Шетелдік азамат күтпеген жерден даулы оқиға кейіпкеріне айналды. Оның суреті алимент төлемей жүрген қазақстандық туралы жазбаларда рұқсатсыз пайдаланылған. Tengri Life ІІМ бұл жағдайға қатысты не дейтінін және мұндай жарияланым авторлары қандай жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін анықтап көрді.
Неден басталды?
Әлеуметтік желіде бір әйелдің әртүрлі аккаунттан жариялаған болуы мүмкін жазбалары пайда болды. Онда автор Асқар есімді бұрынғы күйеуін алимент төлеуден жалтарып жүр деп айыптайды.
Жазбалардың бірінде әйел ер адам алаңсыз өмір сүріп жатқанын және балаларына көмектеспейтінін айтады.
"Таныстары оның қандай адам әрі қандай әке екенін көрсін деп суретін жарияладым. Күнде клубтар мен табиғат аясында демалады, бірақ өз балаларына бір тиын да жібермейді, тіпті азық-түлік алып беруден бас тартады", - дейді автор.
Кейін тағы бір жазба жарияланды. Авторы бұрынғы күйеуінің үстінен полицияға арыз жазғанын, ал аккаунты ер адамның келісімінсіз суретін жариялағаны үшін уақытша бұғатталғанын айтты.
"Бұрынғы күйеуім суреті мен хаттарымызды жариялағаным үшін үстімнен арыз жазды. Оның рұқсатынсыз суреттерін салғаным үшін аккаунтым уақытша бұғатталды. Мен бұған амалсыздықтан бардым. Сот шешімі болса да, ол бірде-бір рет алимент төлеген емес", - деді автор.
Суретте мүлдем басқа адам болып шықты
Кейін жарияланған суреттердегі адам Асқар есімді қазақстандық емес екені белгілі болды.
Суреттер Николай есімді шетелдік азаматқа тиесілі болып шықты. Ол өзін кездейсоқ бөтен біреудің оқиғасынан көріп қалғанын айтты.
"Қазақстандық пабликтерде менің Instagram-парақшамнан алынған сурет тарап жүр. Бірден айтайын: менің Қазақстанға ешқандай қатысым жоқ және ол жақта ешқашан болған емеспін. Суретімді ұрлап алып, түсініксіз мақсаттарда пайдаланып жатыр. Бұған сенбеңіздер! Бұл әлдебір алаяқтардың ісі, олардың не көздегені белгісіз. Мүмкіндік болса, осы ақпаратты таратыңыздар. Өзгелердің суретін ұрлап, астына неше түрлі жаман сөздер жазатындардың жазаланғанын қалаймын", - дейді ол.
Оның айтуынша, суретті Instagram-нан рұқсатсыз алып, пайдаланған.
ІІМ не дейді?
Біз Ішкі істер министрлігіне сауал жолдадық. Ведомство бұл дерек бойынша әзірге ешқандай арыз түспегенін хабарлады. Дегенмен, егер шағым түссе, полиция тексеру жүргізеді.
"Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдарына арыз түскен жоқ. Тиісті арызбен жүгінген жағдайда, заңнамада белгіленген тәртіппен тексеру жүргізіледі. Оның қорытындысы бойынша қатысы бар тұлғалардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі", - деп хабарлады ІІМ.
Сондай-ақ министрлік интернетте жалған ақпарат тарату әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті.
"Қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін туғызатын немесе азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне айтарлықтай зиян келтіретін көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бап санкциясы бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны көздейді. Сонымен қатар тұлғаның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе іскерлік беделін түсіретін көрінеу жалған мәліметтер таратылса ӘҚБтК-нің 73-3-бабы бойынша жала жапқаны үшін әкімшілік жауапкершілік туындауы мүмкін", - деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Қандай жауапкершілікке тартылуы мүмкін?
Жарияланым мән-жайына байланысты құқық қорғау органдары авторлардың іс-әрекетін бірнеше бап бойынша саралауы мүмкін:
- ӘҚБтК-нің 73-3-бабы - жала жабу;
- ӘҚБтК-нің 456-2-бабы - интернетте жалған ақпарат орналастыру және тарату;
- ҚК-нің 274-бабы - көрінеу жалған ақпарат тарату.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, 73-3-бап (жала жабу) бойынша жеке тұлғаларға 160 АЕК (692 000 теңге) айыппұл немесе 15 тәулік қамауға алу, ал лауазымды тұлғаларға 550 АЕК (2 378 750 теңге) айыппұл немесе 20 тәулік қамау жазасы қолданылады.
Егер жалған мәліметтер жария түрде, БАҚ-та немесе әлеуметтік желілерде жарияланса, жаза қатаяды: жеке тұлғаларға салынатын айыппұл 180 АЕК-ке (778 500 теңге), ал шенеуніктер үшін 650 АЕК-ке (2 811 250 теңге) дейін артады. Бұл ретте қамауға алу мерзімі тиісінше 20 және 25 тәулікке дейін ұзарады.
ӘҚБтК-нің 456-2-бабына (желідегі жалған ақпарат) келетін болсақ, ол бойынша лауазымды тұлғаларға, шағын бизнеске және ҮЕҰ-ға 30 АЕК (129 750 теңге) айыппұл салынады. Орта бизнес үшін бұл сома 50 АЕК-ке (216 250 теңге), ал ірі кәсіпорындар үшін 100 АЕК-ке (432 500 теңге) дейін жетеді.
Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша фейк ақпарат таратқаны үшін 1 000 АЕК-ке (4 325 000 теңге) дейінгі мөлшерде ірі айыппұл, 400 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.
Егер жалған ақпарат БАҚ-та, әлеуметтік желілерде немесе онлайн-платформаларда жарияланса, жаза күшейтіледі: айыппұл 3 000 АЕК-ке (12 975 000 теңге) дейін өседі, қоғамдық жұмыстар мерзімі 800 сағатқа дейін ұзарады, ал бас бостандығынан айыру немесе шектеу мерзімі үш жылға дейін болуы мүмкін.
Сонымен қатар ІІМ жекелеген жағдайларда құқықбұзушылардың әрекеттері Қылмыстық кодекстің басқа да баптарына, мысалы, жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу, дербес деректерді заңсыз тарату немесе араздықты қоздыру баптарына сәйкес келуі мүмкін екенін атап өтті.
Осыған ұқсас жағдай таяуда Жамбыл облысының Шу аудандық сотында қаралды. Онда екі көрші TikTok-тағы жарияланым үшін соттасты. Жергілікті тұрғын әлеуметтік желіге көршісінің беделіне нұқсан келтіретін жалған мәліметтен тұратын ролик жүктеген.
Тағы оқыңыз: Зейнеткер WhatsApp-та жазған хаты үшін 500 мың теңгеге жуық айыппұл арқалады
Пікірлерді оқу