Қазақстанда QR-кодты сканерлеу арқылы криптовалютамен төлем жасау мүмкіндігі пайда болады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов пен премьер-министрдің орынбасары – цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бас банк басшысының айтуынша, мұндай жоба Ұлттық банктің реттеушілік "құмсалғышы" аясында іске асырылып жатыр.
"Қазір бұл жүзеге асырылды. Менің түсінуімше, сөз шамамен 5000 орын туралы болып отыр. Негізінен олар Астана мен Алматыда орналасқан, бірақ алдағы уақытта желі кеңейеді", - деді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысының айтуынша, басқа да бірқатар банк осындай шешімдер бойынша жұмыс істеп жатыр.
"Болашақта олар бірыңғай QR-дың бір бөлігі болуы мүмкін", - деп атап өтті ол.
Сондай-ақ Сүлейменов жақында бірыңғай QR-код енгізілетінін айтты:
"Естеріңізге сала кетейін, 18 шілдеге дейін біз бірыңғай QR-ды енгізуіміз керек. Ол банктер үшін ғана емес, төлем ұйымдары мен криптоәмияндар үшін де болады. Бұл туралы сәл кейінірек айтамыз".
Премьер-министрдің орынбасары – цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, бұл криптокомпанияларды, криптобиржаларды және екінші деңгейлі банктерді байланыстыруға мүмкіндік беретін технология екенін нақтылады:
"Қарапайым тілмен айтсақ, бұл криптокомпаниялар мен криптобиржаларда бар төлем технологияларының бір түрі. Мұндай шешімдер екінші деңгейлі банктермен интеграцияланып, крипто-фиаттық шлюздер немесе крипто-фиаттық арналар құра алады".
Оның айтуынша, осындай арналар арқылы криптовалюта, фиаттық ақша және стейблкоиндар нақты уақыт режимінде конвертациялана алады.
"Мұндай арналар арқылы криптовалютаны фиатқа, фиатты криптовалютаға, сондай-ақ стейблкоиндарды нақты уақыт режимінде еркін конвертациялауға болады", - деді министр.
Мәдиев мұндай интеграция бағдарламалық қамтамасыз ету деңгейінде жүріп жатқанын және банк терминалдары желісіне енгізіліп жатқанын қосты.
"Болашақта мұндай өнімдер көбейе түседі деп ойлаймын. Карталар да, басқа да төлем құралдары пайда болады. Бұл қандай да бір аумақпен шектелмейді, өйткені реттеуші режим мұндай технологиялық төлем шешімдерін енгізуге мүмкіндік береді", - деді ол.
Криптовалюта көмегімен төлем жасау және бірыңғай QR-код
Бұған дейін Қазақстан Ұлттық банкі криптокарталар жобасы іске қосылғаны туралы хабарлаған болатын. Олардың көмегімен "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) лицензияланған криптобиржаларындағы әмиянда сақталған криптовалюта есебінен төлем жасауға болады. Төлем жасау кезінде криптоактивтер АХҚО криптонарығында автоматты түрде сатылады, ал ақша банктік картаға түседі.
Мамырда Қазақстанда криптовалютаның қалай заңдастырылғанын және пайдаланушылар үшін не өзгергенін егжей-тегжейлі талдаған болатынбыз. Сол кезде сарапшылар криптовалютамен тікелей төлем жасауға әзірге тыйым салынғанын, бірақ криптокарталар мен крипто-фиаттық интеграция цифрлық активтерді банктік төлем инфрақұрылымы арқылы пайдалануға мүмкіндік беретінін түсіндірген.
Бірыңғай QR-код жобасы бөлек дамып келеді. 3 шілдеде Ұлттық банк бірыңғай QR-кодты кезең-кезеңімен кеңейту 7 шілдеден басталатынын, ал толыққанды іске қосу 2026 жылғы 19 шілдеге жоспарланғанын хабарлады. Жүйе клиенттерге сатушыда қай банктің QR-коды орнатылғанына қарамастан, өз банкінің қосымшасы арқылы сатып алуларға төлем жасауға мүмкіндік беруі тиіс.