Реклама +7(700) 388 81 09
  1. Басты
  2. Біл
  3. Техно
  4. Денсаулық

Қазақстанда оңалтуды қажет ететін балаларға қандай көмек көрсетіледі? 23 мамыр 2022, 11:29

Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда 160 мыңнан аса ерекше бала тіркелген, олардың көбі тұрақты оңалтуды қажет етеді. Алайда олардың бәріне
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Vkontakte
  • Facebook
  • Twitter
  • Одноклассники
  • Telegram
Новостью поделились: человек
  • Қате таптыңыз ба?

Сурет: Tengrinews.kz мұрағатынан Сурет: Tengrinews.kz мұрағатынан

Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда 160 мыңнан аса ерекше бала тіркелген, олардың көбі тұрақты оңалтуды қажет етеді. Алайда олардың бәріне ем-дом көрсететін Қазақстанда қанша оңалту орталығы бар? Олар қанша балаға дейін тұрақты қабылдай алады? Орталықтарда балаға қандай көмек көрсетіледі? Осы және өзге де сұрақтарға Tengrinews.kz тілшісіне Балаларды оңалту ұлттық орталығы директорының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Жолтай Дәрібаев жауап берді. 

Қазақстанда ерекше күтімді қажет ететін балаларды оңалтуға арналған 40 орталық бар. Олардың барлығында 3783 төсек-орын қарастырылған. Жолтай Дәрібаевтың сөзінше, оңалтудан өтетін балалар орталықтарға әр түрлі ұзақтыққа келіп жатады.

"Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласындағы балаларды оңалтудың ұлттық орталығында оңалту ұзақтығы 25 күн, Алматыдағы "Балбұлақ" Республикалық балаларды оңалту орталығында 27 күн, ал кейбір орталықтарда 12-ден 15 күнге дейін", - дейді ол.

Осы 3783 орынға балалар әрбір айналым сайын келіп, оңалту ем-шараларын қабылдай алады. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Балаларды оңалтудың ұлттық орталығына әр айналымға, яғни 25 күнге, 300 бала келе алады, жылына 14 айналым болса, 4200 баланы қамтиды. Сол сияқты әрбір орталық осылай төсек орнының санына және айналымның ұзақтығына байланысты балаларды қабылдай алады.

Жолтай Дәрібаевтың сөзінше, толық статистиканы беру мүмкін емес, бірақ орта есеппен алғанда 3783 орында жылына 18 айналым болса 68 094 бала стационарлық ем ала алады деп есептеуге болады. Бұл ретте бір айналымды орташа 20 күн десе болады.

"Одан басқа әрбір бала өз облысындағы осы көрсетілген 40 оңалту орталығында ғана емес сонымен қатар, көпсалалы ауруханалардың оңалту бөлімшелерінде тек стационарлық емес, амбулаторлық та оңалту ем-шараларын қабылдай алады. Ол жыл бойы үзбей жүргізілуі де мүмкін.

Осы жағдайды ескерсек, мүгедектігі бар балалар тек Алматы мен елордаға барып емес, өзі тұратын мекенжайдағы орталықтарда да оңалту емін алып жатыр деп айтсақ болады", - деді маман.

Орталықта балаларға қандай көмек көрсетіледі? 

Науқас балалармен көп жыл бойы жұмыс істеп жүрген Жолтай Дәрібаевтың сөзінше, бала денсаулығының оңалуы маманның мүмкіндігінше ертерек іске кірісуіне байланысты. Яғни, сырқатты ерте бастан диагностикалау және оған қажетті емдеу-оңалту шараларын бірден бастап кету - жақсы нәтижеге қол жеткізудің, аурудың асқынуын алдын алудың басты шартының бірі.

"Оңалтуға мұқтаж балалар мультимамандар тобының (реабилитолог дәрігер, профильдік мамандар, учаскелік дәрігер, басқа да мамандар) бақылауында бола отырып қажетті ем-шаралар кешенін уақытылы алып отыруы керек. Балаға жасалатын емдік-оңалту шараларының барлығы ағзаның өмірлік әлеуетін барынша сақтау, жетіспеген мүмкіндіктердің орнын толтыру, басқа мүмкіндіктермен алмастыру бағытында жүргізілуі тиіс", - деді ол.

Маман қазіргі таңда қолданылып жүрген және еліміздің денсаулық саласында кеңінен енгізуге атсалысып жүрген ӨДХК (Өмірлік дағдылардың халықаралық классификациясы) шкалалары бойынша бағалауды енгізу - мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерді оңалтуда жан-жақты жұмысты жоспарлап, жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін көріп отырғанын айтты.

"Осындай қолға алынып, атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесінде балаларды оңалту саласына нақты үлесімізді алда да көптеп қосамыз деген сенім бар", - дейді ол. 

 Жолтай Дәрібаев оңалту қандай шаралардан тұратынын айтты.

"Медициналық шаралар (емдік дене шынықтыру - кинезотерапия, механотерапия, роботталған кинезотерапия, суда жүзіп жасалатын гидрокинезотерапия, дәрі-дәрмектер - ботулинотерапия, әр түрлі физиотерапиялық шаралар - токпен емдеу, жылымен, ыстықпен емдеу, магнитпен, ультрадыбыспен, сәулемен, сазбен және тағы да басқаша емдеу, эрготерапия - тұрмыстық және еңбекке жарамдылығын арттыру тәсілдері, БОС - биологиялық кері байланыс);

педагогикалық-психологиялық ем-шаралар (логопедиялық массаж, логоритмика, психологиялық ем-шаралар, Монтессори педагогика, музыкотерапия, игротерапия, дефектология, инклюзив білім-беру және басқалады);

әлеуметтік бейімдеу (ортездеу, әртүрлі шеберханалар, автодром, агро-ароматерапия және басқалары)", - деп түсіндірді ол.

Маман балалар мемлекеттік оңалту орталықтарында ақысыз емделетінін айтты.

Айта кетейік, Қазақстанда 2022 жылы мүгедектерге берілетін жәрдемақы мөлшері мынадай:

  • 1-топ - 69 155 теңге;
  • 2-топ - 55 108 теңге;
  • 3-топ - 37 459 теңге.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!



Join Telegram