Қытайда "Қара айна" (Black Mirror) сериалының сценарийіне лайық оқиға болды. 80 жастағы зейнеткер бір жылдан астам уақыт бойы бақилық болған ұлымен бейнебайланыс арқылы сөйлесіп келеді. Қарт ананың жүрегі сыр бермеуі үшін туыстары жол апаты болғанын жасырып, марқұмның орнына оның дауысы мен мимикасын айнытпай салатын жасанды интеллект аватарын қолданған, деп хабарлайды Tengri Life тілшісі South China Morning Post-қа сілтеме жасап.
ЖИ-көшірме қалай пайда болды?
Қайғылы оқиға 2025 жылдың басында болған. Қарт әйелдің ұлы жол апатынан қаза табады, бірақ отбасы бұл фактіні жасыруды ұйғарады. Туыстары жүрегі ауыратын зейнеткер баласының қазасы туралы хабарды көтере алмайды деп қорыққан.
Марқұмның ұлы тәуекелге бел буып, жасанды интеллект мамандарына жүгінеді. Әкесін цифрлық кеңістікте "тірілту" үшін ол нейрожеліге фотосуреттер, бейнежазбалар мен аудиожазбалардан тұратын үлкен архивті тапсырған.
Олар не туралы сөйлеседі?
Қазіргі уақытта виртуалды "ұлы" анасымен күн сайын қосымша арқылы бейнебайланыспен сөйлеседі. Басылым мәліметінше, олардың әңгімесі ата-ана мен бала арасындағы әдеттегі қарым-қатынас сияқты өрбиді.
Әйел оған жылы киініп, жақсы тамақтан, көшеде абай бол деп кеңес береді. Сондай-ақ сағынғанын айтып, жиірек хабарласуын сұрайды.
Бұған жауап ретінде ЖИ-көшірме басқа қалада жұмыс істеп жатқанын, қолы тимей жүргенін айтып түсіндіреді, сирек хабарласқаны үшін кешірім сұрап, жеткілікті ақша жинаған соң үйге оралуға уәде береді.
Желідегі реакция
Бұл оқиға қытайлық әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырды. Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды: бірі бұл технологияны жүректі тебірентерлік және қайғыны жеңілдетудің жолы деп санаса, басқалары, керісінше, алдау деп есептейді.
"Бұл өте әсерлі. Жасанды интеллект арқылы жасалған ұл - жанашырлықпен айтылған өтірік", "Қандай тамаша өнертабыс! Мен де әкемді осылай тірілткім келер еді", "Мен бұл отбасының әрекетін қолдамаймын. Анасын ұзақ уақыт бойы алдап келген. Шындық ашылғанда, бұл оған бұдан да ауыр соққы болады ма деп қорқамын", - деді пікір қалдырушылар.
Отбасы мүшелерінің кім екені айтылмайды, бірақ әйелдің әлі күнге дейін ұлының қазасынан бейхабар екені белгілі.
Тағы оқыңыз: "Әжеңізге Брэд Питт хабарласуы мүмкін": қазақстандықтар жаңа ЖИ-алаяқтықтан қалай қорғануы керек?