Адвокат Бишімбаевтың неліктен қоныс колониясына ауыстыруды сұрағанын түсіндіріп берді

29 Желтоқсан 2018, 09:45
0
Адвокат Бишімбаевтың неліктен қоныс колониясына ауыстыруды сұрағанын түсіндіріп берді -

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Мәди Мырзағараев қорғалушысының неліктен қоныс колониясына ауыстыруды сұрағанын түсіндіріп берді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.

Адвокат бұл өтініштің заңға сәйкес екенін айтады.

"Біз тек оған заң бойынша тиесілі өтініш жасадық. 2018 жылдың 12 шілдесінде "Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру" туралы заңға қол қойылды. Осы заңға сәйкес, белгілі бір жағдайларда қылмыстардың кейбір категориясы жеңілдетіледі. Яғни мекеме түрі, ондағы қауіпсіздік деңгейі минимал болады. Бишімбаев "Пара алу" бабы бойынша сотталған болатын. Бұл бап осы заңға сәйкес келіп тұр. Ондағы шарт шығынды толықтай өтеу керек. Біздің жағдайда шығын толықтай өтелді. 189-бап бойынша да, 366-бап бойынша да. Осыған байланысты біз мекеме түрін өзгерту туралы өтініш жасадық", - дейді адвокат.

Мырзағараев экс-министрдің қазіргі уақытта максимал қауіпсіздік деңгейі мекемесінде екенін айтып өтті. Айтуынша, онда қауіпті қылмыскерлер, экстремистер, лаңкестер, сондай-ақ, адам өлтіргені үшін және педофилизм үшін сотталғандар жазасын өтеп жатыр.

"Өздеріңіз түсінесіздер ғой, экономикалық немесе жемқорлық қылмыс үшін сотталғандар ауыр қылмыс бойынша сотталғандарға қарағанда қоғамға аса қауіп төндірмейді. (...) Сол себепті де соттан мекемені өзгертуді сұрадық. Заң бойынша солай жасалуы керек болғандықтан, осындай өтініш жасадық", - деп түсіндірді адвокат.

Кеше, 28 желтоқсанда сотталған экс-министр қоныс колониясына ауыстыруды сұраған болатын. Бишімбаев сот отырысына видеобайланыс арқылы қатысқан еді. Бірақ өтінішті қарау мерзімі бүгінге, 29 желтоқсанға ауыстырылған болатын.

Қуандық Бишімбаевтың коттеджі ауыл әкімдігіне беріледі

Еске салайық, тамызда бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы колониядан Шымкенттегі колонияға ауыстырылған болатын. "Бұл максимал қауіпсіздік мекемесі, яғни, қатаң тәртіптегі режим, шамамен 500 адам болады. Ғимарат 1976 жылы пайдалануға берілген болатын", - деп мәлімдеген еді ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінің қызметкері Ғалымжан Хасенов.

Биыл 14 наурызда Қуандық Бишімбаев 10 жылға сотталған болатын. "10 жылға бас бостандығынан және өмір бойына мемлекеттік қызметтерде басшы лауазымдарында жұмыс істеу құқығынан айырылсын. Жазасын максималды қауіпсіз мекемеде өтесін, сондай-ақ, мүлкі тәркіленсін", - деп оқыған еді үкімді судья Әділхан Шайхисламов.

Бишімбаевтың коттеджіндегі сауна қалай өзгерді

2016 жылдың 30 желтоқсанында ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеу шаралары жүріп жатқаны белгілі болған еді. ҚР СІМ басшылық құрамымен кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев Қуандық Бишімбаевтың қызметтен босатылғанын мәлімдеген болатын.

"Бишімбаев топ болып, алдын ала келісім жасау арқылы аса ірі көлемде бірнеше рет пара алып отырған. Заңсыз алған қаражатты Бишімбаев өз қажетіне жаратқан", - деп хабарлаған еді Антикоррупция қызметінің өкілдері.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай