" анимациялық фильмінде Жәнібек пен Керей хандардың бала кезі көрсетіледі. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің ресми сауалына ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауабында айтылды. Ведомствоның мәліметінше, мультфильмнің жұмыс атауы - "Ел Аманат".


Қазақ хандығы туралы "Қазақ елі" анимациялық фильмінде Жәнібек пен Керей хандардың бала кезі көрсетіледі. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің ресми сауалына ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауабында айтылды. Ведомствоның мәліметінше, мультфильмнің жұмыс атауы - "Ел Аманат".

375 миллион теңгеге түсірілетін көпсериялы картина Қазақ хандығы жылнамасындағы маңызды тарихи кезеңдер туралы болады. Оның ішінде Керей мен Жәнібек хандардың балалық және жастық шақтары, олардың хандық құру кезеңі, әз Тәукенің "Жеті жарғысы", Абылай хан, үш би, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай батырлар сияқты тарихи тұлғаларды жан-жақты суреттеу жоспарланған. Сонымен қатар, бұл отандық анимациялық фильмді көрерменге 2D және 3D форматтарында ұсыну көзделіп отыр.

Сонымен қатар, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері "Қазақ хандығы" балетінің қойылымы туралы жоспарымен бөлісті. Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта отандық шеберлер жасап жатқан туынды Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында қойылады. Мұнымен бірге, тағы екі спектакль - "Керей-Жәнібек" және "Қазақ елі" қойылымдары ұсынылады. Керей мен Жәнібек хандар туралы "Қилы жол" атты пьесаны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург Жабал Ерғалиев жазған. Пьеса Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қойылады. Қазіргі уақытта іріктелген қойылым тобы спектакльді дайындау жұмысына кірісті. Ал жазушы-драматург Тахауи Ахтановтың "Қазақ елі" тақырыбына арналған "Ант" тарихи драмасының премьерасын Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры наурыз айында өткізуді жоспарлап отыр. Сахналық туындыда қазақ елінің тағдыры үшін күрескен ерлердің батырлығы, ойраттарды ойсырата жеңген "Ақтабан шұбырынды" шайқасы және Ресейге қосылу кезеңдері көрсетіледі. Бұл мақсаттарға 68 миллион теңге жұмсалады деп жоспарланып отыр. Бұған қоса, 26 ақпан күні Абай атындағы академиялық опера және балет театрында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Брусиловскийдің "Ер Тарғын" операсы көрсетіледі. 

Еске сала кетейік, тағы 150 миллион теңге "Ұлы көш" картинасын жасауға жұмсалады. Шенеуніктер бұл туындының Қазақстан тарихының кезеңдері, Қазақ хандығының құрылуы, тәуелсіз Қазақстан, ұлы тұлғалар және тарихи оқиғалар қамтылатын көлемді туынды триптих түрінде салынып, оның Астанадағы Ұлттық мұражайдың экспозициясынан орын алатынын атап өтті.

Мұнымен қатар, ведомство өкілдері 106,6 миллион теңгенің Ілияс Есенберлиннің "Көшпенділер" трилогиясын басып шығаруға жұмсалатынын айтты. Жазушының Қазақ хандығы туралы кітабы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде VIP басылым түрінде 18 мың данамен шығып, мерекелік іс-шаралар барысында таратылады. Кітаптар Қазақстанның шетелдерде орналасқан елшіліктері мен әлемнің ең ірі кітапханаларына тегін берілмек.

Еске салайық, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы кең көлемде тойланады. Мерейтойды тойлауға жұмсалатын жалпы шығын көлемі 22,79 миллиард теңгеден асады. Негізгі мерейтойлық шаралар Тараз қаласында өтеді. 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.26   490.7   4.83 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети