Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Алматыдағы атысқа қатысты алғаш рет пікір білдірді. Оқиға кезінде бес адам қаза тапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Алматыдағы атысқа қатысты алғаш рет пікір білдірді. Оқиға кезінде бес адам қаза тапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Агенттік оларға атқыштың әйелі Анаида Демирчяннан биыл мамыр және шілдеде екі өтініш түскенін мәлім етті. Агенттік тексеру жүргізген.
"Биыл маусымда агенттік тиісті ақпарат пен құжаттарды талап ете отырып, банкке құжаттық тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша өтініш беруші 2012 жылғы тамыздан бастап қарыз бойынша міндеттемелерді орындауды тоқтатқан заңды тұлғаға банк берген қарыз бойынша ортақ кепіл беруші екені анықталды. Осыған байланысты банк борышкерден берешекті сот тәртібімен өндіріп алу туралы шешім шығарған. 2013 жылдан бастап 2015 жылға дейінгі кезеңде банктің заңды тұлға мен Демирчянға (кепіл беруші) Алматы қаласының аудандық соттарының шешімімен берешекті өндіріп алу туралы талап арыздары қанағаттандырылды", - делінегн агенттіктің редакцияға берген ресми жауабында.
Сондай-ақ, сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы заңға сәйкес мемлекеттік органдардың сот талқылауы шеңберінде қаралған немесе қаралатын мәселелер бойынша араласуға және шаралар қабылдауға құқығы жоқ екенін түсіндірді.
"Демирчянның өтініштерінде көрсетілген мәселелер бойынша сот шешімдері бар, сондықтан агенттіктің сот шешімдерін қайта қарауға немесе сот жүйесіне басқаша араласуға, іс-әрекеттерге баға беруге немесе сот процесіне қатысушылардың іс-әрекеттеріне түсініктеме беруге құқығы жоқ. Қазіргі уақытта атқарушылық іс жүргізу саласындағы уәкілетті орган Әділет министрлігі саналады. Осыған байланысты агенттік өтініштерде баяндалған мәселелерді шешу үшін Демирчянға Әділет министрлігіне жүгінуді ұсынды", - деді агенттік өкілдері.
Агенттік олар өтініш берушінің атынан банкке проблемалық қарызды қайта құрылымдау туралы өтініш бергенін айтты.
"Агенттіктің ұсынымын орындау үшін банк Демирчянға міндеттемелерді ерікті түрде орындау және борыштың қалдығын тең үлестермен төлей отырып, берешектің кемінде 10 пайызын енгізу туралы келісім жасасуды ұсынды. Банктің ақпараты бойынша, Демирчян қарызды реттеудің осы нұсқасын қолданбаған", - делінген қаржы реттеушісі жауабында.
Сондай-ақ, агенттік банк мүлікті екі есе төмен бағалады деген жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Аудандық соттың шешімінде аукционда кепілге берілген жылжымайтын мүлікті сатудың бастапқы бағасы 184,6 миллион теңге деңгейінде белгіленді. Сауда-саттықты жеке сот орындаушысы 2017 жылғы наурыз және сәуірде өткізді, бірақ әлеуетті сатып алушылар болмауына байланысты сату болмады. Сауда-саттық өткізілмегендіктен, тұрғын емес үй-жай тыйым салынған мүлікті өткізу қағидаларында көзделген тәртіппен кепілге берілген жылжымайтын мүліктің бастапқы сату құнының 48 пайызына сату бағасын төмендете отырып, "Банк ЦентрКредит" АҚ-тың меншігіне өтті. Осыған байланысты Бағаналы шағын ауданындағы тұрғын емес үй-жайды "Банк ЦентрКредит" АҚ 96 миллион теңге бағамен сатып алды", - деді агенттік өкілдері.
Агенттік жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін оқиғаның себептерін зерттеуді жоспарлап отыр ма деген сұраққа ұйым бұл бағытта жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті сатуға, сондай-ақ азаматтарды тұрғын үйден шығаруға байланысты қатынастар әртүрлі заңнамалық және нормативтік құқықтық актілермен, оның ішінде Азаматтық кодекспен, Азаматтық іс жүргізу кодексімен, атқарушылық іс жүргізу, тұрғын үй қатынастары, жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы заңдармен, сондай-ақ нормативтік Әділет актілерімен реттеледі.
Еске салайық, оқиға 20 қыркүйекте кешке болған, шамамен сағат 17.20-да Ақбұлақ шағынауданындағы үй иесінің бірі аңшы мылтығынан оқ атқан. Куәгерлердің айтуынша, атыс бір минут ішінде болған.
Алматылық атқыш бес адамды өлтірді. Қаза болғандар арасында екі полиция қызметкері, сот орындаушысы, сондай-ақ үйдің жаңа иесі мен куәгер бар. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты.
Алматыдағы атыс: оқиға орнынан суреттер жарияланды
Полицейлер бес адамды атып өлтірген күдіктіні ұстады. Бұл сәтті куәгерлер видеоға түсіріп алған. Ол - 1997 жылдан бері осы жерде тұратын 54 жастағы үйдің қазіргі иесі. Оның кінәсі дәлелденсе, ер адам 20 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Кейін үйге қатысты дау несие төлемегендіктен туындағаны белгілі болды. Үй банкке кепілге алынған. Кейін үй банк меншігіне өтіп, одан кейін жеке адамға сатылған. Жеке сот орындаушылар палатасы борышкерге үйді босату керегін 2020 жылдан бері бірнеше рет хабарланғаны айтылды.
Осы оқиғадан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА), Алматы әкімдігі, банк омбудсманы, банктер және қоғамдық бірлестіктер арасында ипотекалық қарыздар бойынша жалғыз тұрғын үйді сатуды және одан халықтың әлеуметтік осал топтарын шығаруды тоқтата тұратын өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!